Түркістандық оқушылар 16 мемлекеттен қатысқан үміткерлер арасында үздік атанды

Ресей Жаратылыстану ғылымдары Академиясы президиумы мен халықаралық ғылыми-зерттеу және шығармашылық жұмыстар конкурсын ұйымдастыру комитетінің «Ғылымға қадам» ХХІ-ХХІІ халықаралық ғылыми-зерттеу және шығармашылық жұмыстар конкурсына 16 мемлекеттен үміткерлер қатысқан. Білім сарапқа салынған халықаралық сайыста Түркістаннан арнайы барған Оқушылар сарайының шәкірттері мен жетекшілері есе жібермей, жүлделі орындардан табылды. Оқушылар үйінің директоры Индира Икапова Ресей Жаратылыстану ғылымдары академиясының «Отандық білімнің алтын қоры» ұлттық бағдарламасы бойынша «Білім берудегі озық жұмысы» үшін алтын төсбелгі және дипломымен марапатталды.

Қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков үздіктерді арнайы қабылдап, құттықтады:

— Жеткіншектеріміздің жеңісі — баршамызға зор мақтаныш. Мемлекетімізді әлемге танытатын өнер, спорт және білім салаларында киелі Түркістаннан түлеп ұшқан талай азаматтарымыз бар. Десек те, әр жеңістің арқасында еткен еңбек, төгілген тер жататынын білеміз. Осы ретте Оқушылар үйінің ұстаздар ұжымына ерекше алғысымды білдіргім келеді. Жеңісті күндеріміз көп болсын! – деп, тәлімгер ұстаздарға ізгі ниетін жеткізді. Оқушыларға ақ тілегін арнап, сый-сияпат тапсырды.

«Ғылымға қадам» халықаралық ғылыми-зерттеу және шығармашылық жұмыстар конкурсына ұсынылған «Математика әлеміндегі қазақтың ою-өрнектері», «HTML форматында веб-сайт құру», «CUBESAT спутниктерінің пайдалы жүктемесі», «Қосымша білім берудегі Unisat HUB-ның рөлі», «Қазіргі қоғамдағы әлеуметтік желілердің рөлі», «Қазақ халқының өлшем бірліктері» тақырыбындағы баяндамалар сарапшылардың қорытындысымен үздіктер қатарына қосылған.

Сонымен, таңдаулылардың санатынан көрінген бірді-екілі тақырыпты тілге тиек ете кетейік. Алдымен «Математика әлеміндегі қазақтың ою-өрнектері» мәселеге тоқталсақ, әдетте ою-өрнектің өзі математика десе біреулерге ғажайып жұмбақ секілді көрінуі мүмкін. Бұл расында жұмбақ емес, қайта біз түсінуге, білуге тиісті ғылым. Әлемдегі жан-жануар, адамзат түгелдей бір-бірімен мүлде ұқсамайтын келбетпен жаратылған. Адам болсын, әлде жан-жануар болсын, олардың әлпетіне зер сала қарасаңыз, барлығы да бір өстің бойында өз тепе-теңдігін сақтап тұрғандығын көресіз. Қарапайым мысал айтайын, сізге қарап тұрған құлынды суретке тартып, өзіңе қарап тұрған сол суреттің төбесінің дәл ортасынан бір нүкте, иегінің дәл ортасынан бір нүкте белгілеп екі нүктені  тұтастырсыңыз, бір түзу келіп шығады. Сол түзуді бойлатып суретті бүктейтін болсаңыз — екі көзі, екі құлағы, мұрнының екі танауы және аузының екі езуі, әрқайсысы бірінің үстіне бірі дәл келіп  беттесе кетеді. Міне, бұл түзу  математикалық өлшемдегі өс деп аталады. Біз, бұдан математика мен суреттің ішкі байланысының өте  тереңде екенін байқаймыз. Ал, қазақ ою өрнектерінің де қабысу, жанасу, беттесу сынды математикалық элементтері осы негізде барлыққа келгенін түсіну қиын емес.

Ою-өрнектердің бойында математикалық элементтердің болуы математика мен ою-өрнектің бір тұлғалы ғылым екенін дәлелдей түседі. Ою-өрнек көбінде не үшін қошқар мүйіз имек формасында болып келеді? Өйткені, онда математикалық өрнек элементтерінің, өрнек құлақша формасы мен  өрнек бүршікше формасының болатындығында. Математика — ақиқатты, нақтылықты, турашылдықты, шындықты жақтайтын ғылым. Егер бір парақ есебіңіздің бір санынан жаңылыс кетсе, онда еңбегіңіздің еш кеткені дей беріңіз.

 Міне, әже-апаларымыз математиканың осындай ең күрделі де, дәлдік қасиетінің элементін өрнекке ежелде-ақ сіңіре білген. Олар ою-өрнекті ең алдымен образды ойлау тәсілімен ойлап алып сосын өте дәлдікпен сызып, сызған сайын түрлендіру, құбылту арқылы көркі көз тартатын адамға әдемілік сезім бағыштайтын өреге жеткізген.

Қазір ою-өрнек көбейіп кетті, мұндай ою-өрнектердің көбі еліктеу мен өз білгенінше сызғандары екенін, өнерге жауапкерсіздікпен қарайтындардың қарабайыр дүниесі екенін көзіміз шалғанда ішіміз ашиды. Сондай өрнектерді ғылыми да нақ сезіммен сызылған өрнекпен салыстыра отырып зерделесеңіз, екеуінің арасында жер мен көктей парық бар екенін оңай аңғарасыз. Сондықтан, математикалық танымы жоқ нобаймен сызылған өрнектердің қашанда сапасыз шығатыны — табиғи құбылыс. Міне, осыдан біз өрнек пен математиканың қатынасының өте тереңде, өрнек пен математика сабақтасып жатқанын көре аламыз.

Ал «Қазақ халқының өлшем бірліктері» дегеніңіз – қазақ халқының тұрмыс-салт ерекшеліктеріне, кәсіптік қажеттілігіне байланысты қалыптасқан өлшем бірліктері. Қазақтардың көне заманнан бастау алатын халықтық өлшем жүйесіне ұзындық, қашықтық, аумақ, көлем, салмақ, уақыт, мезгіл өлшемі түрлері кіреді. Мысалы, «бір қыдыру жер», «түстік жер», «айшылық жол» деген сөз тіркестері қашықтықты білдіреді. Шығыс халықтарының көбісінде ең кіші салмақ өлшеміне арпа дәні алынған. Кейбір жазба әдебиеттерде сақталған мәліметтер бойынша арпа дәні алтын мен асыл тастардың салмағын теңеуге арналған қазыналық өлшем ретінде қолданылған. Оған қарағанда бір арпа дәні шамамен 45 мг болған. Басқа жерде осы арпа дәні ұзындық өлшемі ретінде де пайдаланылған. Ал арпаның алты дәнінің еніне тең өлшем бармақ деп аталған.

Сондай-ақ уақыт мөлшерін болжауға Күннің, Айдың немесе басқа да аспан шырақтарының көкжиекпен салыстырғандағы орны алынған. Егін шаруашылығымен айналысатын аймақтарда уақыт мөлшерін судың белгілі бір ыдыстан ығысып шығу мерзімі бойынша анықтаған. Жетілдіріле келе бұл ыдыстар су сағатына айналған. Мұндай бірліктердің басым көпшілігі адамның көзбен шамалауымен, жұмсалған күш сезімімен, белгілі бір қашықтықты жүріп өту мерзімімен мөлшерленген. Сондықтан халық арасында жылқыға байланысты «ат шаптырым жер», «бие сауым уақыт», «екі елі қазы» тәрізді қашықтықты, уақытты, қалыңдықты білдіретін өлшемдік мәні бар сөздер жиі айтылады. Халық арасында сұйықтықты (қымыз, шұбат, т.б.) сақтайтын көнек, жанторсық, торсық, мес, саба тәрізді мал терісінен жасалған ыдыстар сол сұйықтықтың мөлшерін шамалауға жиі қолданылған. Мысалы, торсыққа жеті – сегіз аяқ (литр) қымыз сыйса, местің сыйымдылығы екі жарым – үш торсыққа тең.

Заманында ата-бабаларымыздың кеңінен қолданған «қолдың қары» өлшемі ағылшын «ярдымен» шамалас. Ал Ресейде 17-20-шы ғасырларда қолданылып келген ағылшын футы (foot – табан) байырғы қазақ өлшемі «табанға» жуықтау келеді: «табан» өлшеміне қазақ табанның енін алса, ағылшын футы – табан тұрқына тең. Сондай-ақ ағылшынның дюйм (голландша – үлкен саусақ) өлшемі қазақ халқының байырғы «бармақ» өлшеміне («Бармақ елі қазы») сәйкес келеді. Орыстың «верстасы» мен қазақтың «шақырымы», орыстың «долясы» мен қазақтың «мысқалы», сондай-ақ ағылшынның «фунты» мен қазақтың «қадағы» шығу төркіні, атқаратын қызметі жағынан төркіндес, тектес деуге әбден болады.

Ұзындық өлшемдері

Қазақтарда бұл өлшем бірліктер: елі, бармақ, шынашақ, буын, алақан, тұтам, қарыс, сүйем, шынтақ, кез, құлаш деп аталады.

Елі — сұқ саусақтың еніне тең ұзындық бірлігі, шамамен 2 см тең өлшем. Қатар орналасқан екі саусақтың қалыңдығы — екі елі, үш саусақтың қалыңдығы — 3 елі, төрт саусақтың қалыңдығы — 4 елі болып аталады.

Буын – ортаңғы саусақтың ұшынан оның ортаңғы буынына дейінгі аралыққа тең ұзындық (шамамен 5 – 6 см) бірлігі. Сәулетті сарайлар мен түрлі ғимараттардағы ою-өрнектің мөлшері осы буынмен өлшенген. Ол тігін, киім пішу жұмыстарында да қолданылған.

Қадам – адамның бір адымына тең ұзындық (шамамен 60 – 70 см) бірлігі.

Құлаш – иық деңгейіне сәйкес кере созылған екі қол ұшының арасына тең ұзындық бірлігі.

Алақан — төрт еліден сәл үлкендеу өлшем, ашылған алақанның еніне тең.

Тұтам — таяқ немесе арқанды ұстап жұмылған жұдырықтың ені, шамамен 8-см-ге тең ұзындық, төрт еліден сәл үлкен.

Қарыс – толық жазғандағы бас бармақ пен шынашақ ұштарының арасына тең ұзындық (шамамен 19 – 20 см) бірлігі. Ол тұрмыста, құрылыс жұмыстарында пайдаланылған. Мысалы, киіз үйдің уығы он екі – он алты қарыс мөлшерінде жасалады.

Қарыстың туынды бірлігі – сүйем, ол кере созылған бас бармақ пен сұқ саусақ ұштарының арасына тең (шамамен 17 – 18 см). Ал бармақ пен бүгілген сұқ саусақтың арасына тең өлшемді сынық сүйем дейді. Сүйем – шамамен аршынның ширегіне (төрттен бір бөлігіне) тең. Елі – сұқ саусақтың еніне тең ұзындық бірлігі (шамамен 2 см). Қазы майының қалыңдығы, ою-өрнектің мөлшері, т.б. елімен өлшенген.

Шынтақ — шынтақтан саусақтың ұшына дейінгі аралықты білдіреді, шамамен 70см-ге тең болған.

Қолдың қары немесе қары – кеуденің орта тұсынан кере созылған қолдың ортаңғы саусағының ұшына дейінгі аралыққа (80 – 85 см шамасы) тең ұзындық бірлігі. Кейде оң иықтан бүкіл кеудені бойлай өтіп, кере созылған сол қолдың ортаңғы саусағының ұшына дейінгі аралық та (шамамен 1 м) қары ретінде алынады.

Құлаш — иық деңгейінде екі жаққа кере созылған екі қол ұшының арасы, шамамен 165-175 см тең.

Қашықтық өлшемдері

Қашықтық өлшемдерінің ең көне әдісі — қашықтық бөліктерін уақыт бөліктерімен салыстыру арқылы анықтау тәсілі. Соның негізінде халықтық өлшемдер жүйесінде қашықтыққа қатысты түстік жол, түстік жер, күншілік жер/жол, айшылық жер/жол деген өлшемдік ұғымдар пайда болған.

Түстік жер — салт атпен түске дейін жүріп өтетін қашықтықты білдіретін өлшем. Шамамен 40-50 км болады.

Күншілік жол — атпен бір күнде жүріп өтетін қашықтық — 60-80 км-ге тең болған.

Айшылық жол — атпен жүргенде бір айда жетуге болатын қашықтықты білдіретін өлшем. Шамамен 2500-3000 км.

Көш жер — көштің бір күнде жүріп өтетін қашықтығы, шамамен 20-30 км.

Қозы көш жер — көш кезінде қозылардың өз жүрісімен жүріп өтетін аралығы, шамамен 5-6 км болады.

Салмақ өлшемдері

Орта Азия мен Қазақстанда кеңінен тараған кейбір салмақ өлшемдері:

Табақ – шамамен он екі орыс фунтына тең салмақ бірлігі. Ол үлкен табақ (шамамен 11,7 – 12 кг) және кіші табақ (шамамен 3,9 – 4 кг) болып екіге бөлінеді. Үлкен табақ астық салығын төлеу кезінде, ал кіші табақ сауда-саттық, алыс-беріс жұмыстарында қолданылған. Қап – негізінен астық мөлшерін өлшеуге арналған салмақ бірлігі. Ол Орта Азия мен Қазақстанның оңтүстік, оңтүстік-шығыс аудандарында шамамен 65 – 66 кг-ға, ал кей жерлерінде алты пұтқа (96 кг), тең болған.

Батпан – Ресейдің шет аймақтарында (негізінен азиялық бөлігінде) пайдаланылған салмақ бірлігі. Көне орыс жазбаларында ол 10 фунтқа тең делінеді.

Қадақ – ертедегі шығыс елдерінің көбісінде қолданылған салмақ бірлігі. Ол Еуропада кең тараған фунт өлшеміне сәйкес келеді.

Мысқал – Шығыс елдерінде кең тараған салмақ бірлігі. Мысқал араб елдерінде, Үндістанда, Шығыс Африкада, Орта Азия мен Қазақстанда қазыналық өлшем ретінде пайдаланылған. Мысқал 4,31 г-ға тең болған, алтын мен күміс ақшалардың, бағалы заттар, дәрі-дәрмектер мен бояулардың өлшемі ретінде қолданылған. Қазақ халқының егін шаруашылығымен айналысқан жерлерінде жер аумағын өлшеу үшін қолданған өлшем бірліктерінің ішінде ең көп тарағаны – танап. Қазақстанның суармалы егіншілік аудандарында (Тараз, Қазалы, Шымкент, т.б.) 1820,83 шаршы метрге тең. Алайда түрлі тарихи себептерге байланысты өлшемдік мәні бар терминдеріміз нақты мәнге ие бола алмаған. Мұның үстіне уақытпен бірге өлшемдер жиі өзгеріске ұшырап отырған.

Уақыт, мезгіл өлшемі

Қазақта уақыт мезгілдерін анықтайтын, жіктеп айыратын халық теңеулері мен өлшемдері өте бай. Ғалым Н.Уалиев өз еңбегінде мынадай атауларды келтіреді: таң, таң атқанда, таң құланиектенгенде, таң бозарып атқанда, таң сімірі, ереуіл таң, көгала таң, рауан таң, сабах, құлқын сәрі, сәскемәл, сәске, ерте сәске, ұлы сәске, қан сәске, сиыр түс, қозы түс, түс әлеті, түсімәлі, талма түс, талмау түс, анық түс, тал түс, шалқар түс, түс қия, бесін, айна бесін, қожа бесін, екінді, іңір, іңір қараңғысы, намазшам, ақсам батпай, құптан мезгіл, түннің бір ұйқысында, түннің екі ұйқысында, түн жарым, түн ортасы, түн ортасы ауған кез, таң қараңғысы.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin