Бүгін иісі қазақтың мақтанышы, жаһан таныған әнші Димаш Құдайберген Түркістан қаласына келді. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды арнайы кездесіп, құрмет көрсетті.
– Еліміздің атын әлемдік аренада танытып жүрген өзіңіздей өнер адамын өз өлкемізде көргеніме қуаныштымын. Сіздің бұл сапарыңыз – облысымыздағы руханият саласына, өңір туризмін дамытуға зор серпін береді деп ойлаймын. Қазіргі таңда өңірде руханият саласында бірқатар бастамалар қолға алынып, жүзеге асуда. Республикалық, халықаралық деңгейдегі шаралар – өңірімізге туристердің, қадірлі қонақтардың келуіне себеп болуда. Солардың бірі – «Voice of Turan» халықаралық қазақ әндерін орындаушылар байқауы. Биыл 5-ші рет ұйымдастырылып отырған байқауда әлемнің 20-ға жуық елінен өнерпаз қатысып, қазақ әндерін шырқайды. Осы байқау барысында әлемнің қай елінде болмасын әншілердің Сіздің орындаған әндеріңізге деген қызығушылығы басым екендігі байқалады. Бұл – біз үшін қуаныш әрі зор жауапкершілік, – деген облыс әкімі әншіні халықаралық қазақ әндерін орындаушылар байқауына құрметті қонақ болуға шақырды.
Әнші өз сөзінде Түркістанның рухани орталық ретінде қарыштауына таңданысын жеткізіп, өңір басшысына алғысын жеткізді.
– Түркістанның жаңа кейпіне, өзгеріске таңғалдым. Барлығы ұнап жатыр. Ес білгелі, алғаш рет келуім, ерекше әсер алдым. Елдің осындай әдемі шаһарда тұрып жатқанын, еңсесі көтеріліп жатқанын көргеніме қуанып отырмын. Түркістан бүгінде түркі әлемінің туристік астанасына айналып, дүние жүзіне танылып жатыр. Ең бастысы, еліміз тыныш болсын! Қалаларымыз әлемге танылып, халқымыздың дүниетанымы, руханияты көкжиегі кеңейе берсін! – деді Димаш Құдайберген.
13-14 қыркүйекте Астанада Димаш Құдайбергеннің концерті өтеді. Қазақстанның халық әртісі «Astana Arena» стадионында «Stranger» атты жеке концертінде өнер көрсетеді. Ұлттық дыбыстық және қазіргі әуендік техника үйлесім тапқан әлемдік деңгейдегі шоуда дәстүрлі және заманауи стильдегі композициялар орындалады. Ән кеші 8-13 қыркүйек аралығына жоспарланған V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен, «ДимашАли» шығармашылық орталығының ұйымдастыруымен өткізіледі.
Осы реттер атап өтерлігі, Кентау қаласына да облыс әкімінің штаттан тыс кеңесшісі, елімізге танымал продюсер, тележүргізуші, актер Нұрлан Қоянбаев және бірқатар өнер жұлдыздары жұмыс сапарымен барды.
Қала әкімі Жандос Тасовпен кездесіп, Түркістан өңірінде киноиндустрия саласы бойынша, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес үлкен жобаның бастағалы жатқаны жайында сөз болды. Сол бағытта аудан-қалаларды аралап, кино түсіруге мүмкіндіктер бары қаралып жатқаны айтылды.
Қала басшысы облыстың мәдениетін дамыту бағытындағы Кентауға да оң ықпал беретін жаңа жобаларды қолдауға дайын екенін жеткізді.
Кездесуге Нұрлан Қоянбаевпен бірге еліміздің жарық жұлдыздары әнші Нұржан Керменбаев, «Ринго» тобының мүшесі Аян Бірбаев, актер Дәулет Бижановтар бар.
Айта кетейік, өңір басшысы Дархан Сатыбалды өнер жұлдыздарымен кездесуінде: «Қай салада болмасын, Түркістанда бірлескен жобаларды жүзеге асыруға үлкен мүмкіндік бар. Өздеріңізге белгілі, ұрпақ тәрбиесінде кино индустрияның алар орны айрықша. Еліміздің тарихын танытып, көрнекті жерлерін насихаттап, тұлғаларын дәріптеудің бірден бір жолы – кино және анимациялық туындыларды шығару. Оның үстіне, Түркістан облысында киелі мекендер, аты ел аузында қалған тұлғалар мен тамыры терең аңыздар көптеп кездеседі. Түркістанды халықаралық жастар орталығына айналдыруды көздейміз. Біз бұл бағыттағы креативті ұсыныстарға ашықпыз. Отандық өнімдерді қолдаймыз. Локация белгілеу, қажетті техникамен жабдықтауға мүмкіндігінше көмек көрсетуге дайынбыз» — деген болатын.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.