Түркістан – Түркі мемлекеттерінің 2024 жылғы туристік астанасы: Қала тазалығы – экологиялық мәдениеттің өлшемі

Түркістан қаласында қала әкімінің бекіткен кестесіне сәйкес өткен кезекті сенбілікке 800-ге жуық белсенді азамат қатысып, 10 техника жұмылдырылды.

Шаһардағы Ораз Жандосов, Әліби Жангелдин, Бейімбет Майлин, Тынышқұлов көшелері мен Балтакөл тас жолы қоқыстар мен қураған шөптерден тазартылды. Тәуелсіздіктің 10 жылдығы көшесіндегі ретсіз жарнамалар түзетіліп, кәсіпкерлік нысандардың қасбетін ретке келтіру жұмыстары жүргізілді.

Тазалық шарасына атсалысқан табиғат жанашырларының айтуынша, әрбір жеке тұлға тазалықты өз ауласынан бастауы қажет. Үйден шыққан қоқысты арнайы орындарға тастап, қоршаған ортаны қорғау мен абаттандыруға үлес қосуы тиіс.

Айта кетейік, ағымдағы жылдың сәуір айында республикалық «Таза Қазақстан» акциясы басталған болатын. Осыған байланысты қаламызда апта сайын жүйелі түрде тазалық жұмыстары жүргізіліп келеді.

Тамыздың 7сінде де Түркістанда 400 адамның қатысуымен тазалық шарасы өткен болатын. «Таза Қазақстан» эко-акциясы аясында өткен сенбілікке 13 техника жұмылдырылды. Әмір Темір, Төле би, Сұлтанбек Қожанов, Ораз Жандосов, Саттар Ерубаев көшелері мен Тәуке хан даңғылының бойындағы күл-қоқыстар шығарылып, қураған шөптер тазартылды. Ағаштарды әктеу, сырлау жұмыстары жүргізілді.

Сенбілікке әжесімен бірге келген қаланың кішкентай 6 жасар тұрғыны Кәусар Әзизханқызы да тазалық жұмыстарына атсалысып, үлкендерге қолғабыс етті. Енді ғана мектеп табалдырығын аттаған қыздың әжесі Гүлнәр Дулатбекованың сөзінше, баланы тазалыққа үйрету бүлдіршін кезінен басталуы тиіс. «Тәрбие тал бесіктен басталатындықтан, әрбір ата-ана балаларын табиғатты қорғауға, қоршаған ортасын таза ұстауға бағыттауы қажет» — дейді қарт ана. Сенбілік тек тазалық үшін ғана емес, денсаулыққа да өте пайдалы физикалық қозғалыс екендігін алға тартты.

Қала әкімі бекіткен кестеге сәйкес, тазалық шарасы жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Облыс орталығы аумағындағы кәсіпкерлер, жастар, үкіметтік емес ұйымдар шаһар жұмысына белсенді үлесін қосуда.

Ал тамыздың 2-сінде облыс орталығындағы әуежайға баратын жол, Шымкент тас жолы, айналма тас жолдарының бойындағы қаулаған шөптер шабылып, күл-қоқыстан тазаланды. «Таза Қазақстан» эко-акциясы аясында ұйымдастырылған шараға 6 сектор мамандары, қала тұрғындары, белсенді азаматтар мен қала еріктілері қосылды.

5 аумаққа бөлініп жиналған қоқысты тасымалдауға коммуналдық мекеме қызметкерлері мен 13 техника жұмылдырылды. Тазалық жұмыстарына 700-ге жуық адам қатысты.

Тазалық акциясының мақсаты – қоршаған ортаны таза ұстап, экологиялық мәдениет қалыптастырып, отаншылдыққа тәрбиелеу.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin