Бұған көз жеткізу қиын емес. Сөзіміз дәлелді шығу үшін тек осы аптаға шолу жасап көрсек. Мәселен, бүгін қала әкімі Нұрбол Тұрашбековтің жұмыс күні “Тұран” тұрғын үй кешенін аралап, кемшіліктердің қалпына келтірілуін тексерумен басталды.
Көпқабатты тұрғын үйлердің ауласында анықталған олқылықтар, аумағын күл қоқыстарды тазарту бойынша берілген тапсырмалардың орындалуын қала әкімінің орынбасары Байдулла Оразбеков баяндады.
Құрылыс бөлімінің басшысы Нұркен Нақбаев мердігерлермен жүргізілген жұмыс жөнінде есеп берді. Қазіргі таңда мұнда аяқжолдардың бүлінген бөліктері қайта төселіп, кей үйлердің қасбеттерінің кемшіліктері кезеңімен атқарылуда.
Сонымен қатар, аралау барысында қоқыс алаңдарын болдырмау үшін қабылданған шаралар мен орындалуын бақылау нәтижелері тексерілді.
Есім хан көшесінің бойындағы жанама жолдың жағдайы да назардан тыс қалмады. Техникалар асфальт төсеуге жол негізін әзірлеп таптау жұмысын бастаған.
Нұрбол Әбдісаттарұлы аралау нәтижесімен барлық жауапты бөлім басшыларына тапсырмалар жүктеп, мерзім белгіледі.
Ал осы аптаның дүйсенбісінде қала әкімі Нұрбол Тұрашбековтің төрағалығымен өткен мәжілісте тазалыққа жауапты жеке кәсіпкерлер өзекті мәселелерін ортаға салған болатын. Қазіргі таңда қаладағы 6 сектордың санитарлық тазалығына 7 жеке кәсіпкер жауапты. Олар шаһардағы 832 көшеден қатты тұрмыстық қалдықтарды қоқыс полигонына тасымалдайды.
Қала әкімі сектор басшыларына қоқыс тасымалының төлемі бойынша тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейтуді ескертті.
Ал, жеке кәсіпкерлерге қоқысты бекітілген кестеден кешіктірмей, тиянақтап алуды тапсырды.
— Әрине, еңбектің ақысы төленуі керек. Алайда, көрсетілетін қызмет те талапқа сай болуы қажет. Өздеріңізге бекітілген көшелерден белгіленген уақытта қоқыс алынбаған жағдайда біз де заң шеңберінде тиісті шаралар қабылдайтынымызды назарларыңызға саламын, — дей келе, Нұрбол Әбдісаттарұлы тазалық мекемелерін өз міндетіне жауапкершілікпен қарауға шақырды.
Жеке кәсіпкерлер төлемақы қарызы жиналған азаматтарға ескерту хат жолданғанын, әр үйге тіркелген азаматтарды түгендеу жұмыстары басталғанын баяндады.
Полиция басқармасы 5-12 тамыз аралығында қалада ортақ пайдалану орындарын ластаудың — 165, абаттандыру қағидаларын бұзудың 14 фактісін тіркеген. Жол жабысындысын бұзған 3 жүк көлігі анықталған.
Мәжіліс соңында қала әкімі күн тәртібіндегі мәселелер бойынша берілген тапсырмаларды уақытылы орындап, кемшіліктерді жою үшін сала жауаптыларына нақты міндеттер жүктеді.
Аптаның сейсенбісінде қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков Бірлік тұрғын алабындағы стадион аумағын абаттандыру барысын тексерді. Демалыс аймағына айналатын нысанда қазіргі таңда футбол және ойын алаңшаларының негізі қалануда. Орындықтар орналастырылып, жаяулар жолы төселуде. Сонымен қатар мұнда түнгі жарықшамдар қойылып, арнайы автотұрақ жасақталады.
Нұрбол Әбдісаттарұлы құрылысты мерзімінде аяқтау үшін мердігерге жұмысшы санын арттыруды тапсырды. Нысанның сапалы атқарылуын бақылауға белсенді азаматтарды тарту қажеттігін де ескертті.
Сондай-ақ, аралау барысында шаһар басшысы сектор жетекшісіне Бірліктегі тазалық жұмыстарын ширатуды жүктеді.
Мұнан бөлек сейсенбі күні күні қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков І және ІІ мөлтек ауданды аралап, тазалығын тексерді. Сонымен қатар, көпқабатты үйлер бойынша өзекті мәселелерді саралап, бөлім басшыларының ұсыныстарын тыңдады.
Қазіргі таңда тозығы жеткен ауыз су құбырлары ауыстырылуда. Аулаларды абаттандыру ісі жүзеге асты. Жауапты бөлім басшысына ойын алаңшалары мен футбол алаңшаларында анықталған кемшіліктерді тез арада жоюды, мердігер мекемеге заң аясында шара көруді тапсырды.
Сондай-ақ, мөлтекаудан аумағындағы бос жерлерді көгалдандыру, ағаш отырғызу, қажет деп табылған орындарға қоршаулар қою жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді.
— Тазалық маңызды. Қоқыс контейнерлеріне айына бір рет тұрақты түрде тексеріс өткізу қажет. Тозығы жеткендерінің мерзімінде жаңартылып отыруы қадағалансын. Сектор басшысы мен мамандары тұрғындардың қатысуымен аулаларда сенбілік өткізуді ұйымдастырсын. Өзі тазалыққа атсалысқан адам өзгелердің қоқыс тастауына жол бермейді, — деді шаһар басшысы өз сөзінде.
Сонымен қатар сәрсенбіде қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков Әкімшілік-іскерлік орталығы мен Жаңа қала аумағын аралап, берілген тапсырмалардың орындалуын тексерді.
Қала әкімінің орынбасары Байдулла Оразбеков “Тұран” тұрғын үй кешенінің аулаларын абаттандыру жұмыстары бойынша баяндады.
Құрылыс бөлімінің басшысы Нұркен Нақбаев 11-көшеде орналасқан 16/1, 21/1, 25/2 үйлерге қатысты белгіленген тапсырмалардың жүзеге асырылуы бойынша есеп берді. Мәлімдеуінше, тұрғындардың өтініші зерделеніп, өзекті мәселелер кезеңімен атқарылуда. Кей үйлердің жертөлесінде анықталған кемшіліктер мердігр мекемелермен қайта қалпына келтірілуде.
9-көшедегі 40/4 үйге қатысты шағымдар бойынша атқарылған жұмыстар да айтылды.
Нұрбол Әбдісаттарұлы тапсырмалардың талапқа сай орындалуы маңызды екенін атап өтті. Қазіргі таңда Жаңа қала аумағында тұрғындардың арыз-шағымдарымен арнайы штаб жұмыс істеуде. “Түскен өтініштер назардан тыс қалмай, заң аясында шешілуі қажет”, — дей келе шаһар басшысы сала жетекшілеріне мобильді топтың үздіксіз жұмыс істеуін бақылауды тапсырды.
Сондай-ақ, жауаптыларға көгалдандыру мен тазалыққа қатысты бірқатар ескерту жасап, жұмысты ширатуды тапсырды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.