Түркістандық оқушылар 5-6-шы сынып арасындағы Ұлттық мектеп лигасында жеңімпаз атанды

“Ұлттық мектеп лигасы” республикалық деңгейде өтіп, командалық спорт түрлерінен сынға түсіп, үздіктер анықталуда.

Естеріңізге сала кетейік, Ұлттық мектеп лига жарыстары үш жас ерекшелік бойынша өткізіледі. 5-6-шы сыныптар арасында — Семей қаласында (127 оқушы қатысты), 7-8-ші сыныптар арасында — Астана қаласында, ал 9-11-шы сыныптар Қызылорда қаласында өтеді.

Қазіргі таңда Семей қаласындағы 5-6-шы сыныптар арасындағы жарыстың қорытынды кезеңі бойынша Түркістан облысының оқушылары жалпыкомандалық есепте І орынды жеңіп алды.

2023-2024 оқу жылында Түркістан облысында “Ұлттық мектеп лига” жарысы спорттың 10 түрінен өткізілді. Осы кезеңде 44 сайыс өтіп, оған 475 командадан 4244 оқушы қатысты. Оның 2005-і — қыздардан, 2 239 ұлдардан құралған.

Ұлттық мектеп лигасын өткізу барысында 144 кубок, 1307 медаль сарапқа салынды. Оның ішінде 434 алтын, 444 күміс және 429 қола медаль әзірленген. Облыста Ұлттық мектеп лига жарыстары жоғары деңгейде ұйымдастырылып өтуіне байланысты республикалық кезеңдерде өңір оқушылары топ бастап тұр.

Қазіргі таңда 7-8-ші сыныптар арасындағы жарыс Астана қаласында өтіп жатыр. Әзірге қоржында — 2 алтын, 4 қола! Алда өтетін тағы 6 жарыс бар. Сонымен қатар шілде айының 7-31 аралығында Қызылорда қаласында 9-11-ші сыныптар арасындағы жарыстар өткізіледі.

Айтпақшы, түлкібастық мектеп оқушылары төртінші рет Ұлттық мектеп лигасының чемпионы атанды. Нақтырақ тоқталсақ, 25 маусым мен 3 шілде аралығында Астана қаласында 7-8-ші сынып оқушылары арасында кіші футболдан өткен «Ұлттық мектеп лигасының» ойындарында Түлкібас ауданына қарасты Юрий Гагарин атындағы мектебінің оқушылары еліміздің орта білім беру мекемелерінің ішінен үздік нәтижеге қол жеткізіп, ел чемпионы атанып отыр.

Түлкібастық жас аяқдопшылар жартылай финалда Астана қаласының командасымен жолдары түйісіп, 1:0 есебімен басым түссе, ақтық ойында Павлодар қаласының команадасын 1:0 есебімен жеңіп, бас жүлдені иеленді.

Айта кетейік, осыған дейін де аталған білім беру ұясының оқушылары облыс намысын ел біріншілігінде абыроймен қорғап, үш рет ел чемпионы атанған болатын.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin