
Бүгін Сауран ауданына Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Әли Бектаев, Мұрат Қадырбек арнайы іс-сапармен келіп, аудан тұрғындарымен кездесті. Кездесу аудан орталығы Шорнақ елді мекеніндегі жеке кәсіпкер Икбол Абишевтың «Хабибулла ата» жиһаз кәсіпорнында өтті. Жиынды аудан әкімі Ғалымжан Үсенбаев ашып, жүргізіп отырды. Шараға облыстық, аудандық мәслихат депутаттары, ауылдық округ әкімдері мен шаруа қожалықтарының төрағалары мен фермерлер қатысты.
Кездесуде ҚР Сенатының депутаттары Әли Әбдікәрімұлы мен Мұрат Болатұлы сөз алып, депутаттық корпустың атқарып жатқан жұмыстарын баяндап өтті. Онда елімізде оның ішінде Түркістан облысына қатысты атқарылып жатқан түрлі салаларға кеңінен тоқталып өтті. Бұдан соң аудан тұрғындарының көтерген мәселелерін тыңдады.
Сауран ауданының тұрғыны, облыстық мәслихаттың депутаты Баймахан Сүлейменов ауданның басты мәселесі ағын су екенін алға тартты. Сонымен қатар, табиғи газ мәселесі, аудан орталығына көпсалалы аурухана қажеттігін, Шорнақ пен Бабайқорған ауылдық округтеріндегі жер қойнауын заңсыз пайдаланып жатқан тас зауыттарын көтерді.
Ал, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілхан Ахметов Сауран ауданы толық ауыл шаруашылығы саласында қызмет жасайтынын, аудан орталығында бүгінгі таңда 16 мың халық тұратынын айта келіп, орталықта әскери комиссариаттың, бұған қоса аудан көлемінде 3200 мүгедек тұратынын, олар қаралатын арнайы (ВТЭК) орталықтың, банк бөлімшелерінің жоқтығын жеткізді.
Сонымен қатар, аудан тұрғындары Раджап Каримов егістікке ағын су тапшылығын айтса, Өтеген Әшенов ауданға емхана, аурухана қажеттігін, Жәңгір Исмайлов су қоймасын кеңейту, шаруаларды қаржыландыру бойынша тиісті жұмыстар атқарылса деген ұсыныс пікірлерін білдірді.
Кездесу барысында ҚР Сенатының депутаты Әли Әбдікәрімұлы барлық көтерілген ұсыныс пікірлерге жеке-жеке тоқталып, олардың шешілу жолдарын, қалай жүзеге асатынын, алдымен айтылған барлық мәселелердың заң аясында жобаның құжаттарын рәсімдеу керектігін, содан соң ҚР Үкіметі тарапынан шешілуіне тікелей ықпал жасайтынын мәлім етті. Кездесу соңында жеке кәсіпкер Икбол Абишевтың «Хабибулла ата» жиһаз кәсіпорнының жұмысымен танысты.
Еске салайық, ӘлиТүркістан облысынан сайланған. 1962 жылы 20 сәуірде Түркістан (бұрынғы Оңтүстік Қазақстан) облысы, Қазығұрт ауданы, Жаңабазар ауылында дүниеге келген. 1984 жылы Қазақ ауыл шаруашылығы институтын инженер-механик мамандығы бойынша тәмамдаған. 1992 жылы Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институтында (КИМЭП) саясаттанушы болып еңбек етті. Экономика ғылымдарының кандидаты (2000 жыл). Еңбек жолын 1984-1985 жылдары Ленгер ауданы, Сейфуллин атындағы колхоздың бас инженері болып бастаған. 1985-1987 жылдары – Қазақстан ЛКЖО, Сайрам аудандық комитетінің бөлім меңгерушісінің орынбасары; 1987-1989 жылдары – Сайрам аудандық партия комитетінің нұсқаушысы; 1989-1990 жылдары – Сайрам ауданы, Фрунзе атындағы кеңшардың партия комитетінің хатшысы; 1990-1991 жылдары – Ташкент, Алматы жоғарғы партия мектебінің және Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институтының тыңдаушысы; 1991 жылы – Шымкент облыстық партия комитетінің кеңесшісі; 1991-1992 жылдары – «Қазығұрт ЛТД» ӨКФ бас директорының орынбасары; 1992-1994 жылдары – Қазығұрт аудандық әкімшілігі басшысының орынбасары; 1994-1999 жылдары – ОҚО Жастар ісі, туризм және спорт басқармасының басшысы; 1999 жылы – Оңтүстік Қазақстан облысы мемлекеттік қызмет департаментінің басшысы; 1999-2000 жылдары – Оңтүстік Қазақстан облысы сыртқы экономикалық байланыс және инвестициялар басқармасының басшысы; 2000-2002 жылдары – Қазығұрт ауданының әкімі; 2002-2006 жылдары – Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары; 2006-2008 жылдары – Түркістан қаласының әкімі; 2008-2014 жылдары – Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары лауазымдарын атқарды. 2014 жылдың қарашасында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты болып сайланды. 2014-2017 жылдары – Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшесі; 2017-2019 жылдары – Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі. 2019 жылдың қыркүйегінен бастап қазіргі уақытқа дейін Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы. 2015 жылдың қыркүйегінен бастап «Ауыл» халықтық-демократиялық, патриоттық партиясының төрағасы. Отбасылы, 4 бала тәрбиелеп отыр. Мемлекеттік наградалары: «Құрмет» ордені (2011 жылы), «Парасат» ордені (2018 жылы).
Ал Мұрат Қадырбекке келсек, 1980 жылы Шардара ауданында дүниеге келген. Ұлты — қазақ. Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің түлегі. Білімі жоғары, заңгер, құқықтану магистрі. Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының түлегі. Еңбек жолында ҚР Мемлекеттік қызмет істері министрлігі Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы – әдеп жөніндегі кеңес төрағасы, Арыс қаласының әкімі лауазымдарында еңбек етті. Сенатқа сайланғанға дейін Жетісай ауданының әкімі қызметін атқарып келді. 2022 жылдың 12 желтоқсанында ҚР Парламенті Сенаты депутаттығына үміткер ретінде өзін-өзі ұсынған.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.