
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлының төрағалығымен бүгін тиісті мамандармен бірігіп өңірдегі жылыжай шаруашылықтарындағы өзекті мәселелер жағдайы талқыланды.
Түркістан облысы — жылыжай көкөнісін өндіру бойынша еліміздің жетекші өңірлерінің бірі. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, республика жылыжайларының 67%-ы облысқа тиесілі. Өңірде 1 517 гектарды құрайтын 3 366 бірлік жылыжай бар.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен жылыжай кешендерін қажетті көмір отынымен қамтамасыз ету жөнінде және олардың мәселелерін жан-жақты қарастыру басты назарда тұр.
Маусымдық кезеңде жылыжай шаруашылықтары басқа тұтынушылармен бірге көмір тапшылығын немесе оның қымбаттауын сезінетіні жасырын емес. Сол себептен де шаруаларға қазірден қажетті сұранысты алдын ала сатып алу бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізіліп келеді.
Айта кетейік, жылыжай шаруашылықтарын қолдау мақсатында келесідей шаралар атқарылуда:
Бірінші. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан жылыжайларда пайдаланылған электр энергиясы мен газ шығындары ішінара субсидиялау Қағидасы әзірленуде.
Екінші. Жылыжай шаруашылықтарын бір қолдан көмір отынымен қамтамасыз ету үшін, Сарыағаш ауданында «Zhylyzhai otyn» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылды. Сондай-ақ, Қазығұрт ауданында сыйымдылығы 30,0 мың тонна көмір сақтау орны әзірленуде («Тахир ата» ШҚ).
Жүргізілген талдау жұмыстарына сәйкес, облыс аумағында көмір отынымен жылытылатын 575,4 гектар жылыжайларға 282,9 мың тонна көмір қажеттілігі анықталып отыр.
Бүгінгі күнге облысқа коммерциялы ұйымдардан 149,0 мың тонна көмір жеткізілді (19500 теңге/тонна). Қазіргі таңда Сарыағаш, Қазығұрт, Сайрам, Ордабасы ауданы тауар өндірушілері көмір отынын жеткізуші операторлармен келісіп, 31,9 мың тонна көмір отынын сатып алды.
Ағымдағы жылы облысқа бекітілген 400,0 мың тонна көмір отынын жылыту маусымына дейінгі мерзімде облысқа жеткізу қамтамасыз етіледі.
Үшінші. 2024 жылдан бастап «Шұбаркөл көмір» АҚ арқылы арнайы жылыжай кешендеріне 150,0 мың тонна көмір отынымен қамтамасыз ету келісілді.
Босату бағасы — қосымша құн салығынсыз (ҚҚС-сыз) 10 350,0 теңге/тонна (ҚҚС-мен 11 592,0 теңге/тонна).
Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы саласын әртараптандыру мәселесі басты назарда тұр. Әртараптандырудың бір бағыты – халықты қысы-жазы балғын көкөністермен қамтамасыз ету үшін жылыжай өндірісін дамыту болып табылады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.