Түркістан облысындағы «Жайлы мектеп» құрылыстары депутаттар назарында тұр

Түркістан қаласына ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Мәжілістегі «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Ерлан Абдиев арнайы жұмыс сапарымен келді. Облыс орталығында құрылысы жүріп жатқан 2000 орындық «Жайлы мектеп» алаңына барып, құрылыс жұмыстарының деңгейін бақылады. Аталған нысанның құрылыс сапасын тексеру үшін Түркістан қалалық мәслихат төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев бастаған жергілікті халық қалаулылары да қатысты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үш ауысымды және апатты мектептердің тапшылығын шешу үшін «Жайлы мектеп» жаңа ұлттық жобасын қабылдауды тапсырған болатын. Президент айтқан жаңа мектептер ең заманауи құрал-жабдықтармен, қажетті оқу кабинеттерімен, спорт залдарымен жабдықталуы тиіс. Бастауыш және орта сыныптарды жеке асханалары, жуынатын бөлмелері, спорт залдары бар бөлек блоктарда оқыту ұсынылады.

Мәжіліс депутаты Ерлан Тұрсынбайұлы «AMANAT» партиясының Сайлауалды бағдарламасында білім беру орындарының құрылысы маңызды екенін атап өтті. «2000 балаға арналған білім ошағының құрылысы қарқынды, өзінің кестесімен келе жатыр. Алайда атауы «Жайлы мектеп» болған соң барлық жағынан жайлы, қолайлы болғаны дұрыс. Байқағаным, бастапқы жобада болған 2 лифтінің саны тапсырыс беруші тарапынан қайта түзетіліп, 1-еуге азайыпты. Ал 2000 балаға 1 лифтінің болуы ақылға қонбайды. Осы жәйтті қайта қалпына келтіруді ұсынамын. Одан бөлек, мүгедек жандарға арналған механикалық сатыны пандусқа айналдырған жөн. Себебі механикалық саты көп жағдайда тез бұзылып қалады және оны арнайы бір маман үнемі қадағалап отыруы тиіс. Біз дәл қазіргі әдемілікті емес, оның адамдарға бірнеше жыл қызмет ететін жайлы, тиімді жағын қарастырумыз керек» деді Мәжіліс депутаты.

Ұлттық жоба аясында Түркістан облысында 49 мың оқушыны қамтитын 63 «Жайлы мектеп» салынады деп жоспарланған. Түркістан қаласының Жаңа қала аумағындағы 42-ші көшеде салынып жатқан заманауи білім ұясының құрылысы өткен жылы басталған нысандардың бірі.

Бой көтеріп жатқан нысанның атқарылып жатқан жұмыстары жөнінде мердігер компания «Каратас Майнинг» ЖШС-і жауапты өкілі баяндады. Партиялық бақылауға алынған нысан 4 қабатты. Құны 8 млрд теңгені құрайтын ғимараттың жалпы ауданы – 20 147 шаршы метр, ал аумағы 4 гектар. Өткен жылдың қыркүйек айында құрылысы басталған мектепті биыл қараша айында пайдалануға беру көзделіп отыр. Дәл қазір қас беттерін әрлеу, спорт залды сырлау және ішкі жұмыстар атқарылып, аула реттеліп жатыр. Мектептің мейлінше тез, сапалы бітуіне 170-ке жуық құрылыс маманы жұмылуда.

Отырар ауданы мен Арыс қаласындағы білім нысандарының құрылыс жұмыстары тексерілді

Білім демекші, Түркістан өңірінің білім нысандарында жаңа оқу жылына қызу дайындық жүріп жатыр. Бүгін облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев Отырар ауданы мен Арыс қаласына жұмыс сапарымен барды. Іссапар аясында мектепке дейінгі және жалпы білім беретін мекемелердің құрылыс жұмыстарын тексерді.

Биыл Отырар ауданда 6 мектеп, 3 балабақшаға ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып, облыстық бюджеттен қаржы қаралған болатын. Отырарда жұмыс күшінен мәселе бар. Аудан әкімінің орынбасарына ауылдан жұмысшылар ұйымдастыруға тапсырма берілді

Темір ауыл округінен бастаған облыс әкімінің орынбасары Темір жалпы білім беретін мектебінің жай-күйімен танысты. Білім ұясы 1979 жылы салынған. 874 орындық мектепте 789 оқушы білім алады. Мердігер мекеме ретінде «А-ІІІ GROUP» ЖШС-і анықталған. Ғимараттың ішкі қабырғаларын қайта түсіріп сылау, әрлеу жұмыстары, сынып бөлмелерінің едендерін линолиум төсеу, коридордың едендерін кафелдеу, электр жүйелерін ауыстыру, есік терезе көздерін ауыстыру жоспарланған. Қазіргі таңда демонтаж жұмыстары жүргізілуде.

Қоғам ауыл округі, С.Әшіров атындағы жалпы білім беретін мектебі 1992 жылы салынған. 624 орынға арналған білім ұясында 452 оқушы бар. Ғимараттың сыртқы қасбетін металлосайдингпен қаптау, ішкі қабырғаларын қайта түсіріп сылау, әрлеу жұмыстары, едендерін кафелдеу, электр жүйелерін ауыстыру, есік терезе көздерін ауыстыру сынды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Талапты ауыл округіне қарасты Көкмардан ауылындағы «Көкмардан» жалпы орта мектебінің де ағымдағы жөндеу жұмыстарымен танысты.

Жұмыс сапары Арыс қаласында жалғасты. Жалпы құрылыс жұмыстарына ауыл адамдары тартылған. Ең алдымен Ақдала ауылдық округіндегі С.Ерубаев атындағы жалпы білім беретін орта мектепке ат басын бұрды. Мұнда ағымдағы жөндеу жұмыстары қызу жүргізілуде. 800 орынға лайықталған білім ордасында 951 оқушы білім алуда. Қауіпсіздік үшін мектеп аумағы қоршалған. Ішкі және сыртқы 16 бейнебақылау камерасымен, ішкі әжетханамен жабдықталған. Қазіргі кезде бірінші қабатындағы кейбір кабинеттің ағаш едендері көтеріліп, дәліздегі кафель төсемелері ескірген. Барлығы да ауыстырылып, қалпына келтірілмек. Сонымен бірге еден астынан өткен жылу жүйелерінің құбырлары тозығы жетуіне байланысты қайта жаңғыртылмақ. Ескірген пластик есіктер мен терезелерді ішінара ауыстыру жоспарланған. Ішкі және сыртқы қасбеті сырланады. Жөндеу жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес қыркүйек айының соңына дейін аяқталады. Бұдан бөлек қаладағы Журба мектебіне салынған қосымша 300 орындық ғимаратқа барды. Жаңа оқу жылы қарсаңында аяқталады деп жоспарлануда.

Арыс қаласының білім бөліміне қарасты мектепке дейінгі 59 ұйым бар. Оның ішінде 10 балабақша мемлекеттік болса, қалған 49 балабақша жекеменшік. Онда 5841 бала тәрбиеленуде. Қала орталығындағы «Айгөлек», Қожатоғай ауылындағы «Саяжан» және Байтоғай елді мекеніндегі «Ақкөгершін» балабақшасында ағымдағы жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.

Бейсенбай Дәулетұлы жауапты тұлғаларға атқарылып жатқан жұмыстарды бақылауды күшейтуді, сонымен қатар уақытында және сапалы аяқтауды қатаң тапсырды. Ол өз сөзінде «Тапсырыс берушілер де, мердігерлерге де әрбір оқу орнында кездесіп отырған мәселелермен дер кезінде жұмыс істеуі қажет!» — деді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin