Түркістан облысы білім беруді дамыту орталығының жұмыс жоспарына сәйкес, 18 сәуір күні облыстық әдістемелік кеңес өтті.
Күн тәртібінде қаралған мәселелер:
Біріншісі — «Инклюзивті білім беруді жүргізудегі қиындықтар мен шешу жолдары».
Инклюзивті білім беру дегеніміз — барлық балаларды, соның ішінде мүмкіндіктері шектеулі балаларды жалпы білім үрдісіне толық енгізу және әлеуметтік бейімдеуге, жынысына, шығу тегіне, дініне, жағдайына қарамай, балаларды айыратын кедергілерді жоюға, ата-аналарын белсенділікке шақыруға, баланың түзеу-педагогикалық және әлеуметтік мұқтаждықтарына арнайы қолдау, яғни, жалпы білім беру сапасы сақталған тиімді оқытуға бағытталған мемлекеттік саясат. Инклюзивті оқыту – ерекше мұқтаждықтары бар балалардың жалпы білім беретін мектептердегі оқыту үрдісін сипаттауда қолданылады. Демек, инклюзивті оқыту негізінде балалардың қандай да бір дискриминациясын жоққа шығару, барлық адамдарға деген теңдік қатынасты қамтамасыз ету, сонымен бірге оқытудың ерекше қажеттілігі бар балаларға арнайы жағдай қалыптастыру идеологиясы жатыр. Осы бағыт балаларды оқуда жетістікке жетуге ықпал етіп, жақсы өмір сүру жағдайын қалыптастырады. Мүмкіндігі шектеулі балалардың білім алу құқықтары «Қазақстан Республикасының балалардың құқықтары туралы», «Білім беру туралы», «Мүмкіндігі шектеулі балалардың әлеуметтік және медициналық-педагогикалық түзетуге ықпал ету туралы», «Қазақстан Республикасында кемтарларды әлеуметтік қорғау туралы», «Арнайы әлеуметтік қызмет туралы» Қазақстан Республикасының Заңдарында, Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітілген. Инклюзивті білім беру немесе «білім баршаға» бағдарламасы — барлық балаларға мектепке дейінгі оқу орындарында, мектепте және мектеп өміріне белсене қатысуға мүмкіндік береді. Бұл бағдарламаны Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы мақұлдап, БҰҰ-ның Конвециясына 2006 жылдың 13 желтоқсанында енгізілді.
Инклюзивті білім беру – балалардың жынысына, жас ерекшеліктеріне, географиялық тұратын жеріне, қимыл-қозғалыстық және ақыл-есінің жағдайына, әлеуметтік-экономикалық жағдайына қарамастан, сапалы білім алу және өздерінің потенциалдық дамыту мүмкіндігіне ие болу.
Инклюзивті оқыту — барлық балаларға мектепке дейінгі оқу орындарында, мектепте және мектеп өміріне белсене қатысуға, адамдармен қарым — қатынасына қажетті қабілеттілікті дамытуға мүмкіндік береді.
Инклюзивті білім беру жағдайында жұмыс жүргізетін мектептерде білім мазмұнын үш түрлі бағдарлама бойынша реттеген абзал. Атап айтқанда: жалпы мектептерге арналған типтік оқу бағдарламалары; мүмкіндігі шектеулі балалардың ақаулық типтеріне сәйкес арнаулы білім беру бағытындағы оқу бағдарламалары; мүмкіндігі шектеулі балалардың психофизикалық ерекшеліктерін есепке ала отырып әзірленетін оқытудың жеке бағдарламасы. Инклюзивті білім беру мәселесі шет елдерде 1970 жылдан бастау алады, ал 90 жылға қарай АҚШ пен Еуропа өздерінің білім беру саясатына осы бағдарламаны толық енгізді.
Инклюзивті оқытудың негізгі принциптері:
1. Адам құндылығы оның мүмкіндігіне қарай қабілеттілігімен, жеткен жетістіктерімен анықталады.
2. Әрбір адам сезуге және ойлауға қабілетті.
3. Әрбір адам қарым — қатынасқа құқылы.
4. Барлық адам бір — біріне қажет.
5. Білім шынайы қарым — қатынас шеңберінде жүзеге асады.
6. Барлық адамдар құрбы — құрдастарының қолдауы мен достығын қажет етеді.
7. Әрбір оқушы үшін жетістікке жету — өзінің мүмкіндігіне қарай орындай алатын әрекетін жүзеге асыру.
8. Жан — жақтылық адам өмірінің даму аясын кеңейтеді.
Сонымен қорыта айтқанда, инклюзивті оқыту — оқушылардың тең құқығын анықтайды және ұжым іс-әрекетіне қатысуға, адамдармен қарым-қатынасына қажетті қабілеттілікті дамытуға мүмкіндік береді. Инклюзивті оқыту арқылы барлық балалардың мұқтаждықтарын ескеріп, ерекше қажеттіліктері бар балалардың білім алуын қамтамасыз ететін жалпы білім үрдісін дамытуға болады. Мұндай оқыту түрі арнаулы білім беру жүйесінде дәстүрлі түрде қалыптасқан және даму үстіндегі формаларды ығыстырмайды, қайта жақындатады. Инклюзивті бағыт арқылы мүмкіндігі шектеулі балаларды оқуда жетістікке жетуге ықпал етіп, жақсы өмір сүру мүмкіншілігін қалыптастырады. Осы бағытты білім беру жүйесіне енгізу арқылы оқушыларды адамгершілікке, ізгілікке, қайырымдылыққа тәрбиелей аламыз.
Екінші — Білім беру ұйымдарында аттестацияға дейінгі кезеңдегі әдістемелік сүйемелдеу жұмыстарының жүргізілуі.
Үшінші — «Үздік педагог» республикалық байқауына өңір педагогтарының кәсіби даярлығын жүргізу жұмыстары.
Айта өтейік, Қазақстанда 12 жыл бойы дәстүрлі түрде «Үздік педагог» республикалық конкурсы ұйымдастырылып келеді. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, бүгінге дейін жалпы саны 624 мұғалім өз мамандығының үздігі болып танылды.
Педагогтермен кездесуде Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев білім саласының дамуындағы ұстаздардың рөлі маңызды екенін атап өткен болатын.
«Ұстаз болу — бұл ең алдымен өз мамандығыңды шексіз сүю. Оның ұрпаққа тәрбие мен білім берудегі еңбегі шексіз. Ұстаздың міндеті мектеп табалдырығын тарыдай болып аттаған әрбір баланы адал адам, тұлға ретінде қалыптастыруға күш салу. Өскелең ұрпақтың тағдыры мұғалімнің қолында, сондықтан педагогтер өзінің үлгілі ісі арқылы терең білім мен жоғары мәдени құндылықтарға жол көрсететін тұлға болуы тиіс», — дейді Ғани Бейсембаев.
Айта кетейік, «Үздік педагог» республикалық байқауы 2012 жылдан бері өткізіліп келеді. Жыл сайын 64 педагог осы марапатқа ие болады. Әрбір жеңімпазға мемлекеттік қолдау ретінде 1000 АЕК немесе 3 692 000 теңге көлемінде сыйақы беріледі.
Айта кететін маңызды ақпарат, байқауға кемінде бес жыл үздіксіз педагогикалық өтілі бар педагогтер қатыса алады.
Сондай-ақ мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының штаттағы педагогтері де бақтарын сынай алады.
Биыл цифрландыру бағытында үлкен жұмыс атқарылды. Байқаудың барлық кезеңі, нақтырақ айтқанда, қатысушыларды тіркеуден бастап республикалық кезеңнің қорытындысын шығаруға дейін толығымен цифрландырылған.
Айта кетейік, былтырдан бастап байқауға жекеменшік мектеп педагогтері де қатыса алады.
Байқау үш кезеңнен тұрады:
- I кезең – аудандық, қалалық деңгей;
- II кезең – облыстық деңгей;
- III кезең – республикалық деңгей.
Екі байқаудың қорытындысы бойынша ең жоғары балл жинаған мұғалімдер республикалық деңгейге өтеді.
Төртінші — «ББЖМ-2024» таңдалған білім беру ұйымдарында жүргізілу барысы мен мәселелері және 2023 жылдың қорытындысы.
Білім алушылардың білім жетістіктерінің мониторингі (бұдан әрі – ББЖМ) – білім беру ұйымдарына тәуелсіз білім сапасын бақылау құралы. ББЖМ нәтижелері Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 31 қазандағы № 604 бұйрығымен бекітілген білім берудің тиісті деңгейінің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына сәйкестігін анықтайды. Білім алушылардың білім жетістіктерінің мониторингі мыналарды қамтиды: бастапқы дайындық жұмыстары және тестілеуді жүргізу; тестілеу, өңдеу және жүйелік талдау нәтижелерімен жұмыс істеу; білім сапасын қамтамасыз ету бойынша әдістемелік көмек және ұсыныстар беру.
Білім алушылардың білім жетістіктеріне мониторинг жүргізу қағидалары ҚР БҒМ 2021 жылғы 5 мамырдағы № 204 бұйрығымен бекітілген. Оқушылардың оқу жетістіктерінің мониторингі 4-9 сынып оқушылары арасында жүргізіледі. Бастауыш мектеп түлектері үшін ББЖМ кешенді тестілеу форматында өткізіледі. Мониторинг жүргізу кезінде ақпараттық-коммуникациялық технологиялар үш бағыт бойынша оқыту тілінде қолданылады.
Бесінші — Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту сапасын бағалау өлшемшарты.
Елімізде соңғы онжылдықта мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен балаларды қамту бойынша қарқынды жұмыстар жүргізілді. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2020 жылы мектепке дейінгі білім беруді қарқынды дамыту және оның моделін әзірлеу бойынша тапсырма берді. Осыған байланысты, 2021 жылы Үкімет қаулысымен Мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытуды дамыту моделі әзірленіп, бекітілді. Модель – мектепке дейінгі білім беру жүйесін кешенді трансформациялауға серпін берді.
Модельді іске асыру аясында Стандарт жаңартылды. Жаңа стандарт талаптары мектепке дейінгі ұйымдардың бағытына сәйкес өзбетінше вариативтік дамытушы білім беру бағдарламаларын әзірлеуге мүмкіндік береді. Модельде айқындалған оқу жоспарлары мен бағдарламаның икемділігін қамтамасыз ету үшін олардың мазмұны қайта қарастырылды. Үлгілік оқу жоспары педагогтерге бұрынғыдай уақытқа тәуелді болмай, балалармен тәрбиелеу-білім беру процесін күні бойы режимдік сәттерде, тек үстел үстінде емес серуен кезінде балабақша ауласында балалардың қызығушылықтарына сәйкес ұйымдастыруға икемді.
Үлгілік бағдарлама мазмұнында педагогтердің күні бойы балаларды тәрбиелеу мен дамытуда игерілетін дағдылар, оларды игерту үшін әдістемелік әдіс-тәсілдер, білім беру әрекетін тиімді кіріктіру қарастырылған, сондай-ақ Мемлекеттік тілді игерту үшін балаларға ортаңғы топтан бастап, оқыту тіліне қарамастан қазақ тілі ұйымдастырылған әрекеті мазмұны мен «сөздік минумум» енгізілді.
Педагогтердің балаларды тәрбиелеу және дамыту жұмысы сабақ кестесімен сабақтардан балалардың қызығушылықтары мен қажеттіліктеріне, мүмкіндіктеріне сәйкес күн бойында ойын түріндегі ұйымдастырылатын әрекеттерге ауыстырылды. Бұл өз кезегінде педагогтердің де балалардың да белсенділігінің артуына және баланы дамыту, тәрбиелеу тәсілдерін өзгертіп, осы жастағы балаларға тән «ойын әрекетіне» басымдық беруге ықпал етті.
Жаңа стандарт пен оқу бағдарламасын іске асыру еліміздің 20 өңіріндегі 39 пилоттық балабақша базасында терең зерделенді. Нәтижесінде педагогтерге арналған әдістемелік ұсынымдар мен құралдардың мазмұны пысықталды, мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жаңартылған мазмұнын енгізу кезінде тәрбиешілерге барынша әдістемелік қолдауды қамтамасыз ететін ақпараттық ресурстарда бейне-контент қалыптастырылды.
Үлгілік бағдарламаның мазмұнын іске асыру үшін нұсқаулығы әзірленді, онда педагогтің атқаратын міндеттерінен бастап, заттық-дамытушы ортаны, тәрбиелеу білім беру процесін, күн тәртібін, ата-аналармен жұмысты ұйымдастыру бойынша әдістемелік ұсынымдар мен педагогке қажетті материалдар: ұлттық, қимылды ойындар, ертегілер, мобильді кітапхананы құруға қажетті материалдар, балалардың түрлі әрекеттерін ұйымдастыру бойынша бейнероликтер және аудиоматериалдар сілтемелері және басқалар берілген.
Бүгінде республиканың мектепке дейінгі ұйымдары заттық дамытушы ортаны бай, өзгермелі, түрлендіруге және де бірнеше шағын балалар топтарымен түрлі әрекеттерді ұйымдастыруға болатындай ерекше етіп ұйымдастыруда. Қазақ әдебиеті мен мәдениетінің көрнекті қайраткері, педагог, психолог, ғалым Жүсіпбек Аймауытов өз еңбектерінде: «Баланы тәрбиелеу үшін әрбір тәрбиешінің өзі тәрбиелі болуы керек, себебі балаға айтып ұқтырғаннан гөрі бала көргеніне көп еліктегіш болып келеді, сондықтан балаға жақсы әдеттер мен мінездің көрінісін іспен көрсету керек», – деп баланы тәрбиелеудегі тәрбиешінің тәрбиелі болуының маңыздылығын дәлелдеген.
Сондықтан Бағдарлама нұсқаулығында баламен қарым-қатынас барысында педагогтің күнделікті өзін ұстауы, бала бақылаушы ғана емес педагогтің жақсы әдеттері мен өнегелі істерін қабылдаушы және соған еліктеуші екенін ескере отырып, педагогтің атқаратын міндеттері жан-жақты берілген.
Алтыншы — әр түрлі мәселелер.
Кеңесте қаралған мәселелер бойынша ұсыныстар айтылып, талқыланды және тиісті хаттама түзілді.
Кеңеске облыстық әдіскерлер, қалалық, аудандық әдістемелік кабинет меңгерушілері қатысты.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.