Бүгін қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков С.Қожанов көшесінде тұрғындармен кездесіп, ауланы абаттандыру жұмысына қатысты пікірлерін сұрады.
Қала басшысымен өткен кездесулердің бірінде көпқабатты үй ауласына асфальт төсеу жөнінде өтініш түскен болатын. Мәселені зерделей келе, аулаға балалар алаңшасын және демалатын орындар орнату келісіліп, тиісті жұмыстар атқарылды.
Нұрбол Әбдісаттарұлы аяқталған істің басына барып, мердігер тарапынан міндеттемелерінің орындалуын саралады:
— Шағымдарыңыз бен қосымша ұсыныстарыңыз болса, айтыңыздар. Мердігерді де, жауапты мамандарды да арнайы шақырттым, кемшіліктер болса қалпына келтіреді, басқа мәселелер туындаса, олардың да заң аясында шешілуіне жұмыс жасаймыз, — деді шаһар басшысы өз сөзінде.
Тұрғындар өз кезегінде абаттандыру кезінде уақытпен санаспай жұмыс істеген жұмысшыларға ризашылықтарын жеткізді. Аулада атқарылған әр іске көңілдері толатынын да айтты.
Аула демекші, Түркістан қаласында басталған жазғы ашық алаң ойындарының кезекті кезеңі өтті. Дәстүрлі ұйымдастырылатын сайысқа 6 жастан 18 жасқа дейінгі 300-ге жуық сектор тұрғыны қатысты. Олар дойбы, секіргішпен секіру, асық ату мен тоғызқұмалақ, шахмат және ләңгі тебуден бақтарын сынады.
Отырар мөлтекауданы №20 тұрғын үй ашық алаңында өткен сайыста қатысушылар қызықты ойын көрсетіп, жеңімпаздарға қала әкімінің алғыс хаты мен сыйлықтары табысталды.
Сонымен қатар ашық алаң ойындарының кезекті жарыс күнінде кестеге сәйкес, қатысушылар футболдан өзара жарысып, кіл мықтыны анықтады. Жарыста барлығы 12- 13 жасөспірімдерден құралған 12 команда бақ сынады.
Ал кешегі лездемелік мәжілісте қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков сала басшыларына ескерту жасаған-ды. Оған себеп те жоқ емес.
Қала әкімдігінің ұйымдастыру-инспекторлық бөлімі тарапынан ұсынылған кемшіліктерді арнайы мәжілісте саралап, бөлімдердің есебін тыңдаған қала басшысы мәселенің салдарымен емес, оның алдын алумен айналысу қажеттігін жиналысқа қатысушылардың есіне тағы да салды:
— Орындауға өздеріңіз ұсынған мерзімді бекіттім. Дегенмен, кей тапсырмалардың атқарылуы шегерілгенін көріп отырмын. Істеріңіздің де сөздеріңіздей тиянақты болуына күш салыңыздар. Халықпен санасайық, бірақ уақытпен санаспайық, құрметті әріптестер! — деді Нұрбол Әбдісаттарұлы өз сөзінде.
Қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Мұхит Көшенов Қызылорда тас жолы бойында орналасқан кәсіпкерлік нысандарын аралаудың нәтижесінде ретсіз жарнамалар, заңсыз дүңгіршектер алынғанын және кәсіпкерлік нысандарының қоршауы реттелгенін баяндады.
Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Арман Оспан қала аумағында Жәңгір хан, О. Жарылқапов, Төле би, Сабырханов және Қ.А. Ясауи көшелерінде анықталған кемшіліктерді қалпына келтіру жұмыстары басталғанын, Шекті тілеу, Т.Рысқұлов, Б.Майлин көшелерінде асфальт жабындысы бүлінген аймақтарды жөндеу жүзеге асырылып жатқанын жеткізді.
Инфрақұрылым және коммуникациялар бөлімінің басшысы Ержан Исмайлов кәріз жүйесінің құрылысы аяқталған көшелердің жолдарын реттеу бойынша атқарылған тірліктерді тізіп, есебін ұсынды.
Мәжіліс қорытындысымен тапсырма-жоспар тізімі жаңартылып қайта бекітілді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.