Түркістан облыстық кітапханасында «Мархабат Байғұт» залы ашылды

Бүгін Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасында белгілі жазушы, журналист, аудармашы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Түркістан облысының Құрметті азаматы, «Парасат», «Барыс» ордендерінің иегері Мархабат Байғұт атындағы залдың ашылу салтанаты өтті. Ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев, зиялы қауым өкілдері, Мархабат Байғұттың отбасы, шәкірттері, қаламгерлер қатысты.

– Түркістан қазір рухани-мәдени орталыққа айналып келеді. Осынау қасиетті шаңырақ – кітапханамыз игі істердің ұйытқысы болып отыр. Өткен аптада мемлекет және қоғам қайраткері «Өзбекәлі Жәнібек» атындағы залдың ашылуына куә болдық. Бүгінгі жиналуымыздың басты себебі, баршамыз ардақтайтын, мақамы ерекше «Мархабат Байғұт» залы ашылды. Бұл ел руханияты мен қазақ әдебиеті үшін жасалып жатқан ерекше құрмет деп білеміз. Алдағы уақытта заңды жалғасы ретінде елге еңбек еткен тұлғаны дәріптейтін, ұлықтайтын істер жалғаса береді, – деді Бейсенбай Дәулетұлы.

Кешке журналист, облыстық мәслихат депутаты Ғалымжан Елшібай модератор болды. «Дөңгелек үстел» алдында қазақ әдебиетінің марқасқасының ата-анасы жайлы айтқан фильмі көрсетілді. Басқосу барысында Шымкент қаласы мәслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетов, Мархабат Байғұттың замандасы, жазушы Захардин Қыстаубай, жары Қыздаркүл Байғұтова, Жарылқасын Әзіретбергенов, Абай Балажан, Бақытжан Алдияр пікір білдіріп, естеліктерімен бөлісті.

Кітапхананың бірінші қабатында фото және инсталляциялық көрме жасақталған. Алдымен келушілер соны тамашалап, үшінші қабаттағы залдың лента қию рәсіміне қатысты. Одан соң Мархабат Байғұт өмірі мен шығармашылығына, қызметіне байланысты көрме таныстырылды. Арнайы дайындалған оқырман залы көпшілікке арналған.

Шара барысында «Фараб» кітапханасының ұжымына Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкеновтың арнайы алғыс хаты табысталды. Тағылымды жиын бейнемұрағатта жазылған біртуар азаматтың батасымен қорытындыланды.

Айта кетейік, Мархабат Байғұт – әңгіме жанрына көптеп қалам тербеген жазушы. Оның шығармаларынан бөлек артынан қалдырған нақыл сөздері де оқырман көңілінен орын алған. Ол Түркістан облысының рухани саласының дамуына айрықша үлес қоса білді. Оның еңбегі ел есінде сақталады.

Жазушы, драматург Мархабат Байғұт 1945 жылғы 25 мамырда Түркістан облысы Түлкібас ауданының Пістелі ауылында туған. Қазақ Ұлттық мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Үш жыл әскер қатарында болған. 1968-1973 жылдары Түлкібас аудандық «Шамшырақ» – «Маяк» газетінің редакциясында корректор, аудармашы, бөлім меңгерушісі, 1974-1984 жылдары облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінің редакциясында аудармашы, аға тілші, бөлім меңгерушісі болып істеді.

1984-1985 жылдары облыстық партия комитеті насихат және үгіт нұсқаушысы, 1985-1992 жылдары Қазақстан Жазушылар одағы облысаралық (Шымкент, Жамбыл, Қызылорда) бөлімшесінің жауапты хатшысы, төрағасы болды. 1992-1993 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі аппараты ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі, 1993-1998 жылдары облыстық тіл басқармасының бастығы, 1998-2001 жылдары облыстық ақпарат және қоғамдық келісім басқармасы бастығының орынбасары, 2001 жылғы тамыздан басқарма бастығы қызметтерін атқарды. 2004 жылғы ақпан айынан бастап ҚР Ақпарат министрлігі ОҚО бойынша Ақпарат басқармасының бастығы, 2005 жылғы қаңтардан 2008 жылдың мамыр айына дейін Оңтүстік Қазақстан облысы тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының бастығы, 2008 жылғы мамыр айынан 2012 жылғы мамыр айына дейін «Егемен Қазақстан» газетінің Оңтүстік өңір бойынша (Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Жамбыл) арнаулы тілшісі, 2012-2016 жылдары «Қазығұрт КZ» альманахының, кейіннен журналының бас редакторы болды.

М.Байғұт көп жылдан бері Қазақстан Жазушылар Одағы Басқармасының мүшесі болып сайланып келген. Оның «Шілде», «Сырбұлақ», «Интернаттың баласы», «Нәуірзек», «Дауыстың түсі», «Қорғансыз жүрек», «Машаттағы махаббат», «Әдебиет пәнінің періштесі», «Ақпандағы мысықтар», «Алмағайып», «Аңсар», «Қозапая», «Ауыл әңгімелері», «Салқын масақ», «Оқу залы», «Жоғалған жұрнақ», «Киікоты», «Сағыныш саздары», «Бұла бұлақ», «Күнгей көңіл», «Іштарлық пен құштарлық», «Аршакие» кітаптары жарық көрген. Олардың көпшілігі «Жазушы», «Жалын», «Қайнар», «Қазақпарат», «Қазақстан» республикалық баспалардан жарық көрген.

2005 жылы «Қазығұрт» баспасынан шығармаларының төрт томдығы жарық көрді. 2016 жылы таңдамалы шығармаларының үш томдығы шықты. «Бозторғайдың ұясы», «Жоғалған жұрнақ», «Көксу комедиясы» драмалары театр сахнасында қойылған. «Асқаровтың аққайыңдары» драмасы республикалық байқауда бірінші орын алған.

М.Байғұт – жазушылығымен қатар, аударма саласында да жемісті еңбек еткен тұлға. Қырғыздың белгілі жазушысы Шыңғыс Айтматов пен орыстың бірқатар жазушысының шығармаларын қазақ тіліне аударған. Мархабат ағамыздың еселі еңбегін әр шаңыраққа танытсақ да артық болмайды. Жазушының шығармаларын ағылшын және орыс тілдеріне аударып, таралымын көбейтсек, нұр үстіне нұр болары анық. Мархабат ағамыздың шығармаларында көп көрініс табатын дүние – ауыл өмірі.

Қаламгердің шығармалары орыс, украин, өзбек, қарақалпақ, түрік, саха тілдеріне аударылған. Өзі Василий Шукшиннің, Юрий Покальчуктің, Анатолий Кимнің, Уашингтон Ирвингтің, Екатерина Андреевнаның туындыларын қазақ тіліне тәржімелеген. 2015 жылы Туркияда «Дауыстың түсі» атты әңгімелер кітабы түрік тілінде шықты.

Жазушы шығармашылығының тағы бір ерекше тұсы – туған өлкеге деген сүйіспеншілігі, бауырмалдығы. Осы жайында сыр шерткен мақалаларын оқып отырып, ерекше әсерге бөленесің. Еліне деген перзенттік махаббаты мен кеңпейілдігі айқын сезілетін шығармалары жазушының қаламгерлігін танытқан ерекше бір қасиеттер десек, әсте қателеспеспіз. «Тәуелсіздікке тәубе дейік. Алтын құрсақ Оңтүстіктің, шырайлы Шымкенттің барына шүкір делік. Халқымыздың және бір жауһар жыршысы Асанұлы Сабырханның сөзін сәл ғана өзгертсек, көктем де Оңтүстіктен басталады». Иә, еліміздің оңтүстік өңірі дәстүр-салты бұзылмаған, тілі де, діні де берік екеніне ешкім дау айта қоймас.

Мархабат Байғұт шығармашылығының тағы бір ерекшелігі – әскер қатарында жүріп әдебиетке араласа бастауы. Бір-бірімен әдемі үйлесім тапқан әңгімелері мен хикаяттары, публицистикалық жанрда жазылған еңбектері – қазақ әдебиетінің үлкен жетістігі. Алғашқы туындыларының бірі «Күн астындағы күнекей қызды» небәрі жиырма бір жасында жазған екен.

Ұлттық танымы мықты орныққан жазушы шығармашылығына Шерхан Мұртазадан бастап, бүгінгі күнгі жазушылардың біразы жылы көзқарас танытқан. Қаламгердің шығармалары түрік, өзбек, саха, украин, қарақалпақ тілдеріне аударылған.

Шығармаларын бір оқығанның өзінде-ақ ауылдағы қызған тұрмыс-тіршілік пен қазақылықтың иісі аңқып тұрғанын сезесің. Халқымызға ғана тән ұлттық кодымызды да жазушы шығармаларынан анық кездестіре аламыз. Шынайылық деген де осы болар. Ауыл тақырыбын шығармасына арқау еткен қаламгердің жазу өнері де, стилі мен прозалық қабілеті де өзгеден ерек һәм ешкімге ұқсамайды да. Кез келген оқиғаны ерекше етіп жеткізуге тырысады. Меңзеу, юмор, ишара, теңеу, риторикалық сұрақтар… Бәрі де бір шығарма аясында ұштасып, ғажап үйлесім тауып тұрады.

Мархабат Байғұт республикалық «Жалын» бәйгесін екі дүркін, «Қазақ әдебиеті» газеті сыйлығының үш дүркін иегері. Ол – облыс әкімі «Бауырмал» сыйлығының, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты. 1993-1995 жылдары облыстық кеңестің Грамотасымен, 1996 жылы Қазақстан Жазушылар Одағының ұсынуына орай «Құрмет» орденімен марапатталды. 2004 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағы берілді. 2007 жылы «Ерекше қызметі үшін» медалімен және Қазақстан Мәдениет ақпарат министрлігінің құрмет грамотасымен марапатталды.

2007 жылы М. Байғұт «Ерекше қызметі үшін» медалімен, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Құрмет грамотасымен» марапатталған.

2007 жылы Түркістан облысының Құрметті азаматы атағы берілді.

2009 жылы «Қазақстан Құрметті журналисі», 2010 жылы Қазақстан Республикасының мемлекеттік степендиясының иегері атанды.

2011 жылы «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» медалімен марапатталды.

2011 жылы аудан басшылары мен мәслихат депутаттарының шешімімен Мархабат Байғұт Бәйдібек ауданының «Құрметті азаматы» атанды.

2014 жылы Тәуелсіздік күні қарсаңында ҚР Президентінің Жарлығымен елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін «Парасат» орденімен марапатталды.

2016 жылы халықаралық «Түркі әлеміне қызмет» сыйлығын алды.

Қазақстанның мәдениетін жасауға, сақтауға және дамытуға қосқан үлесі үшін жазушы 2017 жылғы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының мемлекеттік стипендиясының иегері.

2021 жылы «Барыс орденімен» марапатталды.

М.Байғұт – республикаға кеңінен танылған жазушы әрі журналист – публицист. Ол әдебиет пен журналистиканы дамытуға, жас кадрларды тәрбиелеуге үлкен үлес қосты. Әдебиет пен журналистика саласында түрлі талқылаулар, облыстық, республикалық, халықаралық жиындар, конференциялар т.б. маңызды шаралар ұйымдастыруға аянбай күш – қайрат жұмсады. Әлеуметтік – экономикалық, жас ұрпақ тәрбиесі, мәдениет пен өнер, әдебиет, адамгершілік тақырыптарындағы көкейтесті материалдары «Егемен Қазақстан», «Жас Алаш», «Қазақ әдебиеті», «Оңтүстік Қазақстан» газеттері мен журналдарда жиі жарияланды. 1991 жылы Саха Республикасында, 2000 жылы Түркияда, 2004 жылы Қырғыз Республикасында арнайы делегация құрамында болған. 2000 жылы Түркістан қаласының 1500 жылдығына байланысты «Ұлылыққа – тағзым» акциясы аясында «Сайрам – Түркістан» жаяу сапарына қатысты.

2022 жылы 22 қараша күні 77 жасқа қараған шағында жазушы, драматург, аудармашы, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Мархабат Байғұт өмірден озды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin