Түркістан облысында жыл сайын мал басының ұлғаюына орай, жем-шөпке сұраныс артқан. Бүгінде егіс құрылымын қалыптастыруда мал азықтық дақылдарға басымдылық берілуде. Ағымдағы жылы мал азықтық дақылдар өткен жылмен салыстырғанда 2,1 мың гектарға артып, 223,7 мың гектарға орналастырылды. Бұл жалпы егіс көлемінің 26 пайызын құрайды.
Агроқұрылымдарға мал азығы дақылдарын еккені үшін және мал шаруашылығын дамытуға мемлекеттік қолдаулар тұрақты түрде көрсетілу үстінде. Оның ішінде, жоңышқа, жүгеріге нақты сатып алған тұқымына, минералды тыңайтқыштарына және зиянды организмдерге қарсы қолданылатын пестицидтердің шығын көлемдерінің 50 пайызына субсидия қаржысы төленеді.
Ал, жеңілдетілген жанар-жағармай агроқұрылымдардың сұранысына сәйкес, 33,9 мың тоннаға қажеттілік анықталды. Соның ішінде, мал азығын жинауға 203 тауар өндірушіден 1,1 мың тонна өтінім қабылданды. Бүгінгі таңда ақпараттық жүйе арқылы 23,2 мың тонна дизель отыны қанағаттандырылып, жұмыстар жалғасып жатыр.
Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасы мамандарының мәліметінше, мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде, өсімдік шаруашылығының даму қарқыны тұрақты сақталып отыр. Атап айтқанда, мал қыстату науқанына қажетті 4,3 миллион тонна ірі сояулы мал азығы дайындалды.
Бүгінде 273,4 мың гектарға егілген астықтың гектар түсімділігі 18,0 центнерді құрап, 492 мың тонна өнім жиналды. Егіс алқаптарынан мал қыстату науқанына қажетті 300,1 мың тонна сабан, бидай, арпа қалдықтарынан 89,4 мың тонна пішендеме дайындалған.
Биыл 1,5 жылдық мал азықтық қорды қамтамасыз ету мақсатында, 1,7 миллион тонна – жоңышқа, 1,9 миллион тонна – табиғи шөп, 22,4 мың тонна сүрлем жиналды. Сонымен қатар тауар өндірушілер арқылы өзге облыстардан 399,3 мың тонна мал азығы сатып алынды. Қазіргі таңда нарықта сабан бағасы 650-700 теңгеден, жоңышқа бағасы 1250-1300 теңгеден, пішен бағасы 900-950 теңгеден саудалануда.
Айта кетейік, ауыл шаруашылығы дақылдары 870,2 мың гектарға орналастырылып, өткен жылмен салыстырғанда 9,4 мың гектарға артқан.
Жалпы, Түркістан облысында 2022 жылы агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін қолдауға 30,3 миллиард теңге бөлінсе, ағымдағы жылы қолдау көлемі 30%-ға артып, 40 миллиард теңге бөлінді. Бұл туралы брифингте облыстық ауыл шаруашылығы басқарма басшысының міндетін уақытша атқарушы Әлібек Әбдіхалықұлы мәлімдеді.
Спикердің айтуынша, субсидия – тыңайтқыштарға, жылыжайды жылыту жүйесіне, дақыл өндірісіне, агроқұрылым жұмысын жандандыруға берілмек.
— Облыстың аграрлық секторында 74 мың агроқұрылым жұмыс істейді. Жалпы нарықты азық-түлік өнімдерімен толықтыру, өнімдердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында 2021-2025 жылға дейінгі кезеңде агроөнеркәсіп кешені саласында жалпы құны 237,5 миллиард теңгені құрайтын 97 инвестициялық жобаны іске асыру көзделген. Осы орайда 2021-2022 жылдары 48,4 миллиард теңгеге 70 жоба іске асырылды. Ал ағымдағы жылдың 8 айында аталған салада құны 10,6 миллиард теңгеге 26 жоба жүзеге асырылды, — деді спикер.
Бұдан өзге, облыста қарқынды бау шаруашылығы дамып келеді. Қазіргі уақытта оның көлемі 5 мың гектарды құрайды. Ал су үнемдеу технологияларын пайдаланатын алқап 30,2 мың гектарға жетті. Технология ағын суды үнемдеумен қатар өнімділікті 2-3 есеге ұлғайтуға мүмкіндік беріп отыр.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.