Түркістан облысындағы білім ұяларында әскери-патриоттық бағыттағы жұмыстар жанданып жатыр

Биылғы Отан қорғаушылар күні мерекесі – Ұлы Отан соғысының батыры, алғашқы Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетов пен Халық Қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың 100 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Осы тұлғалардың құрметіне отаншылдықты, ерлікті дәріптейтін іс-шаралар өтуде. Бүгін Түркістанда 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні мерекесіне арналған шара өтті. Мерекелік жиынға облыс әкімі Дархан Сатыбалды арнайы қатысып, әскерилерді құттықтады.

– Ұлт қаһарманы Бауыржан Момышұлының «Отан үшін отқа түс – күймейсің» деген қанатты сөзі бар. Сол ұстанымға адал болу – баршамыздың міндетіміз! Туған ел мен жерді қорғау – әрбір азаматтың қасиетті парызы. Қазақ мемлекетін қалыптастыру жолында тарихта аты алтын әріптермен жазылған ұлы баһадүрлердің ұрпақтары әлсіз болмауы тиіс. Сондықтан 18-ден асқан ұландарымыз әскерге барып, Отанға қызмет етуге міндетті. Ал еліміздің Қарулы күштері қатарында демографиясы жоғары Түркістан жастарының көп болуы – заңдылық. Мемлекетіміз отаншыл, батыр, адал ұрпақпен толыға берсін. Шекарамыз бүтін, аспанымыз ашық, күніміз шуақты, әскеріміз қуатты болсын! Әрдайым бейбітшілік салтанат құрып, Қазақстанымыз мәңгі жасай берсін! Отан қорғаушылар күні құтты болсын! – деген облыс басшысы әскерилерге құрмет көрсетіп, марапаттады.

Жиында «Ұлттық ұлан» сарбаздарының әскери шеруі өтті. Қолбасшы облыс әкіміне баянат жасады. Қазақстан Республикасының Гимні орындалды. «Ұлттық ұлан» №6506 әскери бөлімі сарбаздарына Қорғаныс министрлігінің және Ішкі істер саласы бойынша әскери шен тапсырылды.

Өңір басшысы бұдан соң әскерге шақырушыларды шығарып салу рәсіміне қатысты. Әскерге аттанушылармен кездесіп, ақ тілегін арнады. 100 орындық облыстық жинақтау бекетінің жалпы жағдайымен танысып, әскерге шақырушылардың жатын бөлмелерін аралап көрді. Тамақтану орнын және шақырушылардың психологиялық тесттен өту барысымен, облыстық медициналық комиссияның жұмысымен танысты. Мамандар жастар денсаулығының жақсарғанын атап өтті.

Айта кетейік, Түркістан облысы бойынша былтыр 4500-дей жас әскерге аттанды. Биыл да өрендер әскери бөлімдерге жіберіледі. Облыста әскери-патриоттық бағыттағы жұмыстар жанданып жатыр. Білім ұяларында оқушылар мен студенттерге ерлік пен елдіктің маңызы дәріптелуде. Қоғамда әскери салаға деген қызығушылық артып келеді. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғаса бермек.

Естеріңізде болса, Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші жиынында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев балалар мен жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеуге айрықша көңіл бөлінуі керектігін алға тартты. Мұнымен қатар тәуелсіздік және отаншылдық, бірлік және ынтымақ, әділдік және жауапкершілік сынды басым бағыттардың қарулы күштеріміздің әскери-патриоттық іс-шараларына да арқау болуы қажет екеніне тоқталды. 

«Мен маңызды идеологиялық тұжырымдарымыз бен негізгі бағыттарымыз туралы тарқатып айтып бердім. Тағы да бір қайталап өтейін: бұл – Тәуелсіздік және Отаншылдық, Бірлік және Ынтымақ, Әділдік және Жауапкершілік, Заң және Тәртіп, Еңбекқорлық және Кәсіби біліктілік, Жасампаздық және Жаңашылдық. Ұлтымыз осы идеялық негіздерді басшылыққа алса, болжаусыз және қарқынды дамып келе жатқан ХХІ ғасырда лайықты орнын табады. Құзырлы мемлекеттік органдардың бәрі өз жұмысын қайта қарап, осы тұғырнамаға үйлестіруі қажет. Сонымен қатар жоғары оқу орындары мен колледждер студенттермен жүргізілетін жұмысқа осы құндылықтарды үйлестіре кіріктіруі керек. Аталған идеалдар қарулы күштеріміздің әскери-патриоттық іс-шараларына да арқау болуы қажет», – деді Президент. 

«Еліміздегі жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру процесінің негізгі локомотиві – «Жас сарбаз» балалар-жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігі. Ол осы уақыт ішінде елдегі әскери-патриоттық қозғалысты шоғырландыру жөніндегі орталық органға айналды. Қозғалыстың және оның еліміздің барлық өңіріндегі филиалдарының жұмысы арқасында соңғы 5 жыл ішінде әскери-патриоттық клубтар саны 2828-ден 8672-ге дейін, ал оған қамтылған бала саны 73 164-тен 260 162-ге дейін артты. Демек ол мүдделі мемлекеттік органдармен және қоғамдық ұйымдармен өзара іс-қимыл жасай отырып, елдегі әскери-патриоттық жұмыстың ауқымын қамтиды. Сондай-ақ жыл сайын «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиыны өтеді. Оған екі мыңға жуық әскери-патриоттық клуб пен 55 мың жас жігіт пен қыз қатысады», – дейді Қорғаныс министрлігінің тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің басшысы, әділет полковнигі Тілеухан Басқожаев.

Мұнымен қатар полковник 2023 жылы әскери-патриоттық жиын Қазақстан, Әзірбайжан және Өзбекстан Республикасы командаларының қатысуымен халықаралық форматта өткізілгенін еске салды. Сондай-ақ қорғаныс министрлігінің мемлекет басшысының тапсырмасымен әскери-патриоттық тәрбие жүйесін дамыту және жетілдіру мақсатында басқа орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп 2022 жылы әзірленген құжаттарға тоқталды. Бірнеше министрліктің бұйрығымен «Біртұтас ұлт – Біртұтас әскер» жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу бағдарламасы әзірленген болатын. Бұл бағдарламада жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеудің мақсаттары, міндеттері, іске асыру мерзімдері, нысаналы индикаторлар, қаржыландыру көздері және күтілетін нәтижелер айқындалған. 

«Бағдарламадағы қағидалар азаматтарда патриотизмді, рухани-адамгершілік қасиеттерді, бейбіт және соғыс уақыты жағдайында конституциялық және әскери борышқа адалдықты, жауапкершілік пен тәртіпті тәрбиелеуге және дамытуға, Қазақстан Республикасы халқының жоғары моральдық рухын қолдауға бағытталған. Қарулы күштерде, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарда 2025 жылға дейінгі идеологиялық жұмыс жоспары бекітілген. Жоспар жобасына әскери қызметшілерді даярлаудың неғұрлым тиімді бағыттарын қалыптастыруға бағытталған іс-шаралар енгізілді. Тұжырымдаманы іске асыру шеңберінде өңірлер әкімдерінің бастаған әскери-патриоттық тәрбие жөніндегі республикалық үйлестіру кеңесі және облыстық кеңестер құрылды. 2030 жылға қарай білім берудің барлық деңгейінде және барлық әлеуметтік топта әскери-патриоттық тәрбиенің жүйелі моделі құрылатын болады. Яғни «Үй – Отбасы – Мектеп – Оқу орны – Армия (еңбек ұжымы)» тігінен мемлекетте өскелең ұрпақты патриоттық тәрбиелеудің бірыңғай, аяқталған және кешенді жүйесін құрылады», – дейді Тілеухан Басқожаев. 

Полковниктің айтуынша, тәрбие жұмысының сағаттарында мәдени, этникалық, тілдік және діни алуан түрлілікке негізделген, Қазақстан халқының қоғамдық келісімі мен бірлігін нығайтуға ықпал ететін негізгі қазақстандық құндылықтарды ашатын дәрістер мен әңгімелер өткізіледі. Іс-шаралар мақсатты көркем фильмдерді, әдебиеттерді және техникалық тәрбие құралдарын пайдалана отырып, көрнекті қазақстандық мемлекеттік және әскери қайраткерлердің мысалдарында өткізіледі. Түсіндіру іс-шараларын жүргізу үшін әскери қызметшілердің жеке құрамы мен отбасы мүшелерінің алдында жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, қоғам қайраткерлері, ҚР ҚК ардагерлері тартылады.

Осы қорғаныс министрлігінің кешенді ақпараттық-түсіндіру тобының жұмысына не кіреді?

жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу мақсатында «Жаңа Қазақстанның тірегі – айбынды жастар» әскери-патриоттық акциясын өткізу;

«Жас Сарбаз» қозғалысының тәрбиеленушілерімен кездесулер өткізу;

мектептер, колледждерде жастармен мынадай мәселелер бойынша кездесулер өткізу: мерзімді әскери қызметтен кейін азаматтық және әскери жоғары оқу орындарына түсу бойынша; мерзімді әскери қызметті өткеру барысында жоғары оқу орындарына түсуге дайындық жүргізу туралы; қызмет атқару барысында алынған несиелер бойынша кредиттік жеңілдіктер берулері бойынша.

«Осы күнге дейін бұл топ қалалардың мәдениет үйлерінде мемлекеттік әскери-тарихи музей экспонаттар көрмесін ұйымдастырды. Көрме барысында 1941-1945 жылдардағы сұрапыл соғыстың батырлары мен ауған жауынгерлерінің тарихи құндылығы бар артефактілер, жеке заттар, әскери керек-жарақтар және басқа да материалдар көрсетілді. ҚР ҚК және ұлттық ұланның әскери бөлімдері атқыш қару-жарақтар көрмесін жасады. ҚР ҚМ орталық ансамблі ұлттық ұланның хорымен бірлесіп концерттік бағдарламаны көрсетуді ұйымдастырды. Қалаларда ЖӘБО, аумақтық қорғаныс бригадалар, ұлттық ұлан және шекара қызметі әскери қызметшілері және олардың отбасы мүшелері үшін концерттік бағдарлама қойылды, музей экспонаттары көрмесі көрсетілді», – деп қосты полковник. 

 «ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin