Түркістан облыстық Қоғамдық кеңесі бір жылды артқа тастады

Жыл аяқталуға таяу. Биыл Түркістан облыстық Қоғамдық кеңесінің ұзын-ырғасы  он екі отырысы өтті. Жыл бойына күн тәртібінде өңір үшін маңызды бірталай мәселе қаралды.

Кеңес мүшесі ретінде облыстың түтіні түзу ұшуына хал-қадерімізше өз үлесімізді қостық қой деп есептейміз. Орайы келгенде аудандарға сапарлап, халықтың ортасынан табылып, мұң-мұқтажына құлақ түрдік. Көптің көкейіндегі жүрген сауалдарды билікке жеткізіп, оң шешілуіне ықпал еттік…  

Сауран ауданының құрылуы оң әрі ұтымды шешім болды десек, биыл сәуірдің 8-інде Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевпен бірге аталған аудан тұрғындарымен кездесуге бірге ере-мере бардық. Тұрғындар жаңа ауданның инфрақұрылым және өзге де салалары бойынша мәселелерін айтып, әкімге сұрақтарын қойды. Пікір алмасты. Облыс басшысы тарихи мекен – Сауранды дамытуға көңіл бөлініп жатқанын жеткізді.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында елімізде қандай реформалар болатынын айқындап берді. Басшыларға тұрғындардың табысын арттыру, жұмыспен қамту, инженерлік инфрақұрылымды жақсату және өзге де мәселелер бойынша міндеттер жүктеді. Түркістан облысында бұл бағытта ауқымды жұмыс атқарылып келеді. Былтыр құрылыс жұмыстарының көлемі 322,9 млрд. теңгені құрап, 4,1%-ға ұлғайды. Жалпы облыс құрылған 4 жылда 2,5 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға тапсырылып, 2 есеге артты. Өткен жылы 20 елді мекенге жаңа ауыз су құбыры тартылып, ауыз сумен қамтылған елді мекендер 717-ге жетті. Жаңадан құрылған Сауран ауданының инфрақұрылымы жақсарып, әлеуметтік нысандар, мектептер, жаңа әкімшілік-іскерлік орталығы салынады. Оңалту орталығы бой көтеруде. Ауыл шаруашылығы мен туризмді дамыту бойынша да жұмыстар атқарылып жатыр. Тарихы тереңде жатқан Сауранның болашағы жарқын боларына сенемін. Сол бағытта бірлесе жұмыс атқарамыз, – деді Өмірзақ Шөкеев.

Кездесуде тұрғындар тарапынан түрлі мәселелер көтерілді. Атап айтқанда, газ, жер кезегі, Оқушылар сарайы мен Мәдениет үйін, тарихи мұражай салу, карьер пайдаланушылардың жұмысын қадағалау, білім ұяларын салу және өзге де түйткілдер бойынша сұрақтар қойылды. Өңір басшысы тұрғындардың талап-тілегі кезең-кезеңімен орындалатынын, әлеуметтік нысандар саны артып, Сауран ажарлана түсетінін жеткізді. Биыл әкімшілік-іскерлік орталығы, спорт кешені салынатынын, 3 мектептің құрылысы жүріп жатқанын мәлімдеді. Шорнақ ауылының аумағы абаттандырып, 5 балалар ойын алаңшасын салу, орталық көшедегі 5,6 шақырым жолды орташа жөндеуден өткізу жоспарланған. Елді мекендерді газға қосу жұмыстары да жүріп жатыр. Тұрғындар Түркістан өңіріндегі жұмыстарды оң бағалап, Сауранға көрсетіліп жатқан мемлекеттік қолдауға, өңір басшысына ризашылықтарын білдірді. Кездесу соңында өңір басшысы бірнеше тұрғынды жеке өтініштері бойынша қабылдап, сұрақтарына жауап берді.

Бүгінде Сауран ауданының орталығы – Шорнақ ауылының бас жоспарының тұжырымдамасы қаралып, Бас жоспарын әзірлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ол жұмыс биыл аяқталып, ауданда құрылыс қарқыны еселеп артады деген жоспар бар.

Сонымен қатар Түркістан облыстық Қоғамдық кеңесінің әлеуметтік саланың дамуы және мемлекеттік сатып алу саласының жұмыс жөніндегі комиссиясының мүшесі болып табылатындықтан, комиссия өңірдегі мемлекеттік сатып алу саласының ашықтығы мен тазалығына, мемлекеттік сатып алу конкурстарының әділ ұйымдастырылуына, ондағы заңсыздықтармен күресіп, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға ерекше ден қоятындықтан, Ордабасы ауданындағы мемлекеттік сатып алу конкурстарындағы заңсыздықтар бойынша шағымдар көптеп түсуіне байланысты Түркістан облыстық Қоғамдық кеңесінің мүшесі ретінде «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңда белгіленген өз өкілеттіктерімді жүзеге асыру мақсатында Ордабасы ауданының 2021-2022 жылдардағы мемлекеттік сатып алу конкурстарында қанша рет мемлекеттік сатып алу рәсімінің бұзылғандығы жөнінде нақты және толық мәліметтерді беруін сұранып, бірнеше құзырлы органдарға хат жолдадым.

Бұдан бөлек халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған түрлі мемлекеттік бағдарламалардың аудан-қалаларда орындалуы мәселесін бақылауға да сергек қарадық. Халықтан түскен шағымдардың шынайылығына көз жеткізу үшін аудан-қала басшыларына журналист әрі қоғамдық кеңес мүшесі ретінде ресми хаттар жолдадық. Шағымдар мен жауаптарды негізге ала отырып талдау мақалалар жазып, көкейкесті түйткілдердің түйінін тарқатуға атсалыстық.

Тұтқабай ФАЗЫЛБЕК,

Түркістан облыстық Қоғамдық кеңесінің мүшесі,

«Түркістан облыстық Журналистер одағы»

қоғамдық бірлестігінің басқарма төрағасы.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin