Түркістан – Түркі әлемінің туристік астанасы: Түркістанда «Өнерлі өлке» өнер фестивалі басталды

Биыл Түркістан – Түркі әлемінің туристік астанасы атанды. Осыған орай өңірде «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі өз жалғасын тауып отыр. Этноауылда ашылу салтанаты өтіп, көпшілік назарына концерттік бағдарлама ұсынылды.

Аудан-қалалардың өнер ұжымдары алдын ала бекітілген кестеге сәйкес, кезекпен келіп, өнерлерін көрсетеді. Алғаш болып фестиваль шымылдығын күндері Сайрам ауданының көркемөнерпаздары ашты. Этноауылда суретшілер мен қолөнер шеберлерінің және аудан, қаланың жетістіктері туралы көрмелер ұйымдастырылған. Екі күнге жоспарланған шара барысында қылқалам, қолөнер шеберлерін қатыстыра отырып сурет салу, қолөнер бұйымдарын дайындау жұмыстарын көрсетеді. Сонымен қатар ұлттық салт-дәстүр, ән-жыр, әдет-ғұрыпқа байланысты көріністер де сахналанады.

Ал аптаның сенбі күні «Керуен сарай» туристік кешені аумағында әрбір аудан, қала мерекелік гала-концерт дайындап, көрермендерге ұсынады. Гала-концертте халық шығармашылығының жанрлары: ән, би, күй, айтыс, көркемсөз оқу, жыр-терме, цирк, сатира, хор, оркестр, вокалды-аспаптар мен отбасылық ансамбльдер, фольклорлы-этнографиялық ансамбльдер, театрландырылған қойылымдар болады.

Облыс әкімдігінің қолдауымен, облыстық мәдениет және туризм басқармасының ұйымдастыруымен өтетін фестивальдің басты мақсаты – мәдениет пен өнерімізді дамыту және жастар арасында ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрпымызды дәріптеп, Түркістанның туристік әлеуетін арттыруға бағытталып отыр.

Айта кетейік, фестиваль қорытындысы бойынша үздік деп танылған көркемөнерпаз ұжымдары және әншілердің қатысуымен гала-концерт ұйымдастырылып, жеңімпаздар марапатталады. Маусым-қыркүйек айлары аралығында Түркістан қаласында әр аптаның жұма, сенбі күндері өтеді.

Өнер дегеннен шығады, түркістандық «саялы сарыағаш» ансамблі беларусиядан үш жүлдемен оралды. Беларусия Республикасы, Пастава қаласында XXXIV Халықаралық «Звіняць цымбалы і гармонік» фестивалі өтті. Ұлттық аспаптарды дәріптеуге бағытталған байқау 34-ші рет ұйымдастырылып отыр. Биылғы өнер сайысына бірнеше мемлекеттен 12 топ қатысып, бақ сынады.

Түркістан облысының Сарыағаш аудандық мәдениет үйінің «Саялы Сарыағаш» этно фольклорлық ансамблі де аталған «Ұлттық аспаптар әуені» фестиваліне қатысып, үш бағыт бойынша да үздіктер қатарынан көрінді. Атап айтсақ, ұлт аспаптар номинациясы бойынша «Саялы Сарыағаш» жүлделі I орынды иемденді. Ал жеке аспапта орындау номинациясы бойынша ансамблдің домбырашысы Ернар Тұрлыбеков I орын, дуэт, трио номинациясы бойынша ансамбль жетекшісі Сәрсен Ахметов, домбырашылар Ернар Тұрлыбеков, Қанат Шекербеков I орынды иеленді. Осылайша үш дүркін жеңімпаз атанып, еліміздің мерейін асқақтатты.

Айта кетейік, Сарыағаш аудандық мәдениет үйі жанынан ұйымдастырылған «Саялы Сарыағаш» ұлт-аспаптар ансамблі 1996 жылы құрылған. Ансамбльдің репертуарында халық әндерінен бастап, дәулескер күйшілердің күйлері мен қазақ композиторларының әндері секілді тағы басқа 40-тан астам шығарма бар. 2008 жылы «Саялы Сарыағаш» ансамбліне «Халықтық» атақ берілді. Қазіргі таңда республикалық, облыстық іс шараларға қатысып өнер жоғары деңгейде көрсетіп жүр. Өзбекстан Республикасында өткен «Ұлы Жібек жолы» фольклорлық ансамбльдер фестивалінде бас жүлде иемденген болатын. Сондай-ақ облыста өткізілетін мәдени көпшілік іс-шараларының, салтанатты мерекелік жиындардың, концерттік бағдарламалардың жоғары деңгейде өтуіне атсалысады. Заман талабына сәйкес «Саялы Сарыағаш» ұлт-аспаптар ансамблі этно-фольклорлық ансамбль болып, халық арасында ұлттық өнердің нәрімен сусындатты, дәстүрлі өнерді насихаттауда өз үлестерін қосып келеді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin