Түркістан – Түркі мемлекеттерінің 2024 жылғы туристік астанасы: Қала әкімі шаһар аумағындағы барлық құрылыс жұмыстарының сапалы жүргенін қадағалауда ұстап отыр

Кезекті аралауды кеше қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков М.Әбенова көшесіндегі кәріз жүйесінің құрылысынан бастады. «Capital Construction Projects Kazakhstan» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жоба бойынша 1600 метрге темірбетон құбырларын жүргізуді қолға алып, 1200 метрде жұмысты соңына жеткізді. Қазіргі таңда құрылыс 400 метрде жалғасуда.

Мердігер қажетті жабдықтардың жеткізілгенін, сапа талаптарының сақталып жатқанын баяндады.

Нұрбол Әбдісаттарұлы техникалық қадағалаушы мекеме өкілінің де есебін тыңдап, нысанның өндірістік кестеден кешікпей тапсырылуы қажеттігін ескертті.

Қазіргі таңда Түркістан қаласында орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылған абоненттер саны – 16 336, бұл қала тұрғындарының 36,5%-ын құрайды. Аталған көрсеткішті жыл қорытындысымен 55,8%-ға жеткізу жоспарланып отыр. Осыған сай, бүгінде 17 жоба әзірленіп, 11 нысанның құрылысы жүзеге асуда. Сонымен қатар 4 нысанның жобалау-сметалық құжаттары республикалық бюджетке қаржыландыруға ұсынылған.

Мәдениет үйінің құрылысын бақылау барысында Нұрбол Әбдісаттарұлы жұмысшыларды көбейту қажеттігін тағы ескертті. Қабырғасы қаланып біткен екіқабатты ғимараттың ішкі әрлеуіне, шатыр жабу, терезе орнату жұмыстарына бүгінгі таңда 40-тан астам құрылысшы жұмылдырылған. Аумағы 1,13 гектарды құрайтын 500 орынға шақталған мәдениет үйінде демалыс аймағы, автотұрақ және балалар ойын алаңшасын салу да қарастырылған.

Шаһар басшысы тиісті сала жетекшілеріне Мәдениет үйінің айналасын абаттандыру бойынша ұсыныс беруді тапсырды.

Атап өтер маңызды мәселе, қала аумағындағы санитарлық тазалықты, атқарылған жұмыстарды қадағалау мен тексеру арнайы құрылған жұмысшы топқа жүктелді. Бұл бойынша бүгін қала әкімі Нұрбол Тұрашбековтің төрағалығымен арнайы мәжіліс өтіп, жұмысшы топ міндеттері таныстырылды.

— Жауаптылар бекітілді, аймақтар белгіленді. Аптасына бір рет жұмысшы топ жетекшісінің есебі тыңдалады. Жұмыстың бағасы Ұйымдастыру бөлімі тарапынан жүргізілетін кері тексеріс нәтижелерімен салыстыра отырып берілетінін ескертемін. Заң да, талап пен тәртіп те ортақ. Қала тазалығы мен мүлкіне зиян келтіру – қоғамға деген құрметсіздік деп білемін. Жұмыс барысында көзбояушылық пен немқұрайлыққа жол бергендердің жауапкершілігі қатаң сұралатынын назарларыңызға саламын, — деді шаһар басшысы өз сөзінде.

Жыл басынан бері облыс орталығында ортақ пайдалану орындарда ластау (ӘҚБтК 434-2 бабы) дерегімен 5467 хаттама толтырылып, 87 миллион 845 мың теңге айыппұл салынған. Абаттандыру қағидатын бұзған ( ӘҚБтК 505-бабы) 1751 жағдай тіркеліп, 5 миллион 521 мың теңге айыппұл рәсімделген. Келісімшарт арқылы қоқыс артып, аталған қоқысты белгіленбеген орынға тастаған 7 кәсіпкерге, 5 жеке жүк көлігі бар тұлғаға қатысты Әкімшілік кодекстің 505-ші бабы және 434-2-ші бабымен шара көрілген.

Республикалық «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында қала аумағында барлық салаға тазалық күндері белгіленіп, аптасына 2 рет тұрақты түрде сенбіліктер өтуде.

Нұрбол Әбдісаттарұлы: «Аралау барысында, өкінішке қарай, кей аймақтардағы тазалық жұмысының суретке түсіп, есеп жолдаумен шектелгенінің куәсі болдым. Әрине, барлығы бірдей емес. Бұл міндетке асқан жауапкершілікпен қарайтын азаматтарға алғысымды білдіргім келеді. Тазалық шарасына есеп үшін емес, азаматтық жанашырлықпен атсалысайық, әріптестер. Қала тазалығына қарап, осы қалада тұратын баршамызға баға берілетінін есімізден шығармайық», — дей келе, бөлім басшылары мен сектор жетекшілеріне бірқатар тапсырмалар жүктеді.

Бүгінге дейін көпқабатты үйлердің аулаларына қоқыс салатын 300 контейнер орнатылды, тұрғындардың сұранысына сәйкес контейнерлер жаңартылып отыр. Қажеттілігіне қарай, І-ІІ мөлтекаудандарында қоқыс тасымалдау жиілігі артты. Белгіленбеген орындарға қатты тұрмыстық қалдықтар жиі тасталатын орындар анықталып, 30 бейнебақылау камерасы орнатылды. Заңсыз қоқыс алаңдары тазартылып, аймақтарды Полиция басқармасы өз бақылауына алды.

Мәжіліс қорытындысына сәйкес хаттама түзіліп, тапсырмалардың орындалуына мерзім мен жауаптылар бекітілді.

Хаттама демекші, 2024 жылдың қыркүйек айында Түркістан қаласының тұрғындары үшін «Қаржылық сауаттылық» курсын өткізу жоспарланып отыр.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен өткен жылы «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Заң қабылданып, жүзеге асырылған болатын. Оның қолданылу аясын кеңейту мақсатында «Amanat» партиясы «Halyk Bankпен» бірге «Қарызсыз қоғам» жобасын іске қосқан. Ондағы негізгі мақсат — проблемалық берешегі бар адамдардың қаржылық сауаттылықтарын арттыру.

Осыған орай биыл елімізде 750 мың адамның қаржылық сауаттылығы артпақ. Атап айтқанда, берешегі бар 200 мың қала, ауыл тұрғыны, 100 мың жоғарғы оқу орнының студенттері, 450 мың мектеп пен колледж оқушылары қаржылық сауат ашу курстарынан өткізілмек. Бұл өскелең ұрпақтың өз қаржысын сауатты әрі жауапты басқаруына мүмкіндік береді.

«Қаржылық сауаттылық» курсына қатысамын деушілерге төмендегі мекен-жайлар бойынша қабылдау жұмыстары жүргізілуде.

Тел: 1310

Instagram: turkistan1310.

Whatsapp: +77073331310.

Түркістан қаласы, Ғабит Мүсірепов, №33 А, «Яссы» тұрғын алабы.

Түркістан қаласы, Ханқорған №3, «Бірлік» тұрғын алабы.

Түркістан қаласы, Нәзір Төреқұлов, №3А, «Шауғар» тұрғын алабы.

Түркістан қаласы, Ілияс Есенберлин, №13, «Бекзат» тұрғын алабы.

Түркістан қаласы, Тілеумыңбасы, №5, «Сауран» тұрғын алабы.

Түркістан қаласы, Қазыбек би, №258, «Отырар» тұрғын алабы.

Түркістан қаласы, Ғабит Мүсірепов, №17.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin