Қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков бүгін бірқатар нысандарды аралап, қала тазалығы мен абаттандыру жұмыстарын тексерді.
Аралау нәтижесіне орай лездемелік мәжіліс өткізген шаһар басшысы кемшіліктер бойынша сала басшыларына қатаң ескерту жасады. Нұрбол Әбдісаттарұлы салаға жетекшілік ететін орынбасарына тазалықпен айналысатын жеке кәсіпкерлердің жұмысына қадағалауды күшейтуді тапсырды.
Қала әкімінің орынбасары Байдулла Оразбеков “Таза Қазақстан” экологиялық жоба аясында атқарылған жұмыстарды баяндап, жоспарларын ұсынды. Сонымен қатар, инфрақұрылым жүйелері мен ойын алаңшаларын, құрылыс нысандарын зерделеу кезінде жұмыс тобы анықтаған кемшіліктерді жою барысына тоқталды.
Мәжіліс барысында Әліби Жангелдин көшесінде жөндеу жұмыстарын тамыз айының соңына дейін толық аяқтау тапсырылды. Иә, Түркістан қаласында жол сапасын жақсарту мақсатында бірнеше ірі жобалар жүзеге асуда. Солардың бірі – Әліби Жангелдин көшесінің құрылысы. 3800 метр ұзындықты құрайтын нысанның құрылысы соңына таяп келеді. Онда екі қабаттан тұратын асфальт жабындысы төселіп, жол жиегінде суағар науалар орнатылды. Жаяу жүргіншілер жолы мен веложол салынып, көше жарықшамдарымен қамтамасыз етілуде.
Қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков Әліби Жангелдин көшесіндегі жол құрылысының барысын тексерді. Қазіргі таңда тасты жабындымен тұрған 300 метр аумағында құрылыс қарқын алды.
Нұрбол Әбдісаттарұлы кәріз жүйесінің құбырлары төселген соң, бірінші кезекте жолдың асфальт жабындысын аяқтауды тапсырды.
Сонымен қатар, жол қиылыстары көлік кептелісін туындатпауы қажеттігін ескертіп, жаяулар үшін қауіпсіз өткелдерді және көліктердің қауіпсіз қозғалысы үшін қиылыстарды ыңғайластыруды жүктеді.
Сондай-ақ, кәріз жүйесінің құрылысы жүрген көшелердің жағдайын саралау, жолдарды қалпына келтіру, тас төсеу мәселесі де бақылаудан түспейтіні ескертілді.
— Бүгінгі жұмыс деп ертеңгі жоспарды ұмытпаңыздар. Келесі жылы атқаратын тірліктерді осы күннен тиянақтаған дұрыс. Құжаттар мен бюджеттік өтінімдерді рәсімдеуді кешіктірмеңіздер, — деді қала әкімі өз сөзінде.
“Айтқанды істеу емес, жұмысты айтқызбай істеу — мықтылық” — деп, бөлім басшыларына мәселелерге жауапкершілікпен қарауды ескертті.
Мәжіліс қорытындысына сәйкес нақты тапсырмалар белгіленіп, мерзімдер бекітілді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.