Түркістан облысына ирандық инвестор инвестиция салуға ниетті болып отыр

Түркістан облысына жан-жақтан инвестиция тарту жұмыстары жүргізілуде. Осы мақсатта Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы Иран елінен келген делегациямен кездесіп, инвесторлармен жаңа жобаларды талқылады.

Ирандық «Solico Group» компаниясының өкілдері Түркістан облысында сүт өнімдерін өндіретін зауыт салуға, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге ниетті. Инвестордың жобасымен танысқан Ермек Кенжеханұлы өңірде инвестициялық жобаларға жасалған мүмкіндіктер туралы тоқталды.

– Түркістан облысында бүгінде 9 индустриалды аймақ бар. Онда бірқатар жобалар жүзеге асқан. Түркістан облысы – өндіріс орындарын ашуға қолайлы өңір. Ауа-райы – жылы, халқы – еңбекқор. Экономиканы дамытуға бағытталған инвестициялық жобаларға ашықпыз, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Айта кетейік, «Solico Group» – 2000-нан астам өнім санатын ұсынатын Таяу Шығыстағы ең ірі тамақ өнеркәсібіндегі компаниялардың бірі. Сүт, ет, сусындар, спорттық тамақтану және тағы басқа өнім түрлерін өндірумен айналысатын компанияның әлем бойынша бірқатар кеңселері бар. Атап айтқанда, Иран аумағында 12 өндіріс орны, Ирак аумағында 2 өндіріс орны және әлем бойынша 30 қалада кеңселері бар.

Кездесу нәтижесінде екі тарап ауыл шаруашылығы саласында өзара ынтымақтастық құруға уағдаласты. Түркістан облысына инвестиция тарту бағытындағы жұмыстар жалғасады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin