Түркістан қаласында орналасқан «Ұлы дала елі» орталығына қарасты Нұртас Оңдасынов музейі құнды жәдігерлермен толықты. Өзі тұтынған заттары музейге табысталды. Бұл біртуар тұлғаның 120 жылдығына орай үлкен сый болды.
Музейге Мәскеудегі «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы, ҚР Мәдениет қайраткері Әбуислам Тұрсынбаев, Мәскеудегі «Мұрагер» қазақ әндерін насихаттаушы бөлімнің жетекшісі, дәстүрлі әнші, ҚР Мәдениет қайраткері Абылайхан Оспанов, Ресейдегі қазақ диаспорасы өкілі Оспан Мырзатаев, журналист, сазгер, профессер Бекжігіт Сердәлі арнайы келді. Олар құнды жәдігерлерді табыстап, музейдегі жәдігерлерді тамашалады. Естелік суреттерге түсіп, есті әндер шырқалды. Нұртас Оңдасынов жайлы ой-толғаныстарымен бөлісті.
«Мәскеу қазақтары диаспорасының өкілдерімен бірге Нұртас Оңдасынов музейіне арнайы ат басын бұрып, Мәскеуде тұратын 80-нан асқан қария Полат Жамалов ақсақал көзінің қарашығындай сандығында сақтап, аманаттап беріп жіберген Нұртас ағамыздың көзі тірісінде тұтынған заттарын музей қорына тапсырдық. Нұртас Оңдасыновтың қазақ жерінде білім-ғылымды көркейтіп, жоғары оқу орындарын ашуға қосқан үлесі өз алдына, тау тұлғасы мен ел дамуы жолындағы ерен еңбегі ешқашан ұмытылмайды» — дейді музей қонақтары.
Айта кетейік, тапсырылған тарихи жәдігерлердің арасында Нұртас Оңдасыновтың оқалы зер шапаны, жеке кітапханасынан кітаптар, атап айтқанда, 1969-1974 жылы жарық көрген «Арабша-қазақша», «парсыша-қазақша» түсіндірме сөздік кітабы, ғұмырбаяндық хикаяттар, маңызды құжаттар мен материалдар жинағы, қолтаңбалы кітаптары т.б. бірқатар құнды заттар бар. Қазіргі таңда музей қорында 2586 жәдігер бар, оның 1600-і — қайраткердің тікелей өзі тұтынған заттары.
Қазақ халқының біртуар дарынды тұлғасы Нұртас Дәндібайұлы 1904 жылы 26 қазанда Түркістан жерінде дүниеге келген. Балалық шағында ауыл молдасы Керімқұлдан арабша төте жазудан дәріс алып, «Батырлар жыры», «Қисса» және «Дастандарды» оқып ұлттық рухта тәрбиелене бастаған. Жастық шағы 1917 жылғы қос төңкеріс, 1918-1920 жылдардағы азамат соғысының аласапран уақытына тап келген. Жастай әкесі мен шесесінен айырылып, 1920 жылы Ташкенттегі №14 мектеп-интернатында 1922 жылға дейін тәрбиелеуге қамқорлыққа алынған. Онда Алаш зиялысы Сәдуақас Оспанов басшылық жасаған. Орыс тілінен Ғани Мұратбаев, араб тілінен Әмин Жүсіпов (Мәшһүр Жүсіптің ұлы) дәріс берген. Алаш қайраткері Сәдуақас Оспанов жастардың мықты және рухты болып өсуі үшін Нұртас Оңдасынов, Бейсембай Кенжебаев және Өтеубай Тұрманжанов сияқты талантты жастарды тәрбиелеген.
Нұртас Дәндібайұлы 1922-1927 жылдары Ташкент Орман шаруашылығы техникумында оқыған. Онда Мұхтар Әуезов қазақ әдебиетінен дәріс беріп, «Ел болам десең, бесіңіңді түзе» және «Білімді ел, биік ел» деген сөздерді ылғида айтып, олардың рухани зердесіне нұр қылып құйған ғой. Үлкен ұстаз осылайша қазақ жастарының өмір жолына бағыт көрсеткен.
Қайраткер тұлға жас кезінен көшбасшылық қабілеттерін байқатқан. Оған дәлел Ғани Мұратбаевтың қасында жүріп, ұйымдастыру шараларына қатысқандығы. Еңбек жолын 1927-1928 жылдары Қызылорда Су шаруашылығында статист болып бастаған. 1928 жылы Талас-Ассы су көздерін іздестіру мекемесінің, 1928-1930 жылдары Шымкент Су шаруашылығында техник маман ретінде қызмет атқарған.
1930-1934 жылдары Ташкент қаласындағы Ирригациялық институтының студенті болған. 1934-1938 жылдары Қазақ Орман шаруашылығы басқармасында басшылық қызметте болды.
1938 жылы ақпан-маусым айларының аралығында Шығыс Қазақстан облыстық атқару комитетінің төрағасы қызметін атқарып, осы аталған жылдың ортасында Совнарком (Үкімет) төрағасы болып тағайындалған. 1938-1951 жылдар аралығында Қазақстан Үкіметін басқарып, елдің дамуына ерекше үлес қосқан тұлға. Мәселен, 1944 жылы Консерватория, ЖенПИ, Педучилищені ашу туралы Үкімет қаулысын шығарған. 1942-1944 жылдары «Самарқан» деген белгісіз атаумен салынаған металлургтер қалашығына «Теміртау» деп ат қойғанда Н.Д. Оңдасынов еді. Соғыс жылдарында майдан тылындағы жұмыстарды ұйымдастырудың басшылығында жүрді. Қазақстанға депортацияланған және эвакуацияланған халқты қабылдап, оларды орналастыруда қаншама қамқорлық жасады. Осы соғыс жылдарында «Қазақфильмнің» негізін қалауға тікелей ықпал еткен. Елдегі мәдениет пен өнердің дамуын өзі қадағалаған. Мысалы, 1943 жылы майдан даласынан Н.Д. Оңдасыновқа Бауыржан Момышұлы хат жолдап, елдің рухын көтеру үшін ақындар айтысын өткізіп, ұлттық ойындар мен дәстүрді жаңғырту керек дейді. Осыны назарында ұстаған Нұртас Дәндібайұлы осы аталған жылдың 11 желтоқсанда республикалық ақындар айтысын өткізіп, халықтың рухын көтерген. Оған сол кезде Жамбыл Жабаев, Кенен Әзірбаев және Нартай Бекежанов сияқты ақындар қатысып, жүлделер алған.
Ал, 1943 жылы Қостанай облысы, Ұзынкөл ауданына іссапарға барған Үкімет төрағасы Н.Д. Оңдасынов 16 жасар Хакімжан Наурызбаевтың талантын байқап, оны Алматыға оқуға шақыртып, мүсінші Ольга Кудрявцеваға тапсырып, Украина мен Ресейге оқуға жіберткен. Кейін Хакімжан Наурызбаев қазақ халқының атақты мүсіншісі болды. Ол өзінің естелігінде: «Қайраткер Н.Д. Оңдасынов болмаса, мүсінші Х. Наурызбаев болмас еді» деп жазған екен.
1945 жылы Абай Құнанбайұлының 100 жылдық мерейтойын өткізуге Үкімет қаулысын шығарып, оның басынан аяғына дейін өзі қадағалап, Абай еліне барған.
1945-1946 жылдары Қазақ КСР Ғылым академиясының іргесін қаласуға қатысып, Қ.И. Сәтбаевты қолдап, КСРО Ғылым академиясының Президенті В.Л. Комаровқа таныстырып, ғылымды ұйымдаструға басшылық қызметке әкелген. Ғылым академиясының тағанын қаларда «Қазақстан ғылымы күмістей сыңғырлаған таза болсын» деп ырымдап, бір уыс теңге шашқан. 1947-1950 жылдары оңтүстік пен солтүстікті қосатын Мойынты-Шу темір жолын салуға бастама көтеріп, ұсыныс жасауда Л. Берияға өз сөзін өткізіп, Кеңес Одағын орталығынан қаражат мәселесін шешкен. Сөйтіп, бұрынғы 7-8 тәуліктік жолдың қысқартып, 1 тәулікте Ақмоладан Алматыға жететін жағдай жасаған.
Қайраткер тұлға 1951-1953 жылдары Мәскеу қаласындағы Жоғары Партия мектебіне оқуға жіберілген. Одан келгеннен кейін 1954-1955 жылдары Қазақстан Жоғарғы Кеңесі Төралқасының төрағасы қызметін атқарып, елдің дамуына оң өзгерістер әкелетін заңдарды шығарып, оған өз қолын қойған.
1955-1962 жылдары Гурьев облысында басшылық қызмет атқарып, мұнайлы өлкенің дамуына зор үлес қосқан. Қазіргі Атырау мен Маңғыстау жеріндегі мұнайлы өндіріс ошақтарын ашуға жағдай жасап, мұнайшыларға қамқор болған. Сол уақытта Қаражамбас, Жетібай, Жаңаөзен және тағы басқа мұнай өндіріс орындарының ашылуына ерекше еңбек сіңірген. 1957 жылы Гурьевте өнерпаздарды жинап, олардың ішінен 500 домбырашыны отырғызып қойып, Құрманғазының «Сарыарқа» күйін орындатып, ұлттың рухын көтерген. 1959 жылы Гурьев қаласында Одақтық конференция өткізіп, оған Қ.И. Сәтбаев және танымал ғалымдар қатысып, мұнай өндірісін дамыту мәселесін талқылаған. Ол туралы мұнайшы ардагерлер – С. Өтебаев, Х. Өзбекқалиев және тағы басқа мұнайшылар өз естеліктерінде жақсы лебіз білдірген. 1959 жылы Гурьевте өткен алқалы мәжілісте бұрынғы Бор поселкесінің атауын «Ақтау» қаласы деп атау туралы шешім шығарған да Н.Д. Оңдасынов еді.
Өкінішке орай, 1962 жылы Н.Д. Оңдасыновты Гурьев облысы басшылығынан 58 жасында кетіруге құпия тапсырма берген Н.С. Хрущев болған. Өйткені, екеуі үш мәселеде келіспей қалған. Ұлт қайраткері бірінші, Тың игеруге, екінші, Оңтүстік Қазақстан аудандарын Өзбекстанға беруге және үшінші, Маңыстау мұнайын игереміз деген де, Н.С. Хрущев Сібір мұнайын игереміз, Маңғыстау мұнайының қажеті жоқ деп айтысып қалған. Кеңестік қызыл иперия басшысына пікірін ашық айтып, қарсы шыққаны үшін оның қырына іліккен. Бірақ, одан тайсақтап, кешірім сұрап иілмеген. Ұлттық мүддені қорғай білген азамат. Сол себепті, оны ертерек зейнеткерлікке шығартуға астыртын әрекет жасалған.
Нұртас Дәндібайұлы 1962-1989 жылдары Мәскеуде тұрып, зейнеткерлік жасында шығармашылықпен айналысып, 6 кітап жазған. Оның 3 томы «Қазақ-араб» және «Қазақ-парсы» сөздіктері. Біруі «Араб текті қазақ есімдері», «Шығыс халықтарының мақал-мәтелдері» және түрік сатиригі Мехмед Теуфиктің «Бұ адам» кітабын қазақшаға тәржімалаған.
Жалпы, қайраткер Нұртас Оңдасынов 27 жыл зейнеткерлік жасында Мәскеуде тұрып, шығармашылықпен айналысып, Қазақстандағы зиялы қауыммен тығыз араласып отырған. Мақалалар жазған, хаттар жолдаған. Мәселен, Манаш Қозыбаев, Өзбекәлі Жәнібеков, Рахманқұл Бердібаев және тағы басқалармен араласқан.
1989 жылы Мәскеу қаласында қазан айының соңында өмірден озып, сүйегін туған жері Түркістанға әкеліп жерлеген. Қайраткер мүрдесін Қазақстанға жеткізуге атсалысқандар – Серікболсын Әбділдин, Өзбекәлі Жәнібеков және Сағидолла Құбашевтар еді.
Ал Түлкібаста орналасқан Тұрар Рысқұлов атындағы аудандық тарихи-өлкетану музейі бірқатар құнды жәдігерлермен толықты. Мемлекет және қоғам қайраткерінің 130 жылдық мерейтойының қонақтары мәдени ошаққа ат басын бұрып, аудан тарихы мен жетістіктерінен, біртуар тұлғаның еңбек жолынан мағлұмат алды. Кітап көрмесімен танысты.
Белгілі зерттеуші-ғалым, жазушы, тұрартанушы Мұхтар Қазыбек 100 жыл бұрын басылып шыққан көне кітаптың түпнұсқасын тапсырды. Ұлы тұлғаның немересі Аделя Рысқұлова атасының шағатай тілінде жазған екі хаты мен «АЛЖИР» лагеріне қатысты кітапты табыстады. Сонымен қатар Дүние жүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков ерекше картинаны сыйға тар тты.
Облыстық тарихи-өлкетану музейіне қарасты мәдениет ошағы 1963 жылы қоғамдық негізде құрылған. 1976 жылы мемлекеттік мекеме мәртебесін алды. 1983 жылы облыстық тарихи өлкетану музейінің бөлімшесі болып қайта құрылды. Қазіргі таңда музей қорында 7 мыңға жуық экспонат бар. Оның ішінде негізгі қор 5 мыңнан асса, қалған экспонат ғылыми-көмекші қорға тиесілі.
1994 жылы ірі мемлекет және қоғам қайраткері Тұрар Рысқұловтың 100 жылдығына орай музейге есімі берілді. Музей екі қабатты жалпы көлемі 753,3 шаршы метрді құрайтын ғимараттан тұрады. Оның ішінде экспозиция залдары мен қор қоймасы бар.
Айта кетейік, арда азаматтың ата-бабаларының ата қонысы – мекені болған Түлкібас ауданында тұлғаның 95, 100, 110, 120 жылдық мерейтойлары ерекше салтанатты жағдайларда атап өтілді. Игі дәстүрге айналған қоғам қайраткерінің биыл 130 жылдығы облыс, аудан көлемінде жалғасын тауып, жоғарғы деңгейде аталып өтті.
Тұрар Рысқұлов (26 желтоқсан 1894, Жетісу облысы, Верный уезі Шығыс Талғар болысы – 10 ақпан 1938, Мәскеу) – мемлекет қайраткері. Оның әкесі Рысқұл Жылқыайдарұлы 19 ғасырдың 80-жылдары патша әкімшілігінің озбырлығына шыдамай, Сырдария облысының Черняев уезінен (қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданы) Верный уезіне қоныс аударып келген болатын. Жаңа қонысында да әділетсіздік көрген Рысқұл 1904 жылы желтоқсанда халыққа тізесі батқан Саймасай Үшкемпіров деген болысты атып өлтіреді. Түрмеде жатып өш алушылардың жалғыз ұлы Тұрарға зияны тиер деп қауіптенген ол оны өзінің қасына алдыртады. «Түрме баласы» аталған Рысқұлов түрме үйлерін сыпырып, бастықтың атын айдап жүріп орыс тілін үйренеді. Әкесі 10 жылға сотталып Сахалинге жер аударылған соң Рысқұлов – «Қырғызбаев» деген жалған фамилиямен нағашыларының қолына келіп, Меркідегі орыс-түземдік бастауыш мектепте оқиды. Мұндай аралас мектептер белсенді миссионерлік мақсат ұстанған болатын. Әкесімен бірге Верный қаласының түрмесінде болған кезінде түрме бастығы Приходько жас Рысқұловты шоқындыруға әрекеттенсе, Меркідегі шәкірт кезінде де осындай әрекет оның алдынан тағы да шығады.
1910 жылы Рысқұлов Пішпектегі 1-дәрежелі ауыл шаруашылығы мектебіне қабылданып, оны 1914 жылы қазан айында бау-бақша өсіруші мамандығы бойынша бітіріп шығады. Бұл мектепті үздік бітірген оған Самара қаласындағы орта дәрежелі ауыл шаруашылығы училищесіне түсу үшін арнайы жолдама беріледі, бірақ училище директоры «қазақ – көшпелі, оған жер өңдеуді оқудың қажеті жоқ», – деп қабылдамай қояды.
Тауы шағылған Рысқұлов 1915 жылы Ташкенттегі мұғалімдер семинариясына түсуге тырысады, бірақ оны мұнда да «бұратана» деген сылтаумен қабылдамайды. Ақыры ол оқу министріне арыздана жүріп, арнайы рұқсатпен емтихан тапсырады да, оқуға қабылданады. Күн көру үшін оқумен қатар Ташкент қаласының іргесіндегі Красноводск тәжірибе алаңында бағбан болып істеді.
1916 жылы жазда қазақ даласында ұлт-азаттық көтеріліс басталған кезде Рысқұлов оқуын тастап, Әулиеата уезіндегі Меркі ауылына аттанды. Ол Меркіге келген кезде халық ашық бас көтерулерге шығып, жер-жерде қарулы қақтығыстар өрши бастаған болатын. Ол Аққөз Қосанұлы бастаған көтерілісшілердің іс-әрекетіне ұйымдық сипат беріп, саяси бағдар сілтеді. Меркідегі көтерілістің өршіген кезінде Рысқұловты патша әкімшілігі тұтқындайды, бірақ оның іс-әрекетінен кінә таба алмай босатып жіберуге мәжбүр болады. 1917 жылғы Ақпан төңкерісінен кейін көктемде Рысқұлов Меркіге оралып, онда «Қазақ жастарының революциялық одағын» құрады. Осы жылы жазда Рысқұлов РСДЖП құрамына мүше болып қабылданды.
1918 жылы сәуірде Әулиеата уездік кеңесінің атқару комитеті төрағасының орынбасары болып сайланып, өз күш-жігерін ашаршылыққа ұшыраған халықты төніп тұрған ажал тырнағынан арашалап қалуға, орыстар мен қазақтардың арасындағы қарым-қатынасты реттеуге, кеңестерге жергілікті халық өкілдерін көптеп тартуға жұмсады. Әулиеата уездік төтенше комиссия ұйымдастырып, қарулы отрядпен бірге уезді аралап, орыстар мен қазақтардың өзара қырқысын тиюға, контрибуция ретінде тартылып алынған қазақтардың мал-мүліктерін өздеріне қайтарып бергізуге тырысты. Рысқұловтың ықпалымен Әулиеата уездік кеңесінің құрамы мен жұмыс тәсілі тез өзгере бастады.
1918 жылы 21 сәуірде уездік кеңестің мүшелігіне қазақтар арасынан депутаттар сайлау мақсатымен Әулиеата қаласында Рысқұлов ұйымдастырған қазақтардың жиыны болып өтті. Жиналыстың шешімі бойынша Әулиеата уездік кеңесінің 26 мүшесінің 15-і жергілікті халық өкілдері болды. Рысқұловтың жетекшілігімен Әулиеата қаласы маңында қоғамдық тамақтандыру орындары ұйымдастырылып, онда 20 мың адамға дейін ашыққан қазақтар тамақтандырылды.
1918 жылы шілдеде Әулиеата уездік кеңесінің атқару комитеті төрағасы болып сайланды. Уездік кеңестің сан түрлі қызметін ұйымдастыра отырып, Рысқұлов бұрынғысынша негізгі күш-жігерді ашаршылықпен күрес ісіне бағыттады. Сырттан келер көмектің жоқтығы оны тек ішкі резервтерді тиімді пайдалана білуге мәжбүр етті. Рысқұлов Әулиеата қаласының 52 орыс капиталисіне ашаршылыққа ұшыраған халықтың пайдасына 3 миллион сом салық төлеттірді.
1918 жылы қыркүйекте Рысқұлов Түркістан автономиялы Республикасының Денсаулық сақтау халық комиссары болып тағайындалды. Бұл комиссариатқа денсаулық ісімен шұғылданумен қатар аштықпен күресу міндеті де тапсырылған еді. Аштықпен күресуге Денсаулық сақтау халық комиссариатының күш-қуаты мүлдем жеткіліксіз болатын. Сондықтан да Рысқұлов аштықпен жүйелі түрде күресу үшін, құрамына түрлі комиссариаттардың өкілдері кіретін арнайы ұйым құруды талап етеді.
Осыған орай 1918 жылы 28 қарашада ерекше Орталық Комиссия ұйымдастырылып, оның төрағасы болып Рысқұлов тағайындалды. Рысқұлов басшылық еткен ерекше комиссия Түркістан автономиялық республикасының 19 уездері мен қалаларында 923 мың адамға арналған тамақтандыру орындарын ашты.
1919 жылы 14 наурызда Түркістан Республикасы кеңестерінің 7 съезінде Орталық атқару комитеті төралқасы төрағасының орынбасары болып Рысқұлов сайланды. Осы жылы 14 – 31 наурыз аралығында Ташкент қаласында болып өткен Түркістан КП-ның 2 конференциясында ОК жанынан Мұсылман бюросын құру туралы шешім қабылданды. Рысқұлов Мұсылман бюросы қызметін жандандыра түсу мақсатымен оның ұйымдастыру, редакция-баспа, мәдени-ағарту және әскери бөлімшелерін құрды.
1919 жылы шілдеде Түркістан Республикасы атқару комитеті Әулиеата және Черняев уездеріндегі саяси-әлеуметтік және ұлтаралық қарым-қатынас жайымен танысу үшін онда арнайы комиссия аттандырды. Рысқұлов төрағалық еткен бұл комиссия Әулиеата атқару комитетінің мүшелерін өз міндеттерін іске асыра алмағаны үшін қатаң сынға алып, бұл комитеттің таратылғанын жариялады. Осыдан кейін Әулиеата уездік атқару комитетінің орнына Түркістан атқару комитетінің шешімімен Әулиеата уездік уақытша Революциялық комитет ұйымдастырылды.
1920 жылы 21 қаңтарда Рысқұлов Түркістан Орталық атқару комитетінің төрағасы болып сайланды. Ол атқару комитетін Түркістанның тарихи-объективті жағдайы мен ерекшелігін басшылыққа алып жұмыс істейтін органға айналдырды, жергілікті халықтардың құқығын қорғайтын ұйым дәрежесіне көтерді. Атқару комитетінің төрағасы ретінде Түркістан Республиканың Конституциясына сай берілген құқықтарын пайдалана отырып орыс шаруаларының қарусыздандырылуына, олардың экономикалық жағдайының жергілікті халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайларымен теңестірілуіне, орыс шаруалары мен казактардың көшпелі халықтардан тартып алған жерлерін иелеріне кері қайтаруларына қол жеткізді. Ол Түркістан Республиканың саяси-мемлекеттік егемендігі жолында табанды күрес жүргізді. Республиканы түркі тілдес халықтардың ұлттық мемлекетіне айналдыруға, республика егемендігіне, яғни саяси, экономикалық, дипломатиялық, әскери және мәдени мәселелер бойынша нақты болуы тиіс дербестік құқықтарына ие болуға бар күш-жігерін жұмсады.
1924 жылы 4 ақпанда РКП(б) ОК шешіміне орай Рысқұлов Коминтерн атқару комитетінің құрамына қызметке жіберілді. Коминтерн атқару комитетінің Орталық-Шығыс бөлімі меңгерушісінің орынбасары болып бекітілді. 1924 жылы жазда Коминтерн атқару комитетінің Монғолиядағы өкілетті өкілі болып тағайындалды. Ол онда Моңғол Халық Республикасының аяғынан нық тұрған мемлекеттік ретінде қалыптасуына зор еңбек сіңірді. Ол Моңғолия Конституциясының жобасын әзірлеуге атсалысты. Моңғолия астанасының атын Уланбатор (Қызылбатыр) деп қоюды ұсынған Рысқұлов болатын.
1926 жылы наурызда Рысқұлов Қазақстанға жіберіліп, Қазақ өлкелік БК(б)П комитетінің Баспа бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындалды. Осы жылы 19 сәуірде Рысқұлов Қазақ өлкелік БКП (б) комитеті қаулысымен «Еңбекші қазақ» газетінің жауапты редакторы болып бекітілді. Көп ұзамай 31 мамырда Бүкілодақтық орталық атқару комитетінің қаулысымен Ресей Федерациясы Халық комиссарлары кеңесі төрағасының орынбасары болып бекітілді. Бұл қызметіне қоса Рысқұлов Түрксіб темір жолын салуда үкімет комиссиясының төрағасы болып, оны 6 жылда аяқтау орнына 3 жылда пайдалануға берілуін ұйымдастырды. Маманданған қазақ жұмысшыларын қалыптастыруға, қазақ жастарын Ресей және шет ел оқу орындарында көптеп оқытуға көп көңіл бөлді. Қазақ өлкелік БК(б)П к-тін басқарған Ф.И. Голощекиннің «Қазақстанда кіші Қазан» төңкерісін жасау идеясына ашық қарсы шықты. Кеңестік ұжымдастыру саясатының зардаптарын жою, Қазақстандағы ашаршылықтың апатынан халықты құтқару жайында И.В. Сталинге нақты ұсыныстар жасады. Бірақ И.В. Сталин Рысқұловтан гөрі Ф.И. Голощекинге сенім артатындығын танытты. Рысқұлов қолынан келгенше ашаршылық тауқыметіне ұшырағандарға жәрдем көрсетуге талпынды.
1937 жылы 21 мамырда Кисловодскіде демалыста жүрген Рысқұлов «пантүрікшіл», «халық жауы» деген айыппен тұтқынға алынды. Кеңестік қуғын-сүргінге ұшыраған Рысқұлов Мәскеу түрмесінде жүрек ауруынан қайтыс болды. Рысқұловтың әйелі Әзиза да кеңестік қуғын-сүргін құрығына ілігіп, АЛЖИР-де 18 жыл айдауды бастан кешті. Ұлы Ескендір түрмеде қайтыс болды. Рысқұлов есімі КСРО Әскери коллегиясы Жоғырғы Сотының шешімімен 1956 жылы 8 желтоқсанда ақталды. Қазіргі кезде Жамбыл облысының бір ауданына Рысқұлов есімі берілген. Тараз қаласында Рысқұлов есімімен аталатын демалыс паркі бар, онда Рысқұловқа ескерткіш қойылған Қызыл граниттен жасалған Рысқұлов ескерткішінің архитекторы – А.Рыспаев, мүсіншісі – Ю.Баймұқашев. Алматы қаласындағы Басқару академиясына Рысқұлов есімі берілген. Көрнекті қазақ жазушысы, мемлекеттік қайраткері Шерхан Мұртазаның «Қызыл жебе» (1-2-кітабы), «Жұлдызды көпір», «Қыл көпір», «Тамұқ» атты роман хамсасында Рысқұлов келбеті сомдалған.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.