Түркістан қалалық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен облыс орталығында «Жаз гүліндей жайнаған қала» концерттік бағдарламасы өтіп жатыр. Ашық аспан астындағы әуендер атты жазғы іс-шара «Жеңіс» саябағынан басталған болатын.
Рухани шаһарға келген қала қонақтары мен туристерге арналған шара кештің көңілді өтуіне сеп болмақ. Сондай-ақ қала тұрғындарының кешкі салқынмен қаланы аралап, ән мен күйге бөленуі үшін аталған шараларды түрлі кешендер мен саябақтарда, халық көп шоғырланатын орындарда өткізу жоспарланған.
Бүгінге дейін «Жеңіс» саябағы, Нұртас Оңдасынов кешені, Халықаралық туризм және меймандостық университеті, «Жібек жолы» саябағы, «Темір жол» вокзалы, «Керуен сарай» туристік кешенінің шоу арена алдында өткізілді. Концерттік шарада «Яссы» халықтық этнофолькорлық ансамблі өнер көрсетіп, «Яссы» би ансамблі мың бұрала биледі. Осылайша тұрғындардың қошеметіне бөленіп келеді.
Ал мәдениет үйінің әншілері «Түркістан» тақырыбындағы туындылар мен көңіл сергітер әндерді әуелете орындап, жиылған жұртқа мерекелік атмосфера сыйлады. Одан бөлек көрермен үшін қызықты ойындар ұйымдастырылу үрдіске айналған. Түркістанның дамуы мен тарихына қатысты сұрақтар қойылып, дұрыс тапқан жандар Мәдениет үйі тарапынан арнайы сый-сияпаттарға ие болып келеді.
Жалпы өңірдің мәдениеті мен рухани әлеміне саяхат жасап, жергілікті тұрғындар мен көрерменге көңіл-күй сыйлайтын шаралар легі тағы да жалғасады. Күндері мен өтетін орны Түркістан қалалық мәдениет үйі парақшасында жарияланып отырады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.