Бүгінгі күні елімізде аллергиямен ауыратындардың саны жылдан-жылға көбейіп барады. Бұл ауру әсіресе, балалардың арасында жиі кездеседі. Дәрігерлер бұған экологиялық ахуал мен тағам сапасы әсер ететінін айтады. Ал шын мәнінде аллергия қалай пайда болады? Оның алдын алу үшін не істеу керек? Бұл аурудан қалай айығуға болады?
Жөтел қысып, түшкіріп, тынысыңыз тарылып, көзіңіз жасаурап жүрсіз бе? Бұл – аллергия. Мамандардың айтуынша, арамызда дәрігерге көрінбей-ақ өз бетінше ем қолданатындар бар. Салдарынан дерті асқынып, аурухана төсегіне таңылатындар да көп. Республика бойынша бүгінгі таңда 6 млн қазақстандық аллергияның азабын тартуда екен.
Аллергология — аллергиялық реакцияларды және онымен байланысты ауруларды зерттейтін, олардың этиологиялық себептерін, даму механизмдерін және клиникалық көріністерін анықтайтын медицина саласы.
Бүгінде аллергияның түрі көп. Дәрігерлердің айтуынша, аллергия ― ағзаның бөгде затқа сезімталдығының әсерінен туындайтын кесел. Демек, адам ағзасында иммундық жүйе төмен болса, сезімталдығы артып, ауаның, күннің, сондай-ақ шаң-тозаң, өсімдіктер, тағамдар, дәрі-дәрмектер, бояғыш заттардың денеге кері әсерінен аллергия пайда болады. Дегенмен ол әркімде әртүрлі өршиді: біреулерде дене тастай болып ісініп, дуылдай қышыса, екіншілерінде мұрыннан су ағып, көз жасаурап, қызарады немесе тыныс алуы ауырлап, демікпе басталады.
Аллергия жұқпалы емес. Бірақ тұқым қуалайды. Ата-анасы аллергиямен ауыратындардың бала-шағасында 70-80 пайызға дейін аллергия кездеседі. Ал екінші фактор – жүре пайда болатын аллергия. Әдетте өсімдіктердің тозаңынан болатын аллергияның түрлері өте көп кездеседі. Осы орайда, 2021 жылдан бастап Түркістан облысының Облыстық клиникалық ауруханасының пульмонология бөлімшесінде пациенттердегі аллергологиялық ауруларды емдеу және алдын алу үшін 5 төсек бөлінді.
Аллерголог емдейтін аурулар:
-өсімдік тозаңына аллергия (аллергиялық сипаттағы науқасты жыл бойы Мазалайтын созылмалы ринит);
-аллергиялық конъюнктивит;
-бронх демікпесі;
-есекжемнің жедел және созылмалы түрі;
-атопиялық дерматит (тағамға, дәрі-дәрмектерге аллергия, жәндіктердің шағуына реакция);
-екіншілік иммун тапшылығын тудыратын аурулар;
-негізі бар жоғарғы және төменгі тыныс алу органдарының аурулары;
-емдеуге жауап бермейтін микотикалық зақымданулар (терінің қышуы оның себебі анықталмаған);
-токсикодерма;
-Лайелла синдромы.
Бөлімшеде аллергологиялық науқастармен 2 аллерголог айналысады. Сонымен қатар, бір дәрігер амбулаториялық кеңес береді. Бөлімшеге түскен барлық науқастарға зертханалық және аспаптық тексерулер жүргізілед, сонымен қатар МӘМС шеңберінде: иммуноглобулин Е-зерттеу әдісі, кеуде қуысының компьютерлік томографиясы, бронхолаваж, емдік небулайзерлік терапия, физиотерапия, кеуде массажы, тыныс алу гимнастикасы, галотерапиялық емдеу — оттегі терапиясы жүргізіледі.
Аллергия жас талғамайды. Қозатын аллергиялық реакцияның күші де әртүрлі болады. Оған аллергендердің көлемі және түрі байланысты емес. Сондықтан да мамандардың пікірінше, емдеу шараларының барлығы да медициналық мекемеде және аллергологтардың бақылауымен өтуі тиіс. Әйтпесе уақытша жеңілдік әкелетін күшті гормоналдық дәрілер әсерінен адам ағзасы одан сайын тозып, ақыры дәріге үйреніп кетеді.
2022 жылғы көрсеткіштер бойынша 158 пациент ем алды, бір пациент орфанный аурумен емделді. Тұқым қуалаушылық бойынша науқастың ағасы осы аурудан қайтыс болды. Кейіннен науқастың бес қызына толық тексеру жүргізілді, төртеуіне бұл ауру диагнозы қойылды.
Науқас М., 2022 жылдың қыркүйегінде ауыр жағдайдағы реанимация бөліміне түсті, «тұқым қуалайтын ангионеротикалық ісіну (КЕАҚ)»ауруы диагнозы қойылды. Науқас қажетті ем алды және қанағаттанарлық жағдайда шығарылды. Аурулардың алдын алу, сондай — ақ осындай аурулардың асқынуларының алдын алу мақсатында аллерголог-маманнан уақтылы кеңес алу, себебін анықтау үшін диагностикалық іздеу жүргізу және емдеуден өту қажет.
2023 жылғы қаңтардан бастап маусымдық аллергиялық ринитпен ауыратын науқастар үшін амбулаториялық аллергенге тән иммунотерапия (Антиполлин) жүргізіледі.
Мамандар аллергиядан зардап шегетін адамға негізінен көкөністер мен цитрусты жемістерге шектеу қояды. Сонымен қатар шоколад, кофе, какао, қант және теңіз өнімдерін де жеуге болмайтынын ескертеді. Ауырған адам әлсіреп, оған дәрумендер де жетіспеуі мүмкін. Сондықтан да дәрігерлер С дәруменін қабылдауға, ақуыз, май, көмірсутегіге бай тағамдарды пайдалануға кеңес береді.