Түркістан қаласы әкімдігінің мәжіліс залында 7 маусымда Түркістан қаласының «Шавгар», «Яссы», «Бекзат» тұрғын алқаптары және Бекзат Саттарханов даңғылы бойындағы аумақ үшін әзірленген егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жобасына қоғамдық талқылау өткізілді.
Қазіргі уақытта жобаланып жатқан ауданда жеке тұрғын үйлер, ғылыми-білім беру кластері — Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті, коммерциялық нысандар, қызмет көрсету нысандары және ботаникалық бақтар салынған.
Қарастырылып отырған аумақта Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ғимараты, мешіт, 700 оқушыға арналған Сабыр Рахимов жалпы орта мектебі, «Ай көркем» салтанат сарайы, Мемлекеттік басқару академиясы, «Дене шынықтыру және спорт басқармасы» әкімшілік ғимараты, Халық банкі, «Хан Шахар» салтанат сарайы, мейрамхана, 90 орынға арналған «Индира» балабақшасы және басқа объектілер орналасқан.
Инженерлік-көліктік инфрақұрылым объектілерінен жобаланатын аумақ бойынша қаланың қолданыстағы негізгі көлік артериялары өтеді: Бекзат Саттарханов даңғылы, Шәуілдір трассасы, Жібек жолы көшесі, Батыс Еуропа-Батыс Қытай трассасы және басқа да магистральдық және жергілікті көшелер.
Шавгар тұрғын ауданының №9 ЕТЖЖ жобаланатын аумағы I орталық және IV оңтүстік жоспарлау ауданында орналасқан.
Жобаны әзірлеу шекаралары мына көшелермен шектелген аумақ болып қабылданды:
— солтүстіктен — Тәуке хан даңғылы, Төреқұлов көшесі және Тұңғыш Президент саябағы;
— батыстан — Мәскеу-Алматы темір жолы;
— оңтүстіктен — Сүйінші Батыр көшесі;
— шығыстан — Сапарбай Боллс көшесі;
— солтүстік-шығыстан — М. Абенов көшесі.
Жобаланған ауданның ауданы 1715 га құрайды.
Жобаланған аумақ солтүстіктен қаланың мәдени-рухани орталығымен шектеседі, сондай-ақ қаланың негізгі көлік артерияларының бірі — Тәуке хан даңғылы өтеді.
Бекзат тұрғын ауданының №10 ЕТЖЖ жобаланатын аумағы VI оңтүстік-батыс жоспарлау ауданында орналасқан.
Жобаны әзірлеу шекаралары шектелген аумақ болып қабылданды:
– солтүстігі мен солтүстік-шығысынан — Мәскеу-Алматы темір жолы;
– солтүстік-батыстан — Жандосов көшесі;
– батыстан қала шекараларына жалғасады;
– оңтүстік және оңтүстік-шығыстан Байқоңыр көшесімен шектеледі.
Жобаланған ауданның ауданы 957 га құрайды.
Жобаланған аумақ солтүстіктен қаланың мәдени-рухани орталығымен шектеседі, сондай-ақ қаланың негізгі көлік артерияларының бірі — Тәуке хан даңғылы өтеді.
Батысында зират орналасқан.
Яссы тұрғын алабының №13 ЕТЖЖ жобаланатын аумағы I Орталық және V Солтүстік жоспарлау ауданында орналасқан.
Жобаны әзірлеу шекаралары мыналармен шектелген аумақ болып қабылданды:
— батыстан солтүстікке қарай Түркістан-Кентау темір жолымен шектеледі;
— батысында Қызылорда тас жолы көшесімен;
— оңтүстікте Б. Саттарханов даңғылы және Х. А. Яссауи университеті аумақтарымен;
— солтүстікте қала шекарасымен шектелген.
Жобаланған ауданның ауданы 2422 га құрайды.
Жобаланған аумақ оңтүстіктен қаланың мәдени-рухани орталығымен шектеседі, сондай-ақ қаланың негізгі көлік артерияларының бірі – Бекзат Саттарханов даңғылы өтеді.
Шығыс жағында су алу ғимараты орналасқан.
Қоғамдық талқылауға қатысқан Түркістан қаласы тұрғындарының сұрақтарына толық жауап ұсынылды.
Бұдан бөлек қала әкімінің орынбасары Мекенхан Қозыханұлының төрағалығымен қала әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның он бірінші отырысы өтті. Жиналыста күн тәртібінде өзекті деген бірнеше мәселе қаралды.
Мәжілісте қала аумағындағы кәмелетке толмағандардың арасында жазғы шомылу маусымында оқыс оқиғалардың алдын алу бойынша атқарылған жұмыстар бойынша және кәмелет жасына толмаған жасөспірімдердің үстінен жинақталған іс құжаттар жөнінде баяндалды.
Одан бөлек, балаларлың бос уақытын тиімді пайдалану, жазғы лагерлерді ұйымдастыру бойынша қалалық Білім бөлімінің басшысы Оразкүл Қолдасова баяндаса, жастардың бос уақытын тиімді пайдалану бойынша қалалық Жастар ресурстық орталығының директоры Әлия Пиржанова жеткізді.
Сондай-ақ, мәжілісте күн тәртібіндегі мәселелер бойынша комиссия мүшелері ұсыныс-пікірлерін талқылады.
Өз кезегінде комиссия төрағасы Мекенхан Қозыханұлы кәмелетке толмаған жасөспірімдердің қауіпсіздігі, құқықтарының қорғалуы жауапты мекемелердің ұдайы назарында болуы қажеттігін айтып, нақты тапсырмалар жүктеді.
Ал бүгін қала әкімі Нұрбол Тұрашбековтің төрағалығымен кезекті аппараттық мәжіліс өтті. Бекітілген күн тәртібіне сәйкес, қалалық Полиция басқармасы басшысының бірінші орынбасары Нұрлан Мұратов – құқықбұзушылықтың алдын алу және қоқыстар бойынша салынған айыппұлдар, қалалық Білім бөлімінің басшысы Оразкүл Қолдасова — оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыру, қалалық Төтенше жағдай басқармасының басшысы Асқар Сейсенов — шомылу маусымындағы қауіпсіздік шаралары туралы, қала әкімі аппаратының басшысы Талғат Қыдырбаев — облыс әкімінің және қала әкімінің хаттамалық тапсырмаларының, халықпен кездесу және жеке қабылдау нәтижесімен берілген тапсырмалардың орындалуы, ұйымдастыру-инспекторлық бөлімінің бас инспекторы Ердәулет Төрехан жұмысшы топ анықтаған кемшіліктердің орындалу барысы туралы баяндады.
Қала әкімінің бекіткен іс-шара жоспарына сай, құзырлы мекемелер тарапынан шомылу маусымында қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында бірқатар жұмыс атқарылған. Жоспарда нақтыланған 18 іс-шараның 8-і жүзеге асып, есебі ұсынылды. «Тұран су» мемлекеттік кәсіпорны тарапынан Арыс-Түркістан каналы бойына 15 дана — шомылуға тыйым салу хабарлама тақтайшасы, 10 шлюз алдына қорғаныш торы орнатылды.
Төтенше жағдай басқармасы, полиция басқармасы және 6 сектор менгірушілерімен бірлесіп халыққа қауіпсіздік қағидаларын түсіндіру бойынша Отырар, Бірлік, Оралман аумақтарында 7 рет рейд ұйымдастырылып, 500 жадынама парақшасы таратылды. Белгіленбеген орында шомылған 1 азаматқа Қазақстан Республикасы «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 412- бабымен айыппұл салынып, 365-1 бабымен 5 азаматқа ескерту берілген.
Мәжіліс барысында ұсынылған келесі мәліметке сүйенсек, Полиция басқармасы маусым айында ортақ пайдалану орындарын ластаған 228 азаматты анықтап, ӘҚБтК 434-2 бабымен айыппұл салған. Абаттандыру қағидатын бұзған 83 азаматқа шара көрілген. Сонымен қатар, Жол жабындысын бүлдіру бойынша 11 дерек тіркеліп, ӘҚБтК 630-бабымен айыппұл рәсімделген.
Шаһар басшысы жұмысшы топ ұсынған кемшіліктерді зерделеп, көгалдандыру, абаттандыру жұмысына жауапты мамандарға ескерту жасады. Сондай-ақ, секторларға «Таза Қазақстан» эко-акциясы аясында аумақтарда сенбіліктерді тұрақты жалғастыруды тапсырды:
— Белгіленбеген орындарға қоқыс тастау әлі де тыйылар емес. Анықтау, айыппұл салу жұмысын күшейту керек. Полиция үлгермеген жерде сектор мамандары көмекші болуы тиіс. Бұл істе қоғамдық бақылауды жүйелеген дұрыс, — дей келе, тазалықты қадағалауға жергілікті белсенді азаматтарды жұмылдыруға басымдық беру қажеттігін атап өтті.
Мәжіліс қорытындысымен қала әкімінің тапсырма-жоспары толықтырылып, қайта бекітілді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.