Түркістан музыкалық драма театры үшінші рет үздіктер қатарында келеді

Түркістан музыкалық драма театрынының ІІІ маусымы жабылды. Ел көңілінен шыға білген Саид Ахмадтың «Келіндер көтерілісі» комедиялық қойылымы сахналанды.

Пьесаны қазақ тіліне аударған – Асқар Сүлейменов. Әлемнің 14 елінің сахнасында қойылып, кино өндірісінде елеулі туындыға айналған бұл шығарма 40 жыл өтсе де, маңыздылығын әлі жойған жоқ. Шығарма тұңғыш рет 1978 жылы Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының сахнасында көрсетілді. Қазіргі күні қазақстандық театрлардың басым бөлігі Саид Ахмадтың «Келіндер көтерілісі» спектаклін қойды десек қателеспейміз.

Комедияда ене мен келін арасындағы қарым-қатынас ғана емес, жалпы қоғамда орын алып отырған мәселелер де көрсетіледі. Адам баласының еркіндігі, таңдау құқығы, психологияның жедел даму әсері сияқты күнделікті өмірде кездесетін мәселелер негізге алынған. Астарлы әзілге толы комедия көрермен қауымды күлкіге қарық қыла отырып, терең ойға батырады.

Жеті ұл өсіріп, қырық бір немере тәрбиелеп, алты келін жұмсап отырған Фармон бибі — қабағы қатыңқы, мінезі тік әрі қатал жан.Ата салтты мықты ұстайтын оған ешкім қарсы тұрып, оның сөзін ешкім аяқ асты қалдыра алмайды. Әулеттегі барлық әрекеттер Фармон бибінің тікелей бақылауымен ғана жасалады.

Күндердің күнінде Фармон бибі кенже ұлын үйлендіріп, келін түсіреді. Жаңа түскен келінмен бірге, үйге басқа әрекеттер аяқ басады. Ата-анасы бетінен қақпай, төбесінен құс ұшыртпай өсірген ерке келін Нигора бұрыннан келе жатқан әулет заңдарына бағынбайды. Босаға табалдырығын аттаған күннің ертесінде-ақ ол ритмикалық гимнастика жасап, үй ішіндегі тәртіпке қарсы шығып, наразылық білдіреді. Жас келіннің бұл әрекеті Фармон бибінің тынышын қашырса, қайынағалары мен абысындары: «Жолдастар, біз қалай және қайда өмір сүріп жүрміз?!» — деген сұраққа жауап іздей бастайды. Енесінің жоқтығын пайдалана отырып, кіші келін абысындары мен қайынағаларының қатысуымен «Генерал ене» атты шағын қойылым дайындайды. Ашса, алақанында, жұмса, жұдырығында ұстайтын бас кейіпкерден өз бейнесін таныған Фармон бибі өз қателігін мойындап, ұлдарының еншісін алып, бөлек шығуына рұқсатын береді. Ал «Келіндер көтерілісін» ұйымдастырған ерке келін Нигора ата дәстүрді аяқ асты қылмай, енесімен бірге қара шаңыраққа ие болып қалады.

Мұңды комедия ене мен келін арасындағы қарым-қатынасты емес, жалпы қоғамда орын алып отырған мәселелерді көрсетеді. Адам баласының еркіндігі, еркі, іс-әрекеті, таңдау құқығы сияқты күнделікті өмірде кездесетін мәселелер негізге алынған.Қойылымда ата дәстүрін берік ұстайтын өзбек халқының ұлттық биі мен музыкасы қолданылады. Астарлы әзілге толы комедия көрермен қауымды күлкіге бөлей отырып, терең ойға батырады.

Қойылымның инсценировка авторы және режиссері – Дәурен Серғазин. Спектакльде рөлдерді Түркістан музыкалық драма театрының жас әртістері мен еліміздің алдыңғы қатарлы театрларынан шақырылған әртістер сомдады. Атап айтқанда, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері – Дәрия Жүсіп, Қонысбек Бегайдаров пен Әлімхан Мырзахан, ҚР Мемлекеттік Президент стипендиясының иегері Айнұр Рахипова, ҚР Президентінің мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендиясының иегері Жандаулет Батай, отандық бірнеше тарихи фильмдерде басты рөлді сомдаған Бақыт Хаджибаев, қазақ киносының белді актрисалары Қарлығаш Тұрсынбекова, Толқын Нұрбекова және Түркістан музыкалық драма театрының жас талантты әртістері бар. Қойылымның бас кейіпкерлері Нигораны — Рабина Белгібаева, Нүктебекті Қадыржан Төреханов сомдады.

Қойылымның режиссері Дәурен Серғазин: «Негізі «Келіндер көтерілісі» пьесасы да, тақырыбы да ескі болғандықтан, оны бүгінгі заманға сай ықшамдап, музыкалық комедия жанрына айналдырдық. Әрине, ене мен келін мәселесі әсіресе қазақ қоғамында ескірмейтін тақырып. Дегенмен, сіздерге түсінікті болу үшін заманауи ерекшеліктерді де ескеріп, көп өзгертулер енгіздік», – дейді.

Актер Бақыт Хаджибаев Түркістан музыкалық драма театрының ерекшелігі жайлы: «Бұл — мәдениетке жаңа леп алып келген өзгеше театр. Қалған театрларда тұрақты актерлар ойнайды. Ал бұл театрда, байқасаңыздар, актерларды Қазақстанның түкпір-түкпірінен шақыртып, арнайы пьеса алып, коллаборация жасайды. Бұл бұрын соңды Қазақстанда болмаған. Өздеріңіз ойлаңыздар енді, біз «Жастар театрындағы» қандай да болмасын спектакльдерде белгілі бір әріптестерімізбен қайта ойнауға тура келеді. Бұл жерде енді басқа мектептен келген актерлармен бірігіп, жұмыс істеу — біз үшін үлкен тәжірибе. Аларымыз да, береріміз де көп деп ойлаймын», — дейді Бақыт Хаджибаев.

Айта кетейік, спектакльдің режиссері Дәурен Серғазин мен қойылымда өнер көрсететін 3 актер — «Жастар театрының» әртістері. Театрдың жас актеры Ақ-сұлтан Әнуарбек «Жастар театрының» актерларымен жұмыс жасаудың ерекшелігін атап өтті.

«Жастар театры» — қазақ өнер ордаларының ішінен ойып тұрып орын алатын театрлардың бірі. Олар бір ұстаздан — Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай ағамыздан білім алған, бір мектептің балалары. Ол кісімен мен өзім де жұмыс жасаған болатынмын, енді оның шәкірттерімен де қара шаңырағымыз «Түркістан музыкалық драма театрында» жұмыс істеуу бұйырған екен. Осындай Бақыт, Дәурен, Жандәулет ағаларымыздан тәлім-тәрбие алып, бір сахнада өнер көрсету – мен үшін үлкен мәртебе!» — дейді театрдың жас актері.

Осы тұста атап өтерлігі, Түркістан музыкалық драма театрының «Келіндер көтерілісі» қойылымы өңірлік театрлар арасында үздіктер қатарынан табылып, «Жылдың ең үздік аймақтық қойылымы» номинациясына ие болды. Жеңімпаздарды салтанатты марапаттау рәсімінде арнайы сый табысталды.

Қазақстанның мәдениет, өнер және спорт саласындағы «Kazakhstan Ticketon Awards 2024» жетінші және ең әйгілі сыйлығы – «Ticketon Awards-қа» дауыс беру арқылы анықталып отыр. Жалпы, дауыс беру бір айға жалғасқан. Оған кез келген қазақстандық қатысқан. Түрлі номинация бойынша барлығы 154 620 дауыс берілген. Ең қызығы, соңғы күні 5890 дауыс беру тіркелген. Осылайша спорт пен өнер саласындағы ең сүйікті, талантты және елеулі өкілдерін таңдады.

Аталған театр ұжымы үшінші рет үздіктер қатарында келеді. 2022 жылы «Бөрте» спектаклі «Жыл премьрасы» номиницасын алса, былтыр «Махаббат мұнарасы» «Жылдың ең үздік аймақтық қойылымы» номинациясын иеленген болатын.

Айта кетейік, облыс орталығындағы театр ұжымы ІV маусымын қыркүйек айында ашады деп жоспарланып отыр.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin