Түркістан – Түркі мемлекеттерінің 2024 жылғы туристік астанасы: Шаһардың барлық мәселесін дер кезінде шешу қала әкімдігінің қырағы назарында тұр

Апта басында Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Байдулла Оразбековтің төрағалығымен мәжіліс өтіп, тапсырмалардың орындалуы зерделенді. Қала әкімінің 6 сектор тұрғындарымен өткізген кездесуі нәтижесінде белгіленген өтініштер мен мәселелерге байланысты сала мамандары есептерін ұсынды. Нақты орындалған және орындалу үстіндегі тапсырмалар көрсетілді.

Атап айтқанда, 1 мөлтекаудандағы №24 үйдің шатыры қазіргі таңда қалпына келтіріліп, жөнделді.

Шомылу маусымына сай бассейндердегі санитарлық тазалықты қадағалану бойынша ұсынысқа сәйкес, қала аумағындағы барлық шомылу орындарына мониторинг жүргізілді. Нәтижесіне сәйкес қалалық санитариялық-эпидемиологиялық басқармасына хат жолданды.

Сүйіліш батыр мен Шала бақсы көшелерінде сағат 17:00-ден кейін су қысымының төмендеуіне байланысты шағым түскен. Қазіргі таңда аталған көшелердегі ауыз судың қысымы қалпына келтірілді.

Қаладағы Меркі, Наурызбек, Жазықсай, Жағажай, Сүткент, Ақжелен көшелерінің жарықтандыру жүйесімен қамтылуы ағымдағы жылдың ІІІ-ІV тоқсаны аралығында жоспарланғаны хабарланды.

Оралман, Саяжай аумағы, Байкөкше шешен көшелеріне жарықтандыру жүйесі жүргізілген. Қазіргі таңда іске қосу үшін тиісті құжаттар әзірленіп жатыр.

Мәжілісте қала тазалығы да басты назарда болды. Аптаның әр күніне бекітілген тазалық күндері мен сенбіліктер тұрақты түрде жүргізіліп, мерзімінде орындалуы қадағалануда. Жалпы жыл басынан бері ортақ пайдалану орындарын ластаған 5467 жайт орын алып, тәртіп орнату үшін 30 бейне камера орнатылды. Сондай-ақ, белгіленбеген орындарға қоқыс тастаған 7 кәсіпкер мен 5 жүк көлігіне айыппұл салынды.

Сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Мұхит Көшеновтің мәлімдеуінше, мониторинг жұмыстарының нәтижесінде 439 заңсыз орнатылған жарнама анықталып, кәсіпкерлерге түсіндірме жұмыстары жүргізілген. Сондай-ақ, 335 жарнама сәйкестендіріліп, тұрақты түрде мемлекеттік кірістер басқармасына жолданып отыр.

Мәжіліс соңында құжаттандыруды қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Бексұлу Сүлейменова сөз алып, уақыты белгіленген хаттамалық тапсырмалардың кестесін ұсынды.

Ал сейсенбі күні Түркістан қаласындағы Бекзат пен Сауран секторларының тұрғындарымен су, газ, кәріз, жарықтандыру жүйесі, ойын алаңшалары сияқты бірқатар мәселелер бойынша қала әкімінің орынбасары Байдулла Оразбеков пен бөлім басшылары және «Түркістан-Су», «QAZAQGAZ AIMAQ» мекемелерінің мамандары кездесті.

Кездесуге келген Бекзат секторының тұрғыны ауыз су қысымының төмен екендігін айтып, қашан қалыпқа келетінін сұрады. Мәселеге жауапты «Түркістан-Су» мекемесі директорының орынбасары Сейілбек Дайрабай жақын уақытта аталған мәселені шешіп, сондай-ақ, Бекзат секторындағы Саялы, Қорлан көшелерінің сағат 17:00-ден кейінгі су қысымын ретке келтіретінін жеткізді. Жалпы шаһарда 36500 абонент ауыз сумен қамтылған.

Оған қоса Бекзат секторындағы кездесуде халықты алаңдатқан мәселе – кәріз жүйесі. Бұл сұраққа сала мамандары жоспарға сай рет-ретімен кәріз құбырларының орнатылып келе жатқанын және тұрғындар айтқан аумақтардың да алдағы уақытта кәріз жүйесімен қамтылатынын айтып түсіндірді.

Сауран секторындағы кездесуде тұрғындармен табиғи газ мәселесі талқыланды. Тұрғын үйлердегі кейбір пәтер иелерінің дербес шоттары ашылмағаны анықталып, «QAZAQGAZ AIMAQ» өкілдерімен бірге шешуге келісімге келді.

Сонымен қатар, 1 мөлтекаудандағы №6 үйдің аула жарығын қосу бойынша айтылған тұрғындар өтінішіне сай тиісті бөлім басшысы жарықтың 10 күнде қосылатынын жеткізді. Дәл осы үйдің ауласындағы ойын алаңшасының құрылысы аяқталмағанын айтып, мердігер мекеменің сотқа жолданғанын, алдағы уақытта тиісті шаралар қолданылатынын түсіндірді.

Ал бүгін әкімдік қызметкерлері қаладағы Бірлік секторының тұрғындарымен кездесу өткізді. Кездесу барысында Жер қатынастары мен Сәулет және қала құрылысы бөлімінің жауапты өкілдері тұрғындардың көкейінде жүрген сұрақтарына жауап беріп, ұсыныстарын тыңдады.

Жеке мәселесімен келген Бірлік секторының тұрғыны әкесінен қалған үйді отбасы мүшелерінің біріне рәсімдей алмай отырғанын айтып, құқықтық кеңес сұрайды.

Өздерін аталған сектордағы Елім-ай көшесінің тұрғындарымыз деп таныстырған азаматтар жер учаскелеріне қатысты құжаттарында көшенің аты басқаша аталатынын, құжаттағы атау мен қазіргі атауының сәйкес келмейтінін айтып отыр.

Аягөз көшесінен келген азаматтың айтуынша, үйлер арасындағы көлік жүретін жолды көршілес орналасқан балабақша иесі меншіктеп отырған көрінеді. Заңдылығын анықтап беруді өтінді.

Кездесуде сала мамандары аталған мәселелердің заң аясында қарастырылатынын айтып, құқықтық кеңес берді. Ұсыныстардың да бақылауға алынатындығын жеткізді.

Сөз соңында атап өтер жайт, Түркістанда 44 240 абонент сапалы электр қуатымен қамтылған. Биыл Тәуке хан даңғылы, Қазыбек би, Төле би, М.Абенова, Н.Төреқұлов, Н.Тынышқұлов көшелеріндегі кабель желілерін салу құрылысы нәтижесінде қосымша 4520 абонент сапалы электр қуатымен қамтылды.

Сондай-ақ Айбергенов көшесі, «Бірлік-2» аумағы және жобадан тыс қалған 7 нысанды электрмен қамту үшін тағы да жоба әзірленді. Аталған жұмыстарды 2024-2025 жылдар аралығында жүргізу жоспарланып отыр. Нәтижесінде қосымша 6 500-ден аcтам абонент электр жүйесімен қамтылады. Бұл бастама қала тұрғындарын сапалы электр қуатымен қамтуды 99 %-дан 99,5%-ға жеткізеді.

Шаһарда 48,1 шақырым электр желісі тартылып, 24 дана трансформатор орнатылды. «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-нің 2024 жылға жоспарланған инвестициялық бағдарламасының 70%-ы орындалды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin