Түркістан облысына Италия мемлекеті инвестиция салмақ

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Италияның Қазақстан Республикасындағы елшісі Марко Альберти мен «Arm Wind» ЖШС-нің басқарушы директоры Алекс Стиллаватомен кездесті. Кездесу барысында Түркістан өңіріне Италия инвестициясын тарту, туризм, ауыл шаруашылығы және өзге де салалар бойынша әріптестік орнату көкжиектері сөз болды. Облыс әкімі облыста инвесторларға қолайлы жағдай жасалғанын айтты.

– Түркістанға тағы да қош келдіңіздер деймін. Өңірімізде «Шәуілдір» күн электр станциясы іске қосылды. Бұл Италия мемлекеті мен Қазақстан Республикасы, оның ішінде Түркістан өңірі арасындағы байланысты тереңдете түседі деген ойдамын.

Жаңартылатын қуат көздерін пайдалану жобасына қолдауларыңызға алғысымды білдіремін. Италияда ауыл шаруашылығы, өндіріс, туризм өте жақсы дамығанын білеміз. Осы бағыттар бойынша да іскерлік байланыс орнатсақ деген ұсынысым бар. Біздің кәсіпкерлерді, ауыл шаруашылығы өкілдерін Италияға жіберіп, тәжірибе жинату жағын қарастырайық. Біз өндіріс пен білім саласына басымдық беріп отырмыз. Білім саласына да инвестиция құюға шақырамыз. Өңірде Италия тарапынан оқу орнын ашамыз десеңіздер, қолдау көрсетеміз. Жалпы аймақта өндіріс орындарын ашу, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бойынша әрдайым әріптестік орнатуға, қолдау көрсетуге дайынбыз, – деді Дархан Сатыбалды.

Италияның Қазақстан Республикасындағы елшісі ұсыныстарды қарастырып, тиісті жұмыс жүргізетінін айтты.

– Қанша аймақта болсам да, Түркістан өзіне тартып тұрады. Бүгінгі іске қосылған жобамыз – болашақ жобалардың бастамасы. Екі елдің арасында тұрақты әуе рейстерін көбейтуді қолға алу маңызды деп есептеймін. Осы арқылы Италия саяхатшылары Қазақстанға және Түркістанға келеді. Еуропалық туристер тарихи орындарды, көне қалаларды, ескерткіштерді аралап, зерттегенді жақсы көреді. Бұл ретте Түркістанның орны айрықша. Туризм саласы бойынша гидтер даярлауға қолдау көрсетуге де дайынбыз. Осы өңірді дамытуға үлес қосқымыз келеді, – деді елші.

Кездесуде «Arm Wind» ЖШС-нің басқарушы директоры Алекс Стиллавато да байланыстарды нығайту бағытында ой қозғады. Түркістандағы Күлтөбе қалашығын жарықтандыру, күн панельдерін орнату жоспары бар екенін мәлімдеді. Осы бағытта ЮНЕСКО-мен және Түркістан облысы әкімдігімен бірлесе жұмыс атқарылмақ. Егер ЮНЕСКО-мен келісімге қол жеткізіле берсе, туристік әлеуетті көтеретін жоба жүзеге аспақ.

Жалпы, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың алдағы 7 жылда кемінде 150 миллиард АҚШ доллары көлемінде шетелдік инвестицияларды тарту жөніндегі тапсырмасын орындау бойынша жұмысты жалғастыруда.

2022 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанға тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағыны 28 миллиард АҚШ долларын құрады, бұл 2021 жылдан 17,7%-ға артық (23,8 миллиард доллар). Бұл көрсеткіш соңғы 10 жылда рекордтық сандарға жетті (2012 жылы – 28,9 миллиард доллар).

Елдер бөлінісінде ең көп инвестиция Нидерландтан – 8,3 миллиард доллар, АҚШ-тан – 5,1 миллиард доллар, Швейцариядан – 2,8 миллиард доллар, Бельгиядан – 1,6 миллиард доллар, Ресейден – 1,5 миллиард доллар, Оңтүстік Кореядан – 1,5 миллиард доллар, Қытайдан – 1,4 миллиард доллар, Франциядан – 770 миллион доллар, Ұлыбританиядан – 661 миллион доллар, Германиядан – 469,5 миллион доллар көлемінде түсті.

Салалық бөлінісінде инвестициялардың ағыны тау-кен өндіру өнеркәсібіне – 12,1 миллиард доллар (25%-ға өсу), өңдеу өнеркәсібіне – 5,6 миллиард доллар (+2,7%), көтерме және бөлшек саудаға – 5,1 миллиард доллар (+36%), кәсіби, ғылыми және техникалық қызметі – 1,2 миллиард доллар (2,2 есе), көлік және қоймалау – 1,2 миллиард доллар (+13,5%) көлемінде тиесілі.

Өңірлік бөліністе инвестициялардың көбісі Атырау облысына – 8,3 миллиард доллар (өсім 48,3%), Алматы қаласына – 7,6 миллиард доллар (+10,9%), Астана қаласына – 2,2 миллиард доллар (+107,2%), Шығыс Қазақстан облысына – 2,2 миллиард доллар (+3,1%), Ақтөбе облысына 1,2 миллиард доллар (11,2%-ға төмендеу) келеді.

Былтыр Қазақстан мен Италия арасындағы тауар айналым 15 миллиард долларға жеткен. Бұл жайлы Премьер-министр Әлихан Смайылов пен елімізге ресми сапармен келген Италия Министрлер кеңесі Төрағасының орынбасары – сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министрі Антонио Таянимен кездесу барысында айтылды.

Жалпы, Италия мемлекеті Қазақстанның әлем бойынша ірі үш сауда серіктесінің бірі саналады және Еуропалық одақ елдері арасында бірінші орында тұр. Мәселен, былтыр екіжақты тауар айналымы 55%-ға жуық артып, шамамен 15 миллиард АҚШ долларына жеткен. Сондай-ақ Италия Еуропалық одақ елдері ішінен Қазақстан экономикасының тұрақты ірі инвесторлар бестігіне кіреді.

Бұл елден соңғы 17 жылда шамамен 7,3 миллиард долларға инвестиция тартылған. Ал өткен жылдың қорытындысы бойынша ол қаражат шамамен 2,5 есе өсіп, 300 миллион долларға жеткен.

«Екі ел арасында тауар айналымын одан әрі арттыруға әлеуетіміз жеткілікті. Біз Италияға жалпы құны 900 миллион доллардан асатын қазақстандық 110 тауар өнімінің экспортын арттыруға дайынбыз. Елдеріміз арасындағы инвестициялық өзара іс-қимыл жаңа бірлескен жобалармен нығая түсуде. Біз бұл ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге мүдделіміз», — дейді Әлихан Смайылов.

Өз кезегінде Антонио Таяни Италия Қазақстанмен жан-жақты, әсіресе, сауда, энергетика және өнеркәсіп бойынша ынтымақтастықты нығайтуға дайын екенін айтты.

«Біз Италияда бірлескен кәсіпорындарды, жаңа қазақстандық компанияларды ашуға дайынбыз. Сондай-ақ кәсіпорындарымыз арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ықпал ететін Іскерлік кеңес құруға ниеттіміз», — деді ол.

Сонымен қатар ол Алматыда жаңа итальяндық мәдениет институтын ашудың маңыздылығын атап өтті. Бұл екі ел арасында студенттер алмасуды арттыруға мүмкіндік береді.

Ал Әлихан Смайылов Италия елшілігінің Астанадағы жаңа кеңсесінің ашылуына қолдау білдірді. Бұл іскерлік байланыстарды орнатуға ауқымды үлес қосып, өзара сауданың дамуына тиімді әсер ететінін атап өтті. 

Италия Қазақстанның Еуропалық Одақтағы ең маңызды серіктестерінің бірі болып табылады, елдер арасында сауда-экономикалық ынтымақтастықты тереңдетуге, инвестицияларды ынталандыруға және өзара қорғауға бағытталған бірқатар үкіметаралық келісімдер бар. 2022 жылы елдер арасындағы екіжақты тауар айналымы 2021 жылмен салыстырғанда (9,7 миллиард) 54,1%-ға өсіп, 14,9 миллиард долларды құрады.Оның ішінде қазақстандық экспорт – 13,85 миллиард доллар, импорт – 1,05 миллиард доллар. Қазақстанның негізгі экспорттық тауарлары – мұнай, мұнай өнімдері, алюминий, ферроқорытпалар, бидай, мыс және қорғасын.

2011 жылдан бері Италиядан Қазақстан экономикасына тікелей инвестицияның жалпы ағыны шамамен 3,98 миллиард долларды құрады. Қазіргі уақытта итальяндық бизнестің Қазақстандағы инвестициялық жобалар пулы жалпы сомасы 159 миллион АҚШ долларын құрайтын 15 жобадан тұрады.

«Италия сыртқы сауданың жалпы көлеміндегі 11,1%-дан астам үлесімен Ресей мен Қытайдан кейінгі Қазақстанның үшінші стратегиялық сауда әріптесі болып қала береді. Бүгінде елімізде итальяндық капиталдың қатысуымен 260-тан астам кәсіпорын табысты жұмыс істеп жатыр, бұл итальяндық бизнестің елімізге деген жоғары сенімін көрсетеді», — дейді сарапшылар.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin