Қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков лездемелік мәжіліс өткізіп, орынбасары Талғат Төлегеновтің жетекшілігіндегі салалардың жұмысын саралады.
Қалалық Бизнесті қолдау және туризм бөлімінің басшысы Мұхтар Төлепов тапсырмалардың орындалуын баяндай келе, қала аумағында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын тұрақтандыру мақсатында, базарлар мен сауда нүктелеріне, ірі супермаркеттер мен азық-түлік дүкендеріне бөлім тарапынан тұрақты түрде мониторинг жүргізілетінін жеткізді. Мониторинг жұмыстары барысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын негізсіз шекті бағадан тыс көтеру дерегі анықталған 25 дүкен мен супермаркетке заң аясында тиісті шара көру үшін құжаттары департаментке жолданған.
Бекітілген жоспарға сәйкес, Мәдени-рухани орталық аумағында электрокарлардың жүру бағыты және кәсіпкерлік нысандардың орны белгіленген. Жергілікті полиция қызметкерлерімен бірлесіп туристік нысандардың төңірегінде рейд ұйымдастырылып, саудамен айналысушы азаматтарға заң талаптары түсіндірілген.
Қала әкімдігі және полиция басқармасымен бірлесе отырып, мәдени-рухани орталық аумағында туристерге қызмет көрсету сапасын арттыру бойынша кәсіпкерлермен арнайы жиналыс ұйымдастырылды. Электрокар жүргізушілерін бірыңғай киім үлгісіне көшу қажеттілігі, қызмет көрсету мәдениеттілігі, құқықбұзушылық әрекет түрлері мен көзделген әкімшілік жаза туралы айтылып, ақпараттық құралдар үлестірілді.
Қала әкімі гид-мамандардың тарихты баяндауда қателеспеуі үшін дәйекті деректі мәліметтермен қамтылуын бақылауды тапсырды.
Айта өтейік, бүгін облыс орталығында «Таза қала, таза Қазақстан» акциясы аясында Қ.А.Ясауи кесенесі аумағында «Тарихқа тазалықпен тағзым етейік» тақырыбында сенбілік өтті.
Сенбілікке қаламыздағы 34 жалпы орта мектеп, 8 колледж, Қ.А.Ясауи тарихи мұражай қызметкерлері мен еріктілер, қала жастары атсалысты.
Тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Талғат Үсенбаев тапсырмалардың орындалуын тарқатып айтты. Коммуналдық меншіктегі көпқабатты тұрғын үйлердің пәтерлеріне түгендеу жүргізу жалғасуда. 3903 пәтердің 2318-і мақсатты пайдаланылуда, 21 пәтердің жалға берілгені анықталып, акт түзілді. Тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға жүргізілген түгендеу және жылжымайтын мүлік иелігіне анықтау нәтижесінде 1410 азамат кезектен шығарылды. 485 қызметтік пәтерді түгендеу бойынша берілген тапсырмаға сәйкес, аралау жұмыстары басталған.
Жаңадан қолданысқа берілген көпқабатты үйлерде Мүліктің меншік иелері бірлестігін құру бағытында құжаттандыру ісі жүзеге асуда. Қазіргі таңда қала аумағында 183 бірлестік толық құрылып аяқталды, 47 бірлестік тіркелуде, 18 бірлестіктің құжаттары енді ұсынылады.
Экономика және қаржы бөлімінің басшысы Олжас Бөлегенов бюджеттің атқарылуы мен индикаторлардың орындалуын баяндап, бөлімдерге қатысты кемшіліктерді ұсынды.
Нұрбол Әбдісаттарұлы көтерілген мәселелерге қатысты қосымша тапсырмалар жүктеп, орындауға мерзім белгіледі:
— Жұмыс барысында заңдылықтардың сақталуына мұқият болуды тапсырамын. Заң алдында барлық адамның құқығы тең екенін назардан шығармаңыздар. Бір азаматқа артықшылық беру – екінші азаматтың құқығын аяқасты ететінін ұмытпаған жөн. Сіздерден заңдылықтың сақталуы талап етіледі, — деді шаһар басшысы өз сөзінде.
Облыс орталығын кәріз жүйесімен қамту көрсеткіші 50%-ға жетті
Облыс орталығында тұрғындар жайлылығы үшін инфрақұрылым жүйесімен қамту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді.
2020 жылдың көрсеткішіне сүйенер болсақ, қалада орталықтандырылған кәріз жүйесімен қамту көрсеткіші 32,2 пайызды (13 601 абонент) құраған болатын. Жыл басынан бері атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 4 нысанның құрылысы аяқталып, кәріз жүйесімен қамтылған абонент саны 20 274-ке артты. Бұл қала аумағының 48,9 пайызын құрайды.
Жалпы, Түркістан қаласында 27 КНС және сарқынды су тазалау ғимараты /КОС/ жұмыс істейді. Ал, сарқынды су желісі — 127,25 шақырым, оның ішінде – магистральдық – 39 шақырым, көшедегі желілер – 40 шақырым, ішкі орамдағы және ішкі ауладағы желілер 48,2 шақырымға созылған.
Бүгінде облыс орталығында жоспарланған кәріз жүйесі жобаларының құрылысы жалғасуда.
Атап айтқанда, «Бекзат» мөлтекауданында 118 көшені қамтамасыз ететін жалпы ұзындығы 100 шақырымды құрайтын кәріз жүйесінің құрылысы, Иассы шағынауданының «Ыждыхат» тұрғын үй алабы орамішілік кәріз желілері құрылысы, Тұран тұрғын үй массивін сарқынды су жүйесімен қамтамасыз ету құрылысы (2-кезек), сондай-ақ, 12 нысанда кәріз жүйесінің құрылысы жүргізілуде.
Одан бөлек, қосымша 3 нысан құрылысы республикалық бюджетке қаржыландыруға ұсынылды. Олар: Баянауыл шағын ауданындағы кәріз жүйелерінің құрылысы, №14 пен №15 КНС аралығындағы сарқынды су жүйесінің құрылысы, Иассы шағынауданы, Бірлік тұрғын үй массивін кәріз жүйелерінің құрылысы (2-кезек).
Аталған жобалар толықтай іске асырылғанда шаһар аумағын кәріз жүйесімен қамту 80 пайызға жетеді деп жоспарланған.
Айтпақшы, Түркістандағы кәріз жүйесінің құрылысы аяқталған көшелерде жолдар табиғи тапталу кезеңінен өтуде. Қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков жұмысшы топқа жауын-шашыннан кейін барлық көшенің жағдайын аралап тексеруді тапсырды.
Топырағы отырған аумақтарда жолды тегістеп, қайта тас төсеуді жауапты мекемелер жүзеге асыруда.
Кәріз жүйесінің құрылысы өткен соң жолдардың негізі қатайып, топырақ тапталуына 1 жыл мерзім белгіленген. Асфальт содан кейін ғана төселеді. Мерзім асфальт төселгеннен кейін жолдың айнымауы үшін беріледі. Қазіргі тәжірбие бұл шешімнің дұрыстығын көрсетіп келеді.
«Түркістанда жасалған» атауымен үй жиһаздары шетелге экспортталып жатыр
Өңірдің экономикалық дамуын анықтайтын басты сала – өнеркәсіп саласы. Бүгінде Түркістан қаласында өнеркәсіп саласы қарқынды дамып келеді.
Өткен жылы өнеркәсіп саласын қала 25,8 миллиард теңгенің өнімін өндірумен қорытындылаған болатын. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда (22,3 миллиард теңгенің өнімі) 4,7 пайызға артқан.
Шаһарда бүгінде 126 кәсіпорын кәсіптік нысан жұмыс істеп тұр. Онда 23 мыңға жуық тұрғын жұмыспен қамтамасыз етілген.
Аталған ірі кәсіпорындардың бірі – «Asia Brend» жиһаз өндіретін фабрикасы. 1,5 гектар жерде орналасқан нысан жылына 22 мың жиһаз дайындап, «Түркістанда жасалған» атауымен шетелге экспорттауда.
Жалпы 150 адамды жұмыспен қамтып отырған фабриканың жылдық тауар айналымы 1 миллиард теңгеден асады.
Отандық өнімді бүгінде түркістандықтар ғана емес, Алматы, Астана, Шымкент, Қызылорда және Тараз қалалары тұрғындары тұтынып, Ресей мен Қырғызстан нарығында сатылымға қойылған.
«Белсенді ұзақ өмір» орталығы белсенді жұмыс істеуде
Түркістанда зейнет жасындағы адамдардың салауатты өмір сүруі мен денсаулығына оң жағдай жасау мақсатында 2022 жылы «Әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» ашылып, жұмысын бастаған. Орталық сол жылы 774 адамға қызмет көрсетсе, 2023 жылы бұл көрсеткіш 2 983 адамға жетті.
Мекемеде 3 сектор арқылы тұрғындарға әлеуметтік көмек түрлері көрсетілуде. Олар: Белсенді ұзақ өмір секторында қарттарға медициналық, психологиялық, құқықтық бағытта көмек көрсетіледі, Тең қоғам секторында ерекше қажеттілігі бар азаматтарға әлеуметтік қызмет түрлері жасалса, үшінші Қамқорлық орталығында жалғызбасты, көпбалалы аналарға, әлеуметтік әлсіз топ мүшелеріне қызмет көрсетіледі.
Бүгінде мекеменің қызметіне жүгінушілер саны артып, орталықтың жаңа филиалдары ашылуда. Соның бірі тұрғындардың сұранысы бойынша биыл «Белсенді ұзақ өмір» секторының Бекзат мөлтек ауданында №1 филиалы ашылды.
Аталған ғимаратта денсаулықты жақсартуға арналған арнайы бөлмелер, массаж кабинеті, зияткерлік ойындар мен бильярд бөлмесі, тұз шахтасы, жаттығу жасауға арналған бөлме жасақталған. Мұнда зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға күндізгі сауықтыру-демалыс және сүйемелдеу қызметі көрсетіледі. Жан мен тәнді емдеп, ардагерлердің бос уақытын тиімді өткізуге жағдай жасалған. Бір айда 150 адамды қабылдауға қауқарлы.
Жалпы, Түркістан қаласында 15 мыңға жуық зейнеткер бар болса, оның 8 мыңға жуығы «Бекзат» мөлтек ауданында тұрады.
Облыс орталығының жастары жаңа ғимаратта жұмыс істейді
Түркістан қаласының құрылыс саласында жаңа жобалар жүзеге асып, халық игілігі үшін түрлі нысандар бой көтеруде.
71 486 жас тұратын облыс орталығында жаңа жастар орталығы бой көтеруде. Тәуке хан даңғылы бойында орналасқан ғимаратта арнайы демалыс аймағы, стрит-воркаут алаңы, амфитеатр қарастырылған. Одан бөлек, нысан ішінде электронды кітапхана бөлмесі, үйірмелерге арналған бөлмелер және шағын спортзал мен көпфункционалды зал салынуда.
Мердігер мекеменің мәлімдеуінше, маусым айында нысан құрылысы аяқталады деп күтілуде.
Түркістанда мұз айдынында театрландырылған қойылым қою жоспарланып отыр
Түркістан бүгінде көптің арманына айналған қалаға айналып келеді. Жаңа ғимараттар бой көтеріп, мәдени-рухани бағыттан бөлек, халықтың спортпен тұрақты түрде айналысуына жол ашылды. Соның ішінде «Мұз сарайының» орны ерекше. Енді мұнда театрландырылған думанды қойылым көрермен назарына ұсынылады.
Осы бағытта Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасының Райымбек Сейтметов атындағы сазды-драма театры Түркістан облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының «Қысқы спорт түрлерінен Түркістан спорт клубы» МКҚК өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
«Облыс орталығындағы мұз айдынында театрландырылған думанды қойылым жыл соңында көрермен назарына ұсынылмақ. Жаз айларында театр әртістері мұз үстінде конькиді еркін тебуді меңгеріп, бірнеше ай дайындық жүргізеді. Бірегей жобаға айналатын мұндай думанды еліміздегі театр актерлары бұрын соңды жасамаған» дейді театр басшысы Арман Алиев.
Кешен басшысы Данияр Исабаев бұл келісімнің екі тарапқа да зор септігі тиетінін баяндады.
«Біз үшін тиімді жоба. Сондықтан ұсынысты бірден қабыл алдық. Мұздағы сырғанау мәдениеті елімізде енді қалыптастып келе жатыр. Біз жаттығулардан бөлек, арнайы түскі уақытта театр әртістерінің тыңғылықты дайындық жүргізуіне келісім бердік. Бұл қала тұрғындарын ғана емес, келуші туристерді де қызықтыратын жоба болады деп ойлаймын» деген мемеке басшысы БАҚ өкілдерін спорт нысанымен таныстырды.
Екі қабатты кешенде қысқы спортты дамытуға барлық жағдай жасалған. Бұдан бөлек түркістандық жасөспірімдер спорт нысанында шорт-трек, мәнерлеп сырғанау және хоккей секілді спорт түрлерінен жаттыға алады. 1200 орындық «Мұз сарайы» 2 га аумақта орналасқан.
Айта кетейік, қойылым жиырмасыншы желтоқсан мен он үшінші қаңтар аралығында көптің назарына ұсынылады. Енді актерлар қарым-қабілетін шыңдап, театр сахнасымен қатар, мұз айдынында бағын сынап көреді. Бүгін алғаш рет байқап көрген олар оңайға соқпағанымен, нәтижесі қуантарлық болатынына сенімді. Алдағы айдан бастап мұз үстінде толық құрам дайындыққа кіріседі.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.