Түркістан – Түркі әлемінің 2024 жылғы рухани астанасы: Түркістанда бес жұлдызды қонақ үй кешені мен аквапарк және бейнебақылау камераларын шығаратын зауыт салынбақ

Астанада «Шанхай ынтымақтастық ұйымы» Cаммиті аясында Қазақстан-Қытай бірлескен іскерлік кеңесі өтті. Биыл 7-ші рет өтіп жатқан кеңеске Қытайдың өнеркәсіп саласындағы алпауыт компаниялары қатысты. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР басшысы Си Цзиньпиннің өзара іскерлік байланысы екі ел арасындағы экономикалық байланысты нығайта түсуде.

Бүгінде Қазақстан-Қытай іскерлік Кеңесі Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының бизнес-топтарының өкілдері үшін диалог алаңы, сондай-ақ екі ел арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамытудың маңызды құралына айналған. Маңызды жиынға Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды арнайы қатысып, маңызды келіссөздер жүргізді. Іс-шара қорытындысы бойынша қытайлық бизнесмендермен жалпы құны

1 миллиард 615 миллион АҚШ долларын құрайтын 4 ірі инвестициялық жоба бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Атап айтсақ, Түркістанда бес жұлдызды қонақ үй кешені мен аквапарк және бейнебақылау камераларын шығаратын зауыт салынбақ. Жобаның жалпы құны 270 миллион АҚШ долларын құрайды. Қазіргі таңда арнайы экономикалық аймақтан 11,8 гектар жер учаскесі нақтыланған. Онда 18 қабатты қонақ үй, аквапарк және вилла кешені бой көтереді деп жоспарлануда. Ал ауқымды инвестициялық жоба «Chian Chuangshi Construction Group» компаниясына тиесілі.

Сонымен қатар аймақта баламалы энергия көздерін өндіру бойынша да бірқатар жобалар жүзеге аспақ. Атап айтқанда, қуаттылығы 500 МВт бу-газ қондырғысы және қуаттылығы 300 МВт күн электр станциясы, сондай-ақ электр желісінің металл тіректерін және энергия жинақтау жүйелерін өндіретін зауыт базасында электр станциясын салу туралы шешім қабылданды. Аталған жобаларды іске асыру үшін Бәйдібек, Сауран, Түлкібас аудандарынан жер телімдері нақтыланды. Қуат көзін көп қажет етіп, өзге өңірлерден алып тұтынатын Түркістан облысы үшін жоба аса маңызды. Қазіргі таңда Қытайдың «China Energy Overseas Investment Co.,Ltd» компаниясы жобаға жалпы 915 миллион АҚШ долларын бөліп отыр.

Осымен қоса Ордабасы ауданында «Central Asia Aluminium» ЖШС алюминий бұйымдарын өндіретін зауыт құрылысы басталмақ. Құны 17 миллион АҚШ долларына бағаланып отыр. Өңдеу өнеркәсібі саласындағы инвестициялық жобаны іске асыру арқылы жаңа жұмыс орындары ашылады.

Елімізде мақта өсірумен айналысатын жалғыз өңір – Түркістан. Мұнда, тіпті, Мақтаарал аталған аудан да бар. Алайда бүгінге дейін облыста тоқыма өнеркәсібі дұрыс жолға қойылмаған. Салдарынан шикізаттық экономика деңгейінде қалып, ал мақта бағасы жыл өткен сайын арзандап, шаруалар еңбегінің жемісін толық көре алмай отыр. Сондықтан аймақта облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тікелей тапсырмасымен тоқыма кластерін құру жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Қазіргі таңда мақта өсіріп, одан бұйым шығарып, әлемге экспортын жолға қойған қытайлық компаниялармен уағдаластықтарға қол жеткізілді. Нәтижесінде облыс аумағында мақта талшығын қайта өңдейтін зауыт, жіп иіру зауыты мен мата фабрикасы салынбақ. «Xinjiang Lihua (Group) Co., Ltd» компаниясы аталған жобаларға жалпы 440 миллион АҚШ доллар көлемінде инвестиция бағыттамақ.

Осы тұста атап өтер жағымды жаңалық, жуырда ғана Түркістан облысының Цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасы мен Turkistan hub «PIZZA PITCH» шарасын өткізді.

Онда Түркістан қаласындағы дамып келе жатқан IT startup-тарының жобалары таныстырылды. Іс-шараға 40-тан астам адам қатысып, 5 жоба қорғалды.

– Бұл шара алдыңғы жылдары да өткен, биылдыққа 1-рет өтіп отыр. Алдағы уакыт қатысушылар санын көбейтіп, ауқымды етіп өткізу қолға алынбақ. Шараға қатысушыларға шектеу жоқ. Оқушылар, студенттер және ересек адамдар да қатыса береді. Бұдан өзге, тағы да іс-шаралар өткізу жоспарлануда. IT саласын өңірде кеңірек насихаттау қажет, – деді басқарма басшысы Марат Айнабек.

Айта кетейік, Түркістан қаласынан Кореялық «WOOSONG» университеттің филиалын ашу жұмыстары басталды. Бұл университеттің ашылуы айрықша кезең болмақ. Өңіріміздің экономикалық дамуына ықпал ететін инновациялық жобаларды құрудың бастамасы. Бұл оқу орны облыс пен Қазақстан жастарына үлкен мүмкіндіктер береді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin