Түркістандық оқушы әлемінің 40 университетіне шақырту алды

Түркістан білім-инновация лицейінің оқушысы Ислам Абдурахманов әлемнің 40 университетіне грант жеңіп алды. Ол Дүниежүзіне танымал Біріккен Араб Әмірліктері, Америка Құрама Штаттары, Англия, Польша, Малайзия, Швейцария, мемлекеттеріндегі қалаған жоғары оқу орнының студенті атана алады.

Ислам 7-ші сыныптан бастап түрлі бағыттарда сынға сала отыра, түрлі жетістіктерге қол жеткізді. Интеллектуалды жарыстарды негізге алып, олардың ішінде шахматпен ерекше айналысты. Соның аясында қалалық және облыстық деңгейде өткен түрлі жарыстарда алтын мен қолаға қол жеткізді.

— 8-ші сыныпта IT саласына қызығушылығымды оятып, жаңа бағытқа қадам бастым. Бұл салада республикалық деңгейде өткен “Hackathon” атты жарыстан алтынға қол жеткіздім, осы іс-шарада алған тәжірибем “Қазақстан білім олимпиадасынан” бірінші орын иеленуіме себепкер болды. 9-шы сыныпта қоғамдық істермен айналысамын деп шештім, осыған орай Түркістан қаласының “Eco Turkistan” клубының мүшесі болдым және ол жерде біраз тәжірибе ала отыра, Кентау қаласында өзімнің “Green Team” атты жеке эко клубымды аштым. 10-шы сыныпта үш жыл бойы жинаған жетістіктерімді ескере отыра өзімді мектеп көшбасшысы рөліне ұсынып, мектеп президенті атандым. Мекеменің өкілі ретінде «Республикалық жас көшбасшылар» құрылтайына шақырту алдым. Осы іс-шараның аясында белсенді жастармен тәжірибе алмаса тұра министрмен кездестім. Лицей президенті ретінде ішкі білім және спорт бағытындағы іс-шараларды ұйымдастыруда елеулі еңбек атқардым. Республикалық және облыстық футбол жарысында алтын мен қолаға қол жеткіздім, — дейді.

11-ші сыныптан бастап жоғары оқу орнына түсуді қолға алған Ислам әлемнің 6 елінен 40-тан астам университетінен шақырту алып, облыстың абыройын асқақтатты.

Исламның таңдауы АҚШ-тағы Техас штатында, Хьюстон қаласындағы “North American University (NAU)” жоғары оқу орнына түсті. Үздік оқушы шет елде білім алып, отанға оралып, еңбек етуді көздеп отыр.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin