Бүгін «Мәдени демалыс қызметі және халық шығармашылығын дамыту» апталық курсының соңғы дәрісі өтті. Жас мамандарға бір апта бойы біліктілігін арттыру мақсатында түрлі тақырыпта арнайы спикерлер шеберлік сағатын өткізді.
Курстың алғашқы дәрісін Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің «Мәдени және әлеуметтік жұмыс» кафедрасының аға оқытушысы, «Format E» мәдени даму оқу-әдістемелік орталығының директоры Ерлан Әуесбаев, «Мәдени тынығу жұмысының теориясы мен тәжірибесі» тақырыбы аясында кеңінен тоқталып, түрлі тақырыпқа сай ойындар ұйымдастырды. Қатысушылар бір-бірімен пікір алмасып, спикерге сұрақтарын қойды.
Ал екінші күнінде Жамбыл облыстық халық шығармашылығы орталығының бас режиссері Нұралы Абдуллаев курс қатысушыларына «Ауылдық мәдениет үйлері мен клубтардағы үйірмелер мен мемлекеттік және қоғамдық іс-шараларды ұйымдастырудың жаңа стратегиясы» тақырыбында дәріс өткізді.
Жас мамандардың біліктілігін арттыруға бағытталған аталмыш курстың үшінші күнінде Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің «Мәдени және әлеуметтік жұмыс» кафедрасының аға оқытушысы Елмира Әбсаматова «Мәдени тынығу мекемелерінде сахна тілі техникасын қалыптастыру» тақырыбын кеңінен қозғап, курс қатысушыларымен бірге тақырыпқа сай арнайы жаттығуларды жасады. Қатысушылар теориялық бағытта да білімдерін кеңейте түсті. Сондай-ақ, көкейкесті сауалдарын қойып, арнайы алған жауапты қағазға түртіп отырды.
Шеберлік сағаттың төртінші күні облыстық «Фараб» әмбебап-ғылыми кітапханасының директоры Жанат Шардарбекова курс қатысушыларын заманауи кітапхананың ішімен таныстырып, бірге экскурсия жасады.
Бұдан бөлек, кітапхананың «Көпшілік бұқаралық іс-шаралар секторының» меңгерушісі Пернекүл Нәлтаева «Халықтың бос уақытын ұйымдастыру мақсатында кітапханалар мен мәдениет үйлері, клубтардың бірлесіп атқаратын жұмыстары» тақырыбында мотивациялық тренинг өткізді. Дәріс барысында түрлі креативті ойындар ұйымдастырылып, курс қатысушылары Абайдың әндерін бірге шырқады.
Сонымен қатар Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының директоры Мейіржан Алиакбаров «Фестивальдер мен байқауларды, шоу концерттерді ұйымдастырудың жаңа бағыттары» тақырыбында дәріс өтіп, қатысушыларға арнайы тапсырмалар берді.
Апталық курстың қорытынды күнінде Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының көркемдік жетекшісі Асылхан Темірхан «Мәдени демалыс қызметін ұйымдастыру және халық шығармашылығын дамытуда мәдениет үйлері мен клубтардың міндеттері» туралы дәріс өткізіп, барша қатысушыларға арнайы сертификат табыстады.
Айта кетейік, апталық курстың мақсаты жас мамандардың біліктілігін арттыруға, халық шығармашылығын дамытуға бағытталған. 19-24 тамыз аралығында өткен курсқа мәдениет және өнер саласы бойынша мамандығы өзге, жұмысқа жаңадан қабылданған ауылдық мәдениет үйлерінің директорлары мен клуб меңгерушілері және қызметкерлері қатысты.
Қатысушылардың пікірінше, аталмыш курс жоғары деңгейде өтті. Жас мамандардың біліктілігін арттыруға бағытталған шеберлік сағат, өз мақсатын мүлтіксіз орындады және осындай бағыттағы тәжірбиелік курс жиі болса деп тілек білдірді.
Түркістан облысының өнерпаздары Тәжікстан елінде өнер көрсетті
Тақырыпқа орай тағы бір ақпарат. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Тәжікстан Республикасына мемлекеттік сапары барысында Қазақстанның Тәжікстандағы мәдениет күндері өтті.
– Бұл сапар өзара құрметке, сенімге және жан-жақты ынтымақтастыққа негізделген қазақ-тәжік қатынастарының дәйекті түрде нығаюына тың серпін береді. Тәжікстан – сенімді досымыз әрі уақыт тезінен өткен одақтасымыз. Екі елді ортақ тарих, мәдениет және рухани құндылықтар байланыстырады. Біз барлық деңгейде тығыз әрі өзара сенімге құрылған саяси диалог орнаттық. Бірлескен күш-жігер арқылы нағыз достық пен тілеулестік рухында ортақ келешектің негізін қалап келеміз, – деді Қазақстан Президенті тәжік еліне сапарында.
Қазақстанның Тәжікстандағы мәдениет күндері аясында екі елдің мәдениетаралық байланыстарын кеңейтуді көздеп, түркістандық «Конгресс Холл» көпсалалы кешенінің «Jana Lep» ұжымы Худжанд қаласында өнер көрсетті.
Камоли Худжанди атындағы тәжік музыкалық драма театрында өткен концертті Сагдие облысының губернаторы Зайнура Азиме және «Конгресс Холл» көпсалалы кешенінің директоры Асқар Кенехан ашып беріп, екі ел ынтымағы үшін аталған іс-шараның маңыздылығына тоқталды.
Концерт барысында «Jana Lep» ұжымының орындауында халық әндері «Пай-Пай», «Балапан қаз», «Алқоңыр», сондай-ақ Тәжік халық әні «Сорбон» композициясы шырқалды. Сонымен қатар «Samgau» би ансамблінің мың бұралған биі мен «Alqonyr» фольклорлық ансамблінің орындауындағы күмбірлеген күй де тәжік халқынының қызығушылығын тудырды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.