Түркістан облысындағы мектептің материалдық-техникалық базасы «Қазақстан халқына» қоры арқылы жаңартылды

Түркістан облысындағы Созақ ауданының орталығында орналасқан Асқар Сүлейменов атындағы жалпы білім беретін мектеп «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының «Ауылдық тірек мектептердің әлеуетін арттыру» жобасына еніп, материалдық-техникалық базасы қайта жаңартылды.

Аталған білім ордасына арнайы барған аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков химия және биология, физика кабинеттері мен STEAM зертханасын, робототехника, АРТ студио, телестудия, интеллектум кабинеттерін, жоғары үлгіде жабдықталған акт және мәжіліс залымен танысты. Сондай-ақ телестудия кабинетінде мектеп оқушылары қойған сауалдарға жауап беріп, еркін тақырыпта пікір алмасты.

Жаңа жабдықтардың жай-жапсарымен толықтай танысқан аудан басшысы білім ордасындағы оқушылардың қабілеті мен ұстаздардың біліктілігі артып, жетістіктері еселене түсеріне сенім білдірді.

Айта кетейік, аудан орталығында орналасқан Асқар Сүлейменов атындағы жалпы білім беретін білім ордасы – «Ауылдық тірек мектептердің әлеуетін арттыру» жобасына енген аудандағы алғашқы мектептің бірі. Жаңа жоба өткен жылдың 3 тамызында басталып, қаржы төлеуші «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры, оператор «Білім беруді тұрақты дамыту» қоғамдық қоры, тауарды жеткізуші «EdTech Innovation» ЖШС-гі арасында өзара келісімшарт түзілді. Келісімшартта көрсетілген жаңа жабдықтар толығымен жеткізіліп, кезең-кезеңімен орнатылды. Орнату жұмыстары оқу үдерісіне кері әсер етпестей етіп оңтайландырылды.

Ауылдық жерлердегі тірек мектептердің әлеуетін дамыту – бұл қордың ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ БАҒДАРЛАМАСЫ болып саналады. БАҒДАРЛАМАНЫҢ СЕРІКТЕСТЕРІ ҚҚ «Білім беруді тұрақты дамыту қоры»; Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту Министрлігі; «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ; облыс әкімдіктері болып табылады.

Жобаның мақсаты:

еліміздің мықты мектептерімен тығыз әріптестікте ауыл мектептерін дамытудың тиімділігін арттыру, сондай-ақ ауыл мектептерін материалдық-техникалық жабдықтау және педагогтердің кәсіби дамуында тең жағдайлар жасау есебінен аумақтық және әлеуметтік-экономикалық белгілер бойынша білім беру сапасының алшақтығын қысқартуға жәрдемдесу.

Жобаның міндеттері:

  1. ҚР Оқу-ағарту министрлігі тірек мектеп мәртебесін бере отырып, ауыл мектептерін материалдық-техникалық жабдықтау және ауыл мектептері оқушыларының сапалы білім алуға тең қол жеткізуін қамтамасыз ету үшін білім беру ресурстарын шоғырландыру.
  2. Диагностика жүргізу және оның нәтижелері негізінде ауылдық тірек мектептерін дамыту жоспарын әзірлеу, сондай-ақ ауыл мектептерінің оқушылары мен жақын маңдағы шағын жинақты мектептердің педагогтеріне білім беру қызметтерін көрсету.
  3. Тірек мектептердің педагогтеріне білім беру қызметтерін көрсету.

Қысқаша сипаттама бере кетейік:

Жоба шеңберінде Қазақстан Республикасының 80 ауылдық мектебі материалдық-техникалық базаны жақсартады. Жобаға қатысатын әрбір мектеп мектепалды даярлық және робототехника кабинеттерін, мультимедиялық кабинет пен STEM-зертхананы, заманауи жаңа зертханасы бар физика және химия кабинеттерін және басқаларын қоса алғанда, білім берудің барлық пәндері мен бағыттары бойынша жаңа заманауи модификация кабинеттерін алады. Сондай-ақ, жоба бойынша мектептің акт және спорт залдарында, мұғалімдер мен асханада, мектептің әкімшілік кабинеттері мен шаруашылық блогынан басқа жиһаздар мен жабдықтарды жаңарту жоспарлануда.

Ауылдық мектептердің басшылары мен мұғалімдері үшін НЗМ облыстық филиалдарының базасында Педагогикалық шеберлік орталықтарында пәндер бойынша, оның ішінде жаңартылған оқыту бағдарламасы бойынша біліктілікті арттыру курстары, сондай-ақ объективті (критериалды) бағалау, цифрлық сауаттылық және тәрбие жұмысы бойынша курстар ұйымдастырылады. Осылайша, осы жобаны іске асыру жоспарланып отырған ауылдық жерлердегі өңірлер, қалалық және ауылдық мектептер арасындағы оқыту алшақтығын қысқартуға жәрдемдесетін болады.

Жобада 3 жыл ішінде ауыл мектебін жобадан кейінгі және курстан кейінгі сүйемелдеуді (НЗМ және ФУРО) жүзеге асыру көзделген.

Негізі

Қазақстан Республикасының Білім беру жүйесінің жай-күйі мен дамуы туралы жыл сайынғы Ұлттық баяндаманың және «Ақпараттық-талдау орталығы» АҚ-ның 2018 жылғы есебінің негізінде ауылдық мектептердің білім алушыларының білім сапасы қалалық мектептерге қарағанда оқу сауаттылығы бойынша 38 баллға, математикалық сауаттылық 22 баллға, жаратылыстану-ғылыми сауаттылық бойынша 23 баллға төмен екені анықталды. Компьютерлік сауаттылық бойынша ауыл оқушылары қаладан 70 балл артта қалды.

Жоба аясында келесі міндеттерді шешу жоспарлануда:

– осы жобаға қатысушы ауыл мектептерінің оқушылары үшін сапалы білімнің қолжетімділігін қамтамасыз ету;

— жобаны іске асыру жоспарланып отырған елді мекендерде ауылдық мектептердің жабылу қарқынын төмендетуге жәрдемдесу;

— ауылдық елді мекендерде орналасқан мектептерге бірыңғай кешенді оқу-әдістемелік қолдау және ғылыми-әдістемелік көмек көрсету.

Сондай-ақ, «Ауылдық жерлерде тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасын табысты іске асыру мектепте педагогикалық кадрлармен тиісті толық жасақталуын, қосымша білім берумен, медициналық қызмет көрсетумен қамтамасыз ету үшін жағдай жасауды, кемінде 20 Мбит/сек жылдамдықпен кең жолақты интернеттің болуын талап ететінін атап өткен жөн.

Жобаның бюджеті:

20 000 000 000 теңге.

Қайырымдылық көмек алушылардың мақсаттық тобы:

Өңірлердегі 80 ауылдық мектеп (ҚР Білім министрлігінің келісімі бойынша).

Жобаның ағымдағы мәртебесі:

іске асырылуда. 17 тірек ауыл мектептерін жабдықтау аяқталды, педагогтерге оқыту курстары мен педагогтердің тағылымдамасы түрінде әдістемелік көмек көрсетілді. 63 тірек мектептері жабдықтау басталды.

Жобаның мерзімдері мен географиясы:

Жобаны іске асыру кезеңі — 2022-2024 жылдары.

Жоба 17 өңірде жүзеге асырылады:

  1. Алматы облысы
  2. Атырау облысы
  3. Абай облысы
  4. Ақмола облысы
  5. Ақтөбе облысы
  6. Жетісу облысы
  7. Қостанай облысы
  8. Жамбыл облысы
  9. Шығыс-Қазақстан облысы
  10. Түркістан облысы
  11. Павлодар облысы
  12. Қарағанды облысы
  13. Солтүстік-Қазақстан облысы
  14. Маңғыстау облысы
  15. Батыс-Қазақстан облысы

Еске салайық, 2022 жылдың 11 қаңтарында Мемлекет басшысы денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қолдау салаларындағы мәселелерді шешу үшін «Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қорын құруды тапсырды. Қордың құрылған ұжымы бір ай ішінде қоғам, үкіметтік емес ұйымдар, тиісті министрліктер өкілдерімен фасилитативтік сессиялар мен талқылаулар өткізді.

Осы талқылаулардың нәтижесінде мүдделі тараптардың қажеттіліктерін қанағаттандыруға арналған және Қазақстан халқына көмек көрсетудің тиімді құралына айналған Қор тұжырымдамасы жарық көрді. Тұжырымдама аясында Қор қызметінің негізгі бағыттары мен Қорға түсетін қаражат есебінен басым қолдау көрсетілетін халықтың негізгі санаттары анықталды.

«Қазақстан халқына» қоры мемлекеттік қолдау шараларынан тыс өмірдің негізгі салаларындағы қазақстандықтардың нақты мәселелерін шешуге бағытталған.

Қордың мақсаттары:

  • Қор қызметінің негізгі мақсаттары болып табылады: денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау, мәдениет және спорт салаларында қайырымдылық көмек көрсету;
  • азаматтардың рухани, танымдық және өзге де гуманистік қажеттіліктерін қалыптастыру және қанағаттандыру үшін қоғамдық денсаулық, білім, ғылым, мәдениет, өнер, ағарту салаларындағы қайырымдылық жобаларын іске асыру;
  • республикада қайырымдылық мәдениетін дамыту, қоғамның, бизнестің және мемлекеттің қайырымдылыққа сенімін нығайту, қайырымдылықтың барлық субъектілерінің ымырасы;
  • төтенше жағдайлар кезінде және төтенше жағдай режимін енгізу кезінде Қазақстан Республикасының зардап шеккен халқына көмек көрсету;
  • Қазақстан Республикасының аумақтық тұтастығы мен қауіпсіздігін қорғау кезінде құқық қорғау органдары, арнаулы органдар қызметкерлерінің, әскери қызметшілердің, ауыр жараланғандардың және қаза тапқан деп танылғандардың отбасыларын қолдау;
  • Қордың басқару органдарының шешімдеріне сәйкес өзге де қайырымдылық көмек.

Айтпақшы, 2023-2024 оқу жылында «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры «Қазақстан халқына» ҚҚ Білім беру гранттары» қайырымдылық бағдарламасы аясында бакалавриат бағдарламалары бойынша талапкерлерге жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі оқу ұйымдарында (ЖЖОКБҰ) күндізгі оқуға 850 білім беру грантын бөлді.

Білім беру грантын ізденушілер Қазақстан Республикасының азаматтары бола алады:

1) ауылдық жерлердегі, шағын және моноқалалардағы аз қамтылған отбасылар;

2) жетім балалар немесе кәмелетке толғанға дейін ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;

3) мүгедектігі бар азаматтар;

4) мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар;

5) 2022 жылғы қайғылы қаңтар оқиғалары кезінде қаза тапқан Қазақстан Республикасы азаматтарының балалары;

6) 2022 жылғы қайғылы қаңтар оқиғалары кезінде жараланған балалар;

7) төтенше жағдайлар кезінде зардап шеккен Қазақстан Республикасының қаза тапқан азаматтарының балалары (Қордың Қамқоршылық кеңесінің шешімі негізінде).

Бағдарламаға қатысудың шекті жасы толық 29 жасты құрайды.

Білім беру гранттары байқауына қатысу үшін құжаттар ЖЖОКБҰ қабылдау комиссияларына тапсырылады. Білім беру гранты тағайындалатын үміткерлердің тізімін ЖЖОКБҰ ағымдағы күнтізбелік жылы ҰБТ-дан өткен және оның нәтижелері бойынша оқуға түсу үшін қажетті өту балын жинаған (оның ішінде шығармашылық емтихандарды ескере отырып) талапкерлер қатарынан қалыптастырады. Грант тағайындалатын талапкерлердің тізімін Қор Басқармасы бекітеді. Бұл ретте Қор үміткердің бағдарлама өлшемдеріне сәйкестігіне ғана қарайды.

Білім беру грантының иегерлеріне оқу жылына 1 миллион теңгеге дейін оқу ақысы төленеді және бүкіл оқу мерзімі ішінде 40 000 теңге мөлшерінде ай сайынғы шәкіртақы төленеді. Шәкіртақы жазғы демалыс кезеңін қоспағанда, 10 ай ішінде (жыл сайын) төленеді.

Білім беру гранты бір рет ұсынылатын атаулы грант болып табылады, екінші жоғары білім алуға білім беру грантын алуға жол берілмейді. Білім беру гранты өз қалауы бойынша және үлгерімінің төмен болуына байланысты оқудан шығарылған жағдайларда, сондай-ақ студент оқудың екінші жылына қалдырылған және білім беру гранты иеленушісінің Бағдарлама қатысушы екендігін растайтын күмәнді ақпарат және/немесе дәйексіз құжаттар ұсынылған жағдайда тоқтатылады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin