Түркістан қаласын туристік қалаға айналдыру бағытында қазіргі таңда бірқатар жұмыстар іске асырылуда. 2023 жылы Әзірбайжанда өткен «Шамахи – Түркі әлемінің туризм астанасы 2023» іс-шарасының жабылу рәсімінде Түркістан қаласына Түркі әлемінің 2024 жылғы туризм астанасы атағы берілді.
Бұл шешім түркітілдес елдердің туризм бағытындағы қарым-қатынасын нығайтуға айрықша серпін береді. Ағымдағы жылы аталған іс-шараның ашылуы өткізіліп, жыл соңына қарай жабылу салтанатын өткізу жоспарланып отыр. Түркістан қаласының туристік әлеуетін арттыру мақсатында Түркістан қаласын Түркі әлемінің 2024 жылғы туризм астанасы атануына байланысты жоғары деңгейдегі 25 іс-шараның жоспары түзілді. Оның ішінде халықаралық – 9, республикалық – 7, облыстық деңгейдегі 9 іс-шара өткізілуде.
Бұдан бөлек, «Kazakh Tourism» және облыстық мәдениет және туризм басқармасымен бірлесе отырып 30-дан астам іс-шара өткізу жоспарланып отыр.
Ағымдағы жылдың 30 қаңтар күні Түркістан қаласы әкімдігі мен «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі, Халықаралық туризм және меймандостық университетімен туризм саласын дамыту мақсатында 2024 жылға арналған іс-шаралар жоспары бекітіліп, «Түркістан – Түркі әлемінің 2024 жылғы туризм астанасы» аясында өзара қарым-қатынас және ынтымақтастықты арттыру мақсатында 3 жақты меморандумға қол қойылды.
Туристерге сапалы қызмет көрсету, туризм саласындағы мамандардың біліктілігін арттыру мақсатында ағымдағы жылы ақпан айында Халықаралық туризм және меймандостық университетімен бірлесе отырып, гид-экскурсоводтарға арналған оқу курсы ұйымдастырылды. Оқу курсы лекциядан және туристік нысандарға бару арқылы практикалық түрде өткізілді. Аталған курстың нәтижесінде 60 маман қайта даярлау курсынан аяқтады.
2023 жылы наурыз айының 18-інде Түркістан облысы әкімдігімен бірлесе отырып, Түркістан қаласының туристік маусымының ашылу салтанаты өткізілді. Аталған іс-шара аясында «Наурыз көже» театрландырылған қойылымы, ұлттық спорттық ойындар, «DRIVE FORUM SILK ROAD FEST» экспедициясының қатысушыларымен танысу, жергілікті қолөнершілер жәрмеңкесі, «Bauyrsak Fest» фестивалі, отандық танымал дизайнер Анар Ташкенбайдың «Түркістан: Жібек жолы» сән қойылымы, танымал эстрада жұлдыздары қала қонақтарына мерекелік көңіл күй сыйлады. Ұлттық мереке қарсаңында Халықаралық «Nauryz BIG FEST» фестивалі жоғары деңгейде өткізілді.
Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамына орай, қалада
22-23 наурыз аралығында бірқатар іс-шаралар өткізілді. Облыстық мәдениет және туризм басқармасымен бірлесе отырып, наурыз мейрамы қарсаңында қазақтың мәдениеті мен салт-дәстүрін, көрнекті жерлерін кеңінен таныту мақсатында 21-22 наурыз аралығында шетелдік БАҚ өкілдеріне баспасөз туры ұйымдастырылды. Түркістан өңіріне Франция, Швеция, Австрия, Германия, Марокко, Испания, Польша, Сербия, Сингапур, Үндістан, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзірбайжан, Қытай Халық Республикасы, Корея Республикасы — жалпы 15 елден 18 БАҚ өкілі келді.
2024 жыл — Қытайдағы Қазақстанның туризмі жылы. Осыған орай, 28-30 наурыз аралығында Бейжің қаласында ауқымды іс-шаралар мен форумдар өтті. Оған Түркістан облысының туризм саласы өкілдері және Қолөнер одағының төрайымы мен шеберлер де арнайы қатысты. Халықаралық көрмеге Қолөнер одағының шеберлері мен шәкірттерінің қолөнерлер, туындылары қойылды. 2023 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға жасаған сапарының нәтижесінде «2024 жыл — Қытайдағы Қазақстанның туризмі жылы» болып жарияланды. Халықаралық жиынға Қазақстанның делегациясы келіп қатысты. Құрамында Премьер-Министрдің орынбасары әрі Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу, Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев, сондай-ақ әкімдіктердің, «Kazakh Tourism» Ұлттық компаниясының, «Атамекен» ҰКП-ның өкілдері мен 150-ден астам мәдениет қайраткері бар.
Іс-шараның бірінші күні Қазақстан-Қытай туристік және инвестициялық форумынан басталды. ҚР Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев құттықтау сөз сөйледі.
«Қытай Халық Республикасындағы Қазақстанның туризм жылы – екі ел арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтуға ықпал ететін ерекше іс-шара. Бүгінгі іс-шарамыз осы мақсатқа жету жолындағы маңызды қадам болып отыр. Біздің диалогымыз жемісті және ұзақ мерзімді ынтымақтастықтың негізін құрай отырып, туризм саласындағы серіктестіктің жаңа көкжиектерін ашады деп сенеміз», — деді министр.
Сондай-ақ ол Қазақстан – кез келген саяхатшыны өзінің көшпелі мәдениетімен, ғасырларға жалғасқан тарихымен және бірегей табиғатымен қызықтыратынын атап өтті.
«Еліміздің туристік әлеуеті зор. Біздің мақсатымыз – сол байлықты барлығына қолжетімді ету», — деп толықтырды Ермек Маржықпаев. Форумға Қытай Халық Республикасының Мәдениет және туризм министрі Сунь Ли де қатысты. Құттықтау сөзімен «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Сәдуақасов та сөз сөйледі. Ол жиналған қауымды «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясымен таныстырды. «Қазақстан – қытайлық туристер үшін ең тартымды бағыттардың бірі екеніне сенімдіміз. Ол визасыз режимді қолдайтын көршілес ел ғана емес, сонымен қатар «Бір белдеу, бір жол» бастамасының стратегиялық серіктесі. Біз туристердің назарына эко-, этнотуризм, ойын-сауық және ресми іс-шараларды қамтитын «Еco-Ethnic-Entertainment-Events» концепциясын ұсынамыз», — деді Қайрат Сәдуақасов.
Қазақстандағы әр бағыттың әлеуеті туралы айта келе, Қ.Сәдуақасов форумға қатысушыларды биыл Қытайдағы Қазақстан туризмі жылы аясында өтетін іс-шараларға қатысуға шақырды. 2024 жылға олардың 35-тен астамы жоспарланған.
Туризм және инвестициялық форум екі панельдік сессиядан тұрды:
- «Қытай саяхатшылары үшін Қазақстандағы ұйымдастырылған туризм мүмкіндіктері»
- «Туристік бизнестегі әріптестік: Қазақстан-Қытай арасындағы инвестициялық мүмкіндіктер».
Форумға ҚР Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев пен «Атамекен» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Тимур Нахипбеков модераторлық етті. Кездесуде қытайлық саяхатшылар үшін ұйымдастырылған туризм мүмкіндіктері мен Қазақстан-Қытайдың инвестициялық мүмкіндіктері талқыланды. Сондай-ақ форумға қатысушылар үшін бірегей көрме ұйымдастырылды, онда қонақтар Қазақстанның барлық 17 аймағының көрікті жерлерімен таныса алды. Еліміздің 17 облысы стендерінде өз өңірлерінің тарихын, мәдениетін және туристік әлеуетін кеңінен таныстырды. Түркістан облысының делегациясы жоғары дайындықпен жасаған ақпарат алаңы қытайлықтар мен іс-шара қатысушыларының назарын аудартты. Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің арнайы макеті, «Жер ана» инсталяциясы, қазақтың алып батырлары көптің таңдайын қақтырды. Келушілеріге қолөнер бұйымдары, ұлттық тағамдар, облыстың туризм бағытын қамтыған үнпарақтар, брендтік өнімдерді ұсынды. Атап айтқанда, Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасы, «Open Turkistan» туристік ақпараттық орталығы, «Керуен сарай» кешені, «Turan tour» туристік операторы, облыстық қолөнершілер қауымдастығы белсене атсалысты. Бұл іс-шаралар Қазақстанның әр аймағының туризмімен таныту, туристер алмасу, тәжірибемен бөлісу тұрғысынан өте маңызды.
Халықаралық туристік көрме аясында «Туризм және инвестицияны дамыту» атауымен форум және екі панельдік сессиясы өтті. Сондай-ақ екі елдің туристік операторларының байланыс орнатып, Түркістанға туристерді тарту бойынша В2В кездесулер ұйымдастырылды. Онда меморандумдарға қол қойылып, ақпарат алмасты. Саланы бірлесіп ілгерілету жайында да келіссөздер жүргізді.
Гала-концертте музыкалық шығармашылық ұжымдары, би топтары, сондай-ақ Роза Рымбаева, Әли Оқапов, Майра Мұхамедқызы, Зарина Алтынбаева, «Ұлытау» тобы, Қытайдың өнерпаздары өнер көрсетті. Делегация тізімінде спорт шеберлері Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев, UFC спортшысы Шавкат Рахмонов пен Олимпиада жүлдегері Қанат Ислам да бар. Ал 30 наурыз күні Бейжің қаласының 798 Art Zone мекенжайында Түркістан облысы «Наурыз Fest» мерекелік концерттік бағдарламасын ұйымдастырды.
Расы керек, кейінгі жылдары құдайы көрші, стратегиялық әріптес аспан асты мемлекетімен достық рәуіштегі қарым-қатынасымыз одан сайын нығайып келеді. Ілтипатымыз зор іргеміздегі елмен ортақ істеріміз қашанда ілкімді, ілгерінді сипатқа ие. Меймандостығымыздың мәртебесін асқақтататын бұл атаулы жыл барыс-келісті арттырып, таныстығымызды тереңдете бермек. Оның үстіне екі ел арасында визасыз режімнің енгізілуі де есігімізден енетін несібемізді еселей түседі.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Қытайға ресми іссапары барысында осынау атаулы жылдың туризм саласына тигізетін септігі мол екенін атап өтті.
«Туризм саласындағы ынтымақтастықтың келешегі зор. Қазақстанның бұл бағыттағы мол әлеуетін ескере отырып, жақында Туризм және спорт министрлігін құрдым. Біз Қазақстанға саяхаттайтын қытайлық туристер саны артады деп үміттенеміз. Үкіметіміз елдегі туризм саласын дамытуға бар күш-жігерін жұмсайды. 2024 жыл – Қытайда Қазақстан туризмі жылы болып жарияланды. Бұл осы сала үшін мол мүмкіндіктерге жол ашады. Өзара мәдени-гуманитарлық байланыстар үшін қолайлы жағдай жасалып жатыр. Мемлекетаралық қарым-қатынастарды мүлдем жаңа деңгейге шығару үшін Қазақстанның да, Қытайдың да орасан зор әлеуеті бар деп санаймын. Әрине, біз отандастарымыздың достас елмен және оның әсем табиғатымен, әлеуметтік-экономикалық даму жетістіктерімен танысуы үшін Қытайға жиі саяхаттап баруын қолдаймыз», — деді Қ.Тоқаев.
Расында, бұл жыл көршімізге еліміздің көрікті жерлерін барынша кеңінен көрсетуге, туристік әлеуетімізді жақсы қырынан таныстыруға зор ықпал етеді.
«Туризм саласындағы 2024 жылдың ең басты оқиғаларының бірі – Қытайдағы Қазақстан туризмі жылы болмақ. Іс-шараның негізгі мақсаты – еліміздің туристік әлеуетін ілгерілету, мәдени тәжірибе алмасу, екі ел халықтары арасындағы өзара түсіністік пен достықты нығайту. Қытайдағы туризм жылы аясында Бейжің қаласында ашылу рәсімі, туризм түрлері (экологиялық, медициналық, агротуризм, қалалық, MICE және ғарыштық туризм) бойынша тақырыптық апталар өткізу, Қытайдың 7 ірі қаласында ТОП-20 отандық дестинациялардың тұсаукесерін жасау жоспарланып отыр. Еліміз ерекше табиғаты, бай мәдени мұрасы және баға қолжетімділігі сияқты көрсеткіштерімен әлемдік рейтингте жақсы орын алады. Біз қолда бар орасан зор туристік мүмкіндіктерімізді толық пайдалануымыз керек. Бұл сөзімізге Дүниежүзілік экономикалық форумның Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексіне сәйкес, туризм рейтингінде 117 елден 66-орынға тұрақтауымыз дәлел бола алады», — деп атап өтті Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев.
Жалпы, Қазақстанда туризм саласының негізгі көрсеткіштері бойынша орташа өсім байқалады. 2023 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша ішкі туристер саны 5,4 миллион адамды құрады. Бұл – 2022 жылмен салыстырғанда 552 мыңға артық. Ал шетелдік туристер саны 225 мың адамға артып, 835 мың адамды құрады. Елімізде 2019 жылдан бастап Топ-10 басым туристік аумақты дамыту бойынша жұмыстар белсенді жүргізілді.
Осы бағыттағы жұмыстар жаңа жылда одан сайын жандана түседі деген сенім зор. Бұл өз кезегінде елдің атын танытып, сапарлап келушілердің де қатарын арттыра түседі. Бұған, әрине, Қытайдағы қазақ туризмінің жылы да зор үлесін қосатыны сөзсіз. Сондай-ақ Шанхай ынтымақтастығы ұйымы (ШЫҰ) аясында Алматы қаласына мәдени және туристік астана мәртебесі берілгенін де ерекше атап өтуге болады. Бұл мәртебе 2023 жылдың қарашасында Үрімжіде өткен «Туризм жылы – 2023» форумында берілді. ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің бұл отырысында 2023-2024 жылдарға арналған төрағалық Үндістаннан Қазақстанға ауысқаны да белгілі.
Осы орайда өткен жылы Алматыға жолы түскен шетелдік туристердің 70%-ға жуығы ШЫҰ-ға мүше елдерден екенін айта кеткен жөн. Бұл көрсеткіш көтеріле түсуі әбден мүмкін. Себебі бұған алғышарттар жеткілікті. Алматы көрікті мекенге бай, тау кластеріне 20 минутта жетіп баратын ерекшелігімен қоса іскерлік, мәдени және спорттық туризмді дамытуда үлкен әлеуетке ие. Бүгінде Алматының 77 елмен 45 тікелей әуе қатынасы мен визасыз режімі жолға қойылған.
Бұл ретте Қазақстан мен Қытай мемлекеттері арасындағы визасыз режім туралы мәлімет бере кетейік. 2023 жылдың 10 қарашасын екі елдің Үкіметтері арасындағы визалық талаптардан өзара босату туралы келісім күшіне енді. Осы келісімнің 1-бабына сәйкес екі елдің азаматтары жеке істерді, туризмді, ем қабылдауды, халықаралық тасымалдарды, транзиттік, сондай-ақ іскерлік мақсаттарды жүзеге асыру үшін визалық талаптардан босатылады.
Осылайша, екі елдің азаматтары шекарадан өткеннен кейін көрші елде 30 күн сапарлай алады. Жалпы, 6 ай ішінде (180 күн) күнтізбелік 90 күн визасыз режімсіз жүруге рұқсат етіледі. Ал азаматтарға 30 күннен артық болу қажеттілігі туындаса, тиісті санаттағы кіру визасын алдын ала рәсімдеу қажет. Сондай-ақ визасыз режім жұмысқа орналасуға, оқуға және миссионерлік қызмет жасауға құқық бермейді. Жоғарыда аталған келісім ҚХР Гонконг және Макао арнайы әкімшілік аудандарының аумағына баруға қолданылмайтынын атап өту керек. Қазақстан азаматтары Гонконгқа визасыз 14 (он төрт) күннен аспайтын мерзімге бара алады, ал Макаоға бару үшін виза рәсімдеу қажет.
Жалпы, бүгінгі таңда Қазақстанда 80 бағыт бойынша халықаралық әуе қатынасы қалпына келтірілді. 74 ел үшін визасыз режім жаңартылды. Бұл тізімді 100-ге дейін арттыру жоспарланып отыр.
Ағымдағы жылы 30 мамыр айында «Бабалар рухы үн қатты» аймақтық дәстүрлі әнші-жыршы, термешілер байқауы өткізіліп, іс-шараға 250 өнерпаз бақ сынады.
Түркістан қаласының туристік потенциалын көрсету мақсатында «Tripadvisor», «Google Maps», «Яндекс карта», «2ГИС» және т.б. ақпараттық порталдарында қаланың тарихи-мәдени нысандары, қонақ үй, мейрамхана және т.б. туристік нысандарын енгізу және ақпараттарды өзектендіру жұмыстары жүргізілді.
2023 жылы Түркістан қаласына келуші зияратшылар мен туристердің саны 1015,2 мың адамға жеттіп, 2022 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда (975,5) 4,0%-ға артты.
Сонымен қатар, 2023 жылы шетелдік туристер саны 12,2 мың адамға жетті, яғни былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 71,8% өсті (2022 жылы осы кезеңде 7,1 мың адам).
Шетелдік туристердің басым бөлігі Өзбекстан, Ресей, Түркия, Қытай, Сондай-ақ Еуропа мемлекеттерінен де келеді.
2024 жылдың 4 айының қортындысы бойынша 326,3 мың зиярат етуші және туристер келіп, тиісті кезеңмен салыстырғанда 37,6%-ға артқан (2023 жылдың 4 айы – 203,4 мың адам).
Сондай-ақ, 2024 жылдың 4 айының қортындысы бойынша шетелдік туристер саны 4,3 мың адамға жетті, яғни өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 58,1%-ға өсті (2022 жылы осы кезеңде — 1,8 мың адам).
2024 жылдың 4 айы бойынша Түркістан қаласында 63 орналастыру орындары құраса, 2023 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда (2023 жылдың 4 айы – 56 бірлік) жұмыс істейді.
2024 жылдың І тоқсанында Түркістан қаласында нөмірлік қоры
2869 төсек-орын құрайтын 63 орналастыру орны жұмыс істейді.
Ағымдағы жылы Түркістан қаласында жалпы құны 4,7 миллиард теңгені құрайтын жоғары санатты «Medina Palace» (3,0 миллиард теңге), «Lord Hairs» (1,0 миллиард теңге), «Хан Палас 2» (0,7 миллиард теңге) қонақүйлерінің құрылысы аяқталды. Сонымен қатар, Қолөнершілер қалашығының (5,52 миллиард теңге) құрылыс жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде.
Тарихи ескерткіштерді қорғау және сақтау, аббаттандыру, туристерге қолайлы жағдай жасау мақсатында Ежелгі Күлтөбе қалашығы аумағында бірқатар жұмыстар іске асырылуда. Мұнда биіктігі 15 метр болатын күмбез іспеттес металл конструкцияларды орнату жұмыстары жүргізілді. Қондырғылар жергілікті климатқа төзімді. Болашақта археологиялық парктің қонақтары үшін сандық технологиялар арқылы ежелгі заманға саяхат жасау мүмкіндігі туады. Күлтөбе қалашығы ежелгі Ясы қаласының бір бөлігі болған. Жоба мемлекетпен айрықша қорғалатын аумақта, ЮНЕСКО ұйымының дүниежүзілік мәдени мұралар тізіміне енгізілген Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің айналасында іске асырылатындықтан, қазіргі археологиялық зерттеулер ЮНЕСКО мен ИКОМОС ұйымдарының дүниежүзілік мұра саласындағы халықаралық сарапшылар қауымдастығымен ынтымақтастықта жүзеге асырылуда. Биыл Күлтөбе ескерткішінің құрылыс жұмысы толық аяқталатын болады.
Өзара байланысты жақсарту және ұлтаралық қатынастарды нығайту, тұрақты достық қарым-қатынас орнату мақсатында Түркістан қаласы бірқатар мемлекеттердің қалаларымен бауырластық қатынастар орнату барысында келелі мәселелер іске асырылуда. Қазіргі таңда Түркістан қаласы Өзбекстан мемлекетінің Самарқанд қаласымен, Түркия мемлекетінің Мальтепе, Үскідар және Зейтінбурну муниципалитеттерімен, Әзірбайжанның Шуша қаласы, Қытай Халық Республикасының Юэцин қаласымен, Тәжікстан мемлекетінің Худжанд қаласымен бауырластық қатынастар орнатылған. Бауырластық мәртебесі шетелдік серіктестіктің сенімін, қалалар арасындағы өзара ынтымақтың үлгісін көрсетеді. Бауырлас қала болу — қоғамдық дипломатияның құралы. Бауырлас қалалар мәртебесі халықаралық тәжірибені пайдалана отырып, екі шаһардың тұрғындарына қатысты мәселелерді талқылауға және шешуге, серіктестермен тікелей жобалар мен іс-шараларды ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Аталған қалалармен рухани-мәдени іс-шаралар іске асырылып, тұрақты түрде жалғасын табуда.
Сонымен қатар, түркі тілдес мемлекеттердің қалаларында өткізілетін туристік форум, көрмелерге түркістан күндерін өткізу, бұқаралық ақпарат құралдары көмегімен туристік нысандарды жарнамалау және т.б. іс-шараларды өткізу көзделуде.
Туризм саласындағы мамандарды ынталандыру, туристерді тарту мақсатында біліктілікті арттыру мақсатында семинар, тренингтер ұйымдастыру, «Mobilography Fest» фестивалін, «Turkistan Tourism Awards» фестивалі, «Қолөнершілер көрмесі» «Креативті Түркістан – 2024» туристік көрмесі, «Turkistan Marathon» іс-шараларын жыл соңына дейін өткізу жоспарланып отыр.
Атап өтер тағы бір мәселе, Түркістан өңіріне былтыр 560 мыңнан астам турист және 1 миллион біркүндік келуші келген. Түркістан облысының құрылғанына бес жылдан енді ғана асса да, туристер мекеніне айналып үлгерді. Былтыр облысқа келген туристер саны 560 мыңнан асқан. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 19%-ға артқан. Ал біркүндік келушілер саны 1 миллион адамға жуықтады. Орналастыру орындарында қызмет көрсетілгендер 272,9 мың адамды құрап 7,6%-ға артқан. 2022 жылы – 253,4 мың адам. Ал емдік сауықтыру орындарында қызмет көрсетілгендер 163,3 мың адамды құрап, 14,6%-ға артқан. 2022 жылы – 142,4 мың адам. Сонымен қатар табиғи аумақтар демалғандар 126,6 мың адамды құрап, 69%-ға артқан. 2022 жылы – 74,9 мың адам.
Жалпы, облыста туристерге ұсынылатын негізгі 3 бағыт айқындалған. Атап айтқанда, тарихи-танымдық, экологиялық және емдік-сауықтыру туризмі. Тарихи-танымдық бағытта туристерді тартатын 1 780 тарихи-мәдени ескерткіш бар. Оның ішінде халықаралық маңызы бар объект – 1, республикалық маңызы бар ескерткіш – 40, жергілікті маңызы бар ескерткіш – 403 және алдын ала тізімдегі нысандар – 1336. Экологиялық туризм бағыты бойынша облыс аумағында 4 ерекше қорғалатын табиғи объекті орналасқан. Олардың қатарында «Ақсу-Жабағылы» және «Қаратау» қорықтары, «Сайрам-Өгем» ұлттық табиғи паркі, «Сырдария-Түркістан» өңірлік табиғи паркі бар. Экологиялық туризмді дамыту мақсатында 30 туристік маршрут құрылған. Ал емдік-сауықтыру туризмі бағытында 75 емдік-сауықтыру орны жұмыс істейді. Олардың нөмірлік қоры 12 622 төсек-орынды құрайды.
Облысқа келетін туристерге қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында Түркістан қаласы әуежайының ұшу географиясын кеңейту жұмыстары атқарылуда. Қазіргі уақытта әуежайда 3 халықаралық (Стамбул, Кувейт, Әбу-Даби) және 6 ішкі (Астана, Алматы, Ақтау, Ақтөбе, Орал, Қостанай) әуебағыты бар. Әуежай аптасына 32 рейске қызмет көрсетіп отыр.
Тікелей халықаралық әуе рейстерін ашу елімізге келетін туристердің санын арттыруымен қатар, өңірдің туристік әлеуетінің дамуына оң әсерін тигізеді. Осы орайда «Түркістан – Әбу-Даби» бағытында әуе рейсін ашу жұмыстары жүргізіліп, «Wizz Air» авиакомпаниясымен тұрақты рейстер іске қосылды. Қазіргі таңда рейстің толтырымдылығы 80-90%-ды құрап отыр. Алдағы уақытта Түркістан – Самарқан, Түркістан – Қазан, Түркістан – Будапешт, Түркістан – Тбилиси халықаралық әуе рейстерінің жаңа бағыттарын ашу бойынша келіссөздер жүргізілу үстінде.
Тілге тиек етер тағы бір маңызды жайт, Түркістан – Түркі әлемінің 2024 жылғы туризм астанасы демекші, венгриялықтар Түркістанда өнеркәсіп орындарын ашуға қызығушылық танытып отыр. Түркістан облысына жұмыс сапарымен Венгрияның Алматы қаласындағы Бас консулы Cаболч Карой Сёке мен Сыртқы сауда бойынша дипломатиялық өкілі Иштван Тибор Ковач келді. Венгриялық делегациямен Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров кездесті. Тараптар екі ел арасында, оның ішінде Түркістанмен экономикалық қарым-қатынасты күшейту, ауыл шаруашылы, өнеркәсіп, білім, мәдениет және туризм, спорт салалары бойынша ынтымақтастықты нығайту мәселелерін жан-жақты талқылады.
Басқосуда облыс әкімінің орынбасары Түркістан облысының әлеуетіне кеңінен тоқталып, инвесторларға қарастырылған мүмкіндіктер туралы айтты.
– Облыс орталығы – Түркістан қаласы 6 жыл ішінде көркейіп, әсіресе, туризм және кәсіпкерлік салалары қарқынды даму үстінде. Халықаралық рейстер саны артып жатыр. Түркістан өңіріне инвестиция салуға ниетті шетелдік инвесторлар да көбейді. Біз әрқашан өнеркәсіп орындарын ашамын деген азаматтарға қолдау көрсетуге дайынбыз. Ол үшін мемлекет тарапынан жеңілдіктер де қарастырылған. Өңірде барлық қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген арнайы экономикалық және индустриалды аймақтар бар. Оңтүстік халқы – еңбекқор. Кез келген жұмысты игеруге қабілетті. Тіпті, басқа өңірлер біздің жұмыс күшімізді пайдаланады. Басты мақсатымыз – жергілікті тұрғындарды жоғары еңбекақылы тұрақты жұмыспен қамту, – деді Нұралхан Көшеров.
Бас консул алдағы уақытта маңызды жобаларды бірлесе атқаруға ұсынысын жеткізді.
– Түркістанда осыдан 7 жыл бұрын болғанмын. Қазір қала танымастай өзгерген. Түркістан қаласының маңыздылығын білемін. Сондықтан дәл осы мекенде жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Қазақстандық жастар үшін Венгриядағы ЖОО-да бакалавр және магистратура деңгейлері бойынша тегін білім алуға мүмкіндік бар. Шәкіртақы да қарастырылған. Біздің әйгілі «Jazz Band» өнер ұжымы Түркістан қаласында өнер көрсетсе деген ұсынысымыз да бар. Спорттық шараларға да белсене атсалысуға, екі елдің ұлттық ойындарын Түркістан қаласында ұйымдастыруға әзірміз, – деді Cаболч Сёке.
Өз кезегінде Венгрияның сыртқы сауда бойынша өкілі Қазақстандағы венгриялық компаниялардың санын арттыруды көздеп отырғанын, ноу-хау технологияларын ендіруге қолдау көрсететінін жеткізді.
Кездесу соңында келесі айда екі ел кәсіпкерлерімен онлайн кездесу ұйымдастыру, қандай бағытта кәсіп ашу мүмкіндіктері көп екеніне талдау жүргізу келісілді.
Осы күні венгриялық делегацияға Түркістандағы экономикалық және индустриялық аймақтарға, өндірістік паркке аралау ұйымдастырылып, ондағы жүзеге асырылып жатқан жобалар таныстырылды.
Сөз соңында айтарымыз, биыл Түркістанның туризм саласын дамыту мақсатында 44 жоба іске асырылады. Түркістан облысында өңірдің туристерге қолжетімділігін және жайлылығын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Былтыр туристік жолдарды жақсарту үшін 10,6 миллиард теңгеге 7 жоба жүзеге асырылды. Ал биыл туристік жолдар бойынша 17,6 миллиард теңгеге 19 жобаның іске қосылуы күтілуде.
Өткен жылы облыстың туризм саласына 53,5 миллиард теңге инвестиция тартылды. Нәтижесінде 25 нысан қолданысқа беріліп, 366 жаңа жұмыс орны ашылды. Оның ішінде тұрақты – 167, уақытша – 199. Биыл 20 миллиард теңгеден асатын 25 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарлануда. Осы арқылы 473 жаңа жұмыс орны ашылады.
Туристерге қосымша өнімдерді ұсыну мақсатында ірі жобалар қолға алынған. Соның бірі Түркістан қаласының мәдени-рухани орталығында жеке инвестиция есебінен «Қолөнер орталығы» жобасы іске асырылуда. Жоба құны — 5,5 миллиард теңге. Ал аумағы — 2,5 гектар. 25 архитектуралық нысаннан тұратын кешенде қонақүйлер, сауда нүктелері, қолөнер шеберханалары мен дүкендері қамтылған.
Ірі жобалар қатарында Қ.А.Ясауи кесенесі маңындағы «Күлтөбе» ескі қалашығын бюджет есебінен абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Жыл соңына дейін аяқтау жоспарлануда.
Түркістан қаласында аумағы 11,8 гектар жерге аквапарк, вилла аймақтары қамтылған бес жұлдызды қонақүй салу жоспарланған. Жоба құны – 190 миллион АҚШ доллары. Бұл бағытта инвесторлармен келіссөздер жалғасады.
Ұлттық спорт түрлеріне шетелдік туристердің қызығушылығы артып келеді. Сондықтан Түркістанда ұлттық ойындарды және туризмді дамыту мақсатында 99,3 гектар аумаққа «Ипподром» нысаны салынады деп жоспарланып отыр.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.