Елімізде денсаулық сақтау саласындағы дезинфекциялау мен дезинсекциялау және дератизациялау бойынша қызметтер көрсетуге лицензия беру қолға алынды. Аталған құжатты рәсімдемеген залалсыздандыру ұйымдарына жоғарыда аталған қызметтерді көрсетуге тыйым салынбақ. Бұл жайында Түркістан облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Асқар Ысқақов БАҚ кілдерімен өткен брифингте мәлімдеді.
— Облыс аумағындағы аталған қызметтерге лицензия беру шараларын Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті көрсетеді. Бұл қызмет электронды түрде жүзеге асырылмақ. Өтініш электрондық үкімет www.egov.kz, www.elicense.kz веб-порталы арқылы жіберіледі. Лицензия беру мерзімі – 15 жұмыс күні ішінде, ал лицензияны қайта рәсімдеу 3 жұмыс күнінде жауап беріледі, — деді спикер.
Сонымен қатар, Асқар Бекболатұлы лицензия алуға қажетті құжаттармен таныстырды. Ең алдымен қызмет көрсетуші мекемелер облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне өтінішін қалдыруы керек. Сондай-ақ, дезинфекциялау, дезинсекциялау, дератизациялау бойынша кәсіптік өзін-өзі реттеу ұйымдарында сертификациялық курстан өткен санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің дәрігері немесе маманы және нұсқаушы-дезинфектордың болуы шарт. Онымен қоса, құжат рәсімделуі үшін ұйым 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде ақы төлеуі қажет.
Құжат демекші, орайы келгенде айта өтейік, 2024 жылдың 2 қыркүйегінен бастап «UNICEF» ұйымы әзірлеген Халықаралық мультииндикаторлық кластерлік зерттеу (MICS) жұмыстары басталады. Зерттеу жұмыстары Түркістан облысы бойынша – 824, ал ел бойынша 24 мың үйді қамтиды. Бұл туралы өткен брифингте Ұлттық статистика бюросының облыстық департаменті басшысының орынбасары Нұрқожа Бекжанов баяндады.
«Зерттеу жұмыстары Қазақстандағы «UNICEF» өкілдігімен бірлесе отырып, БҰҰ-ның халықты қоныстандыру қорының (ЮНФПА) және Азия даму банкінің қолдауымен жүргізіледі. 1996 жылдан бері 118 елде аталған зерттеу жүргізілген. Қазақстанда бұл жұмыстар төртінші рет жүргізіліп отыр. Бұған дейін 2006, 2010 және 2015 жылдары өткізілген. Зерттеудің негізгі мақсаты – балалар мен әйелдердің жағдайын бағалау үшін қажетті негізгі көрсеткіштерді жинау. Сауалнама жұмыстарына қатысу әрбір тұрғынның өз еркінде. Аталған зерттеу қорытындысы бойынша есеп Ұлттық статистика бюросының және UNICEF сайтында жарияланады» — деп мәлімдеді спикер.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.