Түркістандық профессор самбо күресінен Азия және Мұхит жағалауы елдері чемпионы атанды

Ақтау қаласында 11-16 мамыр күндері спорттық және жауынгерлік самбодан кадеттер мен жасөспірімдер, жастар және шеберлер арасында Азия және Мұхит жағалауы елдері чемпионаты өтті. Алғаш рет жалауы түрілген жарысқа 25 елден 500-ге жуық спортшы келіп, бақ сынап, өзара шеберліктерін байқады. Бес күн бойы спортшылар 62 салмақ дәрежесінде жеңімпаздарды анықтады.

Сары құрлық елдері арасындағы дүбірлі бәсекеден Түркістан облысының спортшылары да бос келмеді. Тартысты жекпе-жектер нәтижесінде 58 келіде өнер көрсеткен Еркебұлан Ахатов, 72 келіде Ақбота Қыдырәлі алтын медль алды. 80 келіде Ұлбосын Адилова мықтылығын дәлелдеп, алтын медаль иеленді. Кезекті жеңісіне қол жеткізген Әбдісалан Нұрмаханов атындағы облыстық ОРМБЖСМ шәкіртін білікті бапкер Мөлдір Бейсембаева баптайды.

Ал 71 келіде Нұрбек Нұрбаев пен 98 келіде Алмас Темірбай күміске қол жеткізді. Сондай-ақ 44 келіде — Ақжібек Ұзақбаева, 54 келіде — Гүлназ Өмірбек, 72 келіде — Адина Абақова, 98 келіде Нұрхан Жамалхан қолаға қол жеткізді.

Үш күнге созылған дүбірлі додада Қазақстан құрамасының жас самбошылары 32 алтын, 23 күміс және 42 қола жүлдемен жалпыкомандалық есепте бірінші орынға ие болды. Осындай аламанда Түркістан облысының мерейін асырған самбошыларды тәжірибелі жаттықтырушылар Әбдісадық Халилаев, Қанат Арғынбаевтар жан-жақты дайындап барып, жоғары дәрежеде өнер көрсетті.

Қоса кетейік, самбо күресінің спорт шеберлері мен құрметті ардагерлерінің арасында да тартысқа толы жекпе-жектер өтті. Өз жас және өз салмақ дәрежесіне қарай Түркістан қаласынан M-1 сайысында Нышанбай Құдайбергенов (Түркістан қалалық № 1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры) бірінші орын иеленсе, М-4 дәрежесінде Түркістан қалалық мәслихатының төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев бірінші орынды қанжығасына байлады. Сондай-ақ Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-дың профессоры, самбо күресінен әлемнің 5 дүркін чемпионы Әбдісадық Халилаев М-7 дәрежесі бойынша бірінші орынды иеленді.

Атап өтейік, түркістандық Әбдісадық Халилаевты жерлестері «Әлем чемпионы» атап кеткен. Самбо күресінен қарсылас шақ келтірмейтін қария әлі күнге дейін жарыстарға қатысып, боз кілемде күреседі. Тіпті, ардагер спортшылар арасында өтетін әлемдік сайыстарда 5 дүркін чемпион болып, еліміздің абыройын асқақтатқан.

Жасы жетпіске келген қарияның спортты жанына серік еткеніне 50 жылға жуық уақыт болды. Таңертең ертемен тұрып жүгіру — күнделікті әдеті. Одан бөлек, жаттығу залдарына барып, денесін шынықтырып отырады. Жастармен бірге футбол, баскетбол, волейбол ойнайды. Күрестің тәсілдерін қайталап, тәжірибесін шыңдайды.

 «Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде жұмыс істеймін. Оқу сауықтыру бөлімінің аға бапкерімін. Жастарға 5 күн бойы сабақ беремін. Әрі жастармен бірге өзімде жаттығамын» — дейді қария.

Өткен жылы Орал қаласында ұйымдастырылған ардагер спортшылар арасындағы әлем чемпионатының видеосы әлеуметтік желіде кеңінен тарады. Онда Әбдісадық Халилаевтың қарсыласын алдап, шалып құлатқан әрекеті көпшілікті сүйсінтті. 18 елден келген 800-ден астам спортшы қатысқан сайыста түркістандық ақсақал 98 келі салмақта жарыс жеңімпазы атанды. 

 «Өзім 92 келі салмақтамын. Қарсыласым 98 салмақтағы әлемнің 2 дүркін жеңімпазы болды. Ол маған дейін үш адамды жықты, мен Молдавия мен Қырғызстаннан келген спортшыны жеңген едім. Әр шыққан сайын қарсыласымның әрекетін бақылап отырдым. Күші де, салмағыда менен басым болды. Дегенмен, өзім дайындалған әдіспен 15 секундта таза жеңіске жеттім» — дейді ол. 

Әбдісадық Нұрлақұлы 2011 жылы — Прагада, 2012 жылы — Болгарияда, 2013 жылы — Африкада, 2023 жылы Орал қаласында спорт шеберлері арасында өткен әлем чемпионатында жеңімпаз атанып, әлем чемпионы атағын алған. Сондай-ақ, самбо, дзюдо, қазақша күрестен спорт шебері, әрі самбодан халықаралық дәрежедегі төреші. Қазіргі кезде қария алдағы өтетін жарыстарға дайындалып жатыр. 

«Менің өзіндік тактикам бар. Сол әдіс-тәсілдерді қолдануға тырысамын. Спорт болған соң, барлығы дайындықпен келеді. Жалпы, боз кілемде қиындықтарда кездесіп жатады. Жасым жетпіске келгенде маған салмақ қуу қиын. Қазір 92 салмақтамын, негізі 88-ге түсуім керек. Көп жағдайда салмағым жетпеген соң, өзімнен үлкендермен күресемін. Жарысқа мықтылардың мықтысы келеді. Сондықтан қол-аяғымды ауыртып алмайын деп уайымдаймын» — дейді спорт шебері.

Әбдісадық Халилаев 1980 жылы Мәскеуде өткен олимпиадаға жанкүйер болып қатысқан. Сол кезде туристтер арасында өткен жүгіру жарысынан 2-ші орынды иеленді. Одан кейінде ел ішіндегі көптеген жарыстардан алып келген жүлдесі көп. Сондай-ақ, спорт шеберінен тәлім алған шәкірттері де байрақты бәсекелерде көк туымызды көкке көтеріп, әнұранымызды шырқатып жүр. 

«Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті ашылғалы бері еңбек етіп келемін. Жәй мұғалім болып қызметке орналасқан болатынмын. Қазір профессор атандым. Осы жылдар ішінде көптеген шәкірт тәрбиеледім. Домбай Базарбек, Кәмшат Ахметова, Ордабек Өсеров, Дархан Төрәділұлы, Гүлмира Ахметова, Нышанбай Құдайбергенов секілді шәкірттерім Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы болды. Ішінде Азия аумағында өткен жарыстарға да барып, жүлде алып келіп жатқандары бар» — дейді Әбдісадық Нұрлақұлы. 

Бүгінде 68 жасқа толып отырған қария 6 ұл-қызынан 18 немере сүйіп отыр. Перзенттері әлем чемпионы атанған аталарымен мақтанады.

Айта өтейік, самбо орыс тіліндегі «самозащита без оружия» – «қарусыз қорғану» деген сөзінің қысқартылған түрі. Самбоның тарихы Кеңестер Одағы тұсында 1938 жылы 16 қарашадан басталады делінеді. Сол жылы денешынықтыру саласының бүкіл одақтық комитеті самбоны бірауыздан спорттың бір түрі деп тіркеді. Самбо сөзі үш сөз тіркесінен тұрады. Талдап айтсақ, алғашқы тіркестен «сам(ооборона)», «б(ез) о(ружия)» деген сөз шығады (орыс тілінде). Бұл бір емес, жиырма елдің ұлттық спорт түрлерінің жиынтығы деген пікір бар.

Бүгінде ойын шартында қорғану мен шабуыл жасаудың мыңдаған әдісі бар. Мысалға, әзірбайжандық «гюлеше», армяндық «кохе», қазақ «күресі», молдаваша «трынте», тәжіктің «гуштингири», түркменнің «гореше», грузинше «чидаоба» және өзбекше «күреш» деген түрлері жиі қолданысқа ие. Барлығына ортақ талап — киім үлгісі мен белдегі белбеу.

Ойынның ортақ ережелерін қалыптастырған маман — Василий Сергеевич Ощепков. Ол Токио қаласындағы дзюдо орталығынан білім алған. Жиырмасыншы жылдың орта шенінде В. Ощепков Қиыр Шығыста, кейіннен Новосібір қаласында қорғану түрлеріне баулитын арнайы секция ашқан. Мәскеудегі денешынықтыру институтында сабақ беріп жүрген В. Ощепков жинақтаған тәжірибесінің арқасында И.В. Васильев, Н.М. Галковский, Р.А. Школьников, А.А. Харлампиев, Б.А. Сагателян деген атақты спортшыларды дайындады.
Самбо дәстүрін ары қалай жалғастырғандардың бірі — В.А. Спиридонов. Ол «Динамо» спорт кешенінде жұмыс істеп жүріп, алғаш рет 1928 жылы «Самозащита без оружия» деген кітап жазып шықты.
1966 жылдан бері самбо халықаралық дәрежеге қол жеткізіп, Халықаралық әуесқойлар спортшылар федерациясының (ФИЛА) тізіміне ілікті.

1972 жылы Еуропа чемпионатының тұңғыш ашық біріншілігі басталды. Сегіз салмақ категориялары бойынша алғашқы додада Кеңес Одағының спортшылары шыңды бағындырса, Жапонияның намысын қорғаған екі спортшы жақсы өнер көрсете білді. В. Кюлленен, А Хош, К. Герасимов, В. Невзоров, А. Федоров, Ч. Езерскас, Н. Нисинаки, Н. Сато, С. Новиков, В. Кузнецов Еуропаның алғашқы Еуропа чемпиондары атанды.
1973 жылы Иранның Тегеран қаласында I әлем чемпионаты өтті. КСРО құрамасы онда 9 алтын мен 1 күміс жүлдені қанжығаларына байлады. Онда Г. Георгадзе, А. Шор, М. Юнак, Ш. Чанрав (Моңғолия), Д. Рудман, А. Федоров, Ч. Езерскас, Л. Тедиашвили, Н. Данилов, В. Кливоденко чемпион атанды.
1985 жылы Испанияның Бильбао қаласында өткен конгресте самбодан халықаралық әуесқойлар федерациясы (ФИАС) ресми түрде тіркелді. Бүгінде ФИАС-қа әлемнің 40 мемлекеті мүше. Америкалық, еуропалық және азиялық федерациялар да құрылған. Жыл сайын самбодан әйелдер мен ерлер арасында, командалар арасында әр түрлі салмақта әлем чемпионаты мен әлем біріншіліктері өткізіліп тұрады. Атап айтсақ, командалық әлем кубогы, Еуропа және Азия чемпионаты мен біріншілігі, студенттер арасында әлем чемпионаты тағы басқалары.
Бүгінгі таңда Халықаралық Олимпиада комитеті самбоны Олимпиада ойындары бағдарламасына бекіту туралы мәселені қарастыруда.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin