Түркістан – Түркі әлемінің 2024 жылғы туристік астанасы: Түркістан қаласында жастарға арналған жаңа ғимарат бой көтерді

Бүгін Түркістан қаласында «Жастар орталығының» жаңа ғимараты пайдалануға берілді. Салтанатты шараға қатысқан Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды түркістандық жастарға заманауи орталықтың кілтін табыстап, әр бастамаларына сәттілік тіледі.

– Түркістан облысы – демографиялық өсімі жоғары аймақ. Соның ішіндегі 14-35 жас аралығындағы жастар саны 663 мыңнан асып, халық санының 30% құрайды. Түркістан қаласының өзінде бүгінде 72 мыңға жуық жас тұрады. Бұл – үлкен демографиялық көрсеткіш және адам капиталы. Биыл Түркістан облысының құрылғанына 6 жыл толып отыр. Осы аз ғана уақыт ішінде Түркістан қаласында жастарға қолайлы жағдайлар жасау мақсатында түрлі мәдени, спорттық нысандар бой көтерді. Соның бірі, міне, бүгінгі Түркістан қаласының «Жастар ресурстық орталығы» ғимаратының ашылу рәсімінде жиналып тұрмыз. Бұл ғимарат Түркістан жастарына шабыт беріп, елге қызмет ететін жастарды біріктіретін орталық болады деп сенемін. Жастардың ғимараты құтты болып, бастамашыл орталыққа айнала берсін! – деді облыс басшысы.

Жастар орталығына арналған бұл нысан жергілікті бюджет есебінен бой көтерді. Сәулеті мен салтанаты келіскен ғимарат тәулігіне 100-ден аса жасқа қызмет көрсетеді. Онда жастарға білімін көтеріп, салауатты өмір салтын ұстануға, шығармашылықпен айналысуға барлық жағдай жасалған. Орталық арнайы демалыс аймағы, стрит-воркаут алаңы, электронды кітапхана бөлмесі, үйірмелерге арналған бөлмелер, шағын спортзал және көпфункционалды залдарымен қамтамасыз етілген. Еріктілерге арнайы үлкен зал мен кинотеатр да қарастырылған. Одан бөлек, орталық жанынан амфитеатрдың құрылыс жүргізіліп жатыр.

Айта кетейік, Түркістан қаласында 14-35 жас аралығында 71 486 жас бар. Қаладағы 2 жоғарғы оқу орында 12 265 студент білім алып жатыр. 8 орта арнаулы оқу орындарында студенттер саны – 7441. Түркістан қаласы бойынша жалпы орта мектептерде 7-11-ші сыныптарда 18 844 оқушы білім алып жүр.

Тағы бір көптен күткен жаңалық. Бүгін Түркістан қаласында тұрғын үй кезегінде тұрған әлеуметтік осал топтағы азаматтарға 88 пәтер кілті табысталды. Тұрғындардың қуанышын бөлісуге Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды арнайы барып, пәтер иелеріне ізгі ниетін білдірді.

Үш қабатты «Яссауи» тұрғын үй кешенінің аумағында балалар ойын алаңшасы, көлік тұрағы бар және инфрақұрылыммен толық қамтамасыз етілген.

Облыс орталығында тұрғын үй кешендерінің құрылысы жалғасып жатыр. Қазіргі таңда қаладағы әкімшілік-іскерлік орталығында тағы 5 қабатты 20 тұрғын үйдің құрылысы қарқынды. Бұл үйлерге 2 мыңнан астам отбасы қоныстанады. Биыл бюджет есебінен 41, жеке инвесторлар есебінен 24 көпқабатты тұрғын үй салу көзделген. Сонымен қатар осы жылы жалпы 191 үй салу жоспары бекітілді. Бүгінде 159 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Оларды жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған.

Жалпы, Түркістан қаласы халықты баспанамен қамту бағытында елімізде алдыңғы қатарда келеді. Облыс орталығында соңғы 5 жылда тұрғын үй кезегінде тұрған 2558 азамат баспаналы болды. Жаңа шағынаудандар пайда болып, тозығы жеткен тұрғын үйлер ретке келтірілді.

Естеріңізде болса, кеше қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков кезекті аппараттық мәжілісте қала тазалығы мен сәулетін сақтау бойынша атқарылған жұмыстардың есебін тыңдаған-ды.

Сәулет және қала құрылысы бөлімі тарапынан қала аумағындағы сыртқы (көрнекі) жарнама нысандарын зерделеу нәтижесінде 290 заңсыз орнатылған жарнама нысаны анықталған. Заң талаптарына сәйкес 39 нысан тіркеуге алынды, талапқа сәйкес келмейтін өзге жарнамалық нысандар бөлшектеніп жойылды. Жалпы қала бойынша сәйкестендіріліп мемлекеттік кірістер басқармасының тізбесіне енген 331 жарнама нысаны бар.

Жобалау құжаттарынсыз салынғаны анықталған нысандар бойынша Облыстық бақылау жөніндегі басқармаға — 124 хат, Облыстық жер инспекциясына 19 хат жолданып, 37 нысанға әкімшілік айыппұл салынды.

«Таза Қазақстан» ұлттық жобасы аясында бекітілген іс-шара жоспарына сәйкес 31-көшеде тұрақты түрде сенбілік ұйымдастырылып, әктеу, сырлау жұмыстары толығымен аяқталды. Қазіргі таңда қасбеті бүлінген нысандарда қайта әрлеу жұмыстары атқарылуда. Бүгінге дейін 1310 нысан ретке келтірілген. Көп қабатты үйлер алдына қоқыс салатын 300 контейнер және 50 (архитас) қоқыс салғыш орнатылды.

Айта өтерлігі, түркістандықтар маусымның 22-сінде сенбілікке шығып, 26 аумақты тазалады. “Таза Қазақстан” ұлттық жобасы аясында жалғасын тапқан тазалық шарасына шаһар тұрғындары мен еріктілер белсене атсалысты.

1000-ға жуық адам көше бойларын тазартып, жиналған қоқысты, кесілген ағаштарды тасымалдауға коммуналдық мекемелердің қызметкерлері мен 20-дан астам техника жұмылдырылды. Қураған өскіндерді қырқуға 50 арнайы техника бөлінді.

Сенбілікке қатысқан қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков тазалық жұмыстарын аралап тексерді. Шаһар басшысы ұлттық жоба аясында бекітілген тапсырма-жоспардың орындалуын жеке қадағалайтынын айтып, сектор басшыларына көпқабатты үйлердің аулаларын күтіп-ұстауда әрі тазалық шараларын ұйымдастыруда Мүлік иелері бірлестігінің белсенділігін арттыру қажеттігін ескертті.

Ал 23 маусымда түнгі суғару жұмысына 30-ға жуық техника шықты. Сонымен қатар қала аумағындағы ирригациялық жүйелер мен Арыс-Түркістан су арнасы арқылы да ағаштар суғарылуда.

Қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков, әсіресе, туристік аймақтардағы, мәдени-рухани орталықтағы жасыл алаңдарды шіліңгір ыстықтан сақтауға күш салу қажеттігін ескертіп, жауаптыларға өсімдіктерді қосымша тыңайтқыштармен баптауды тапсырды.

Қаланың климаттық ерекшелігіне орай жасыл желектердің суғарылуы кешкі 19:00-дан таңғы 10:00-ға дейін жүзеге асуда.

Жұмыстың үздіксіз атқарылуын арнайы құрылған жұмысшы топ аралап бақылауда.

Қалада жалпы 258 нысан 626 гектар аумағымен күтіп-баптау жұмыстарымен қамтамасыз етілген.

15-21 маусым аралығында қала аумағында ортақ пайдалану орындарын ластау дерегімен 155 құқық бұзушылық анықталып, жалпы 1 679 860 теңге айыппұл салынған. Абаттандыру қағидаларын бұзған 68 тұлғаның үшеуіне айыппұл рәсімделіп, бірқатарына ескерту шарасы қолданылған. Жолдарды және жол жабындыларын ластаған 2 жүк көлігі жүргізушілері әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Қала төңірегіндегі төбелер мен соқыр аймақтарды қоқыс алаңына айналдырмау мақсатында Полиция басқармасы тарапынан рейдтік шаралар жүргізілген. Қабылданған шаралар нәтижесінде, 6 құқық бұзушылық анықталып, Әкімшілік кодекстің 505 бабында көзделген тәртіптік шара қолданылды.

Жыл басынан бері ортақ пайдалану орындарын ластау бойынша 4 530 құқық бұзушылық тіркелген. Салынған айыппұл көлемі 55 357 659 теңгеге жетті. Абаттандыру қағидаларын бұзу дерегімен 1059 құқық бұзушылық анықталып, 3 027 440 теңге айыппұл салынған. Жолдарды және жол жабындыларын ластаған, 505 жүк көлігі жүргізушілеріне жалпы 3 558 756 теңге көлемінде айыппұл рәсімделген.

Мәжіліс барысында Нұрбол Әбдісаттарұлы жұмысшы топтың анықтаған кемшіліктерін жауапты сала жетекшілерімен бірге саралады. Себеп-салдарын тізген мамандарға ескерту жасаған қала басшысы:

— Өздеріңіз айтқандай жұмыс кереметтей болса, құқық бұзушылық қатары неге кемімейді? Неге бүгін тазаланған жерде ертең тағы қоқыс жиналады? Демек, рейд шаралары тиісті деңгейде жүрмейді. Мен Полиция басқармасына өзекті аймақтар бекітілген учаскелік инспекторлардың жауапкершілігін қарауды ұсынамын. Тазалық мекемелері жинаған алаңдарда қайта қоқыс жиналса, өз аумақтарын ұқыпты ұстай алмайтын сектор жетекшілерімен де қоштасамыз. Бұл соңғы ескерту деп қабылдаңыздар, — деді.

Мәжіліс қорытындысымен тапсырма-жоспар қайта бекітіліп, жаңа тапсырмалар белгіленді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin