Түркістан облысындағы сұйытылған газ тапшылығын болдырмау мәселесі тұрақты бақылауда тұр

Түркістан облысында сұйытылған газ тапшылығын болдырмау мәселесі тұрақты бақылауға алынған. Осы ретте облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасовтың төрағалығымен облыстағы сұйытылған газдың жетіспеушілігіне қатысты кеңес өтті. Аталған жиынға газ таратушы ұйымдар, газ өндіруші зауыт, құқық қорғау органдарының және жауапты сала өкілдері қатысты.

Түркістан облысына сұйытылған газ Шымкент қаласындағы «PetroKazakhstanOilProducts» ЖШС зауытынан тасымалданады. Облыс бойынша газ жетіспеушілігі байқалған. Оның себептерінің бірі ретінде «Павлодар мұнай химия зауыты» ЖШС-нің жоспарлы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін тоқтауына байланысты екендігі айтылды. Мәселен, Шымкент қаласындағы «PetroKazakhstanOilProducts» ЖШС зауыты бұған дейін 4 облысты газбен қамтыса, қазіргі уақытта 8 облысты, яғни Шығыс Қазақстан, Абай, Жетісу, Алматы облыстарын қоса қамтып отыр.

Сонымен қатар, 25 маусым күні Түркістан облысының Түлкібас ауданы территориясында жүк вагондарының рельстен шығып кетуіне байланысты Ақтөбе мұнай газынан келетін 2 000 тонна сұйытылған мұнай газын жеткізу кейінге шегерілген болатын. Тасымалдау жұмыстары осы жылдың 1 шілдесінен бастап жүргізіле бастады.

Жиын барысында Зұлпыхар Жолдасов газ өндіруші зауытқа жоспарға сәйкес өнім көлемімен қамтамасыз етуді, ал «Қазақстан Темір Жолы» ЖШС-не өндірілген газды тасымалдаушы ұйымдарға мезгілінде жеткізу бойынша шұғыл тапсырмалар жүктеді.

Бәсекелестікті қорғау агенттігінің облыстағы департаменті газ сатылымын әдейі шектеп отырған фактілерді анықтау бойынша облыстағы құқық қорғау органдарымен бірлесіп, мониторинг жұмыстарын бастады.

Облыстағы газ мәселесін жедел шешу мақсатында 28 маусымда «Тенгизшевройл» ЖШС-нен қосымша 2000 тонна сұйытылған мұнай газы бөлініп, қазіргі таңда газ құю бекетіне жеткізілуде.

Сондай-ақ, 30 маусымнан бастап Шымкент қаласындағы «PetroKazakhstanOilProducts» ЖШС зауытынан шілде айына қаралған 10 512 тонна сұйытылған мұнай газды жеткізу басталды. Ал шілденің басында 432 тонна сұйытылған мұнай газ Түркістан облысына жеткізілді.

Одан бөлек, ҚР Энергетика министрлігі тарапынан облысқа шілде айына қосымша 600 тонна газ көлемін бөлу жоспарланып отыр. Мәселе — тұрақты бақылауда.

Естеріңізде болса, елімізде 1 шілдеден бастап сұйытылған газ бағасы көтерілді. Энергетика министрінің бұйрығына сәйкес, ҚР газ толтыру станциялары үшін сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізудің шекті бағасына өзгерістер енгізілді.

Сондай-ақ сұйытылған газды көтерме саудада өткізудің ішкі нарықтағы шекті бағасы бекітілді. Енді сұйытылған мұнай газының тоннасына көтерме сауданың шекті бағасы 45 158 теңгені құрайды. Бұрын ол 40 320 теңге болатын.

Көтерме бағаның көтерілуіне байланысты автокөлік газының құны да өсті. Мәселен, Астана, Ақмола, Қостанай, Қарағанды, Абай, Жетісу, Ұлытау және Шығыс Қазақстан облыстарында — литріне 84 теңге (бұрын 76 теңге болды);

Алматы, Алматы облысы, СҚО – 89 теңге (бұрын 81 теңге болды);

Шымкент, БҚО, Қызылорда облысында – 70 теңге (бұрын 64 теңге болды);

Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау облыстарында – 59 теңге ( бұрын 54 теңге болды);

 Жамбыл облысы – 78 теңге (71 теңге болды);

Павлодар облысы – 81 теңге (74 теңге болды);

Түркістан облысы – 70 теңге (64 теңге болды).

Министрлік бұған дейін сұйытылған газдың қымбаттауына бірнеше себеп барын айтқан болатын. 

Біріншіден, қазір сұйытылған мұнай газының бағасы оны өндірудің өзіндік құнынан әлдеқайда төмен. Осылайша СМГ өндірісінің өзіндік құны тоннасына 60 мыңнан 70 мың теңгеге дейін өзгереді. Ал өңдеуші зауыттар үшін қолданыстағы шекті көтерме баға тоннасына 40 320 теңгені құрайды. Осылайша өндірілген әрбір тонна газдан зауыттар 20-30 мың теңге көлемінде шығынға ұшырайды.

Екіншіден. Жылдан-жылға СМГ-ны тұтыну күрт өсіп барады. Былтыр Қазақстанда газ тұтыну 2022 жылмен салыстырғанда 400 мың тоннаға немесе 28%-ға өсті. Мәселен, 2023 жылы СМГ тұтыну көлемі 2,2 миллион тоннаны құрады (2022 жылы — 1,8 миллион тонна).

Үшіншіден. СМГ бағаны одан әрі тежеген жағдайда қазақстандық өндіруші зауыттарда ішкі нарықтағы сұранысты қанағаттандыру үшін өндіріс көлемін ұлғайту мүмкіндігі болмайды. Залалдылықтың салдарынан зауыттар тиімдірек өнімге ауыса отырып, СМГ өндірісіне қызығушылығын жоғалтуда. Осындай себептерге байланысты инвесторлар да салаға инвестиция салғысы келмейді.

Төртіншіден. Қазақстандағы СМГ бағасы төмен. Аймақтар бойынша алып қарайтын болсақ, оның бағасы 54-тен 86 теңгеге дейінгі аралықта. Салыстырмалы түрде қарасақ, Ресейде бір литр газдың бағасы 132 теңге, Әзірбайжанда – 171 теңге, Тәжікстанда – 273 теңге.

Сарапшылардың болжамынша, 2024 жылы ішкі нарықта тұтыну көлемі тағы 200 мың тоннаға артып, 2,4 миллион тоннаны құрайды. Бұл жағдайда газ тапшылығы 30-40%-ды құрауы мүмкін.

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев елімізде сұйытылған газ қымбаттайтынын былтыр қарашада айтқан-ды.

Оның үстіне Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 2023 жылы газ қозғалтқышы бар автокөлік саны 582 мыңға жетіп, 2022 жылмен салыстырғанда 18%-ға немесе 491 мың көлікке артты. Сұйытылған газ бағасының төмен деңгейі белгіленуіне байланысты елдегі автокөлік иелерінің осы отын түріне көшуі байқалып, бұл өз кезегінде тұтынудың артуына себеп болып отыр.

«Сұйытылған газ бағасының төмен деңгейінің белгіленуіне байланысты еліміздің автокөлік жүргізушілерінің отынның осы түріне ауысуы байқалады, бұл өз кезегінде тұтынудың өсуіне себеп болып отыр. Тұтынуды талдау өңірлер бөлінісінде, әсіресе шекара маңындағы өңірлерде сұйытылған газға сұраныстың артуын көрсетеді. Министрлік бөлетін сұйытылған газ көлемінің бір бөлігі мұнай-химия саласын дамыту үшін мұнай-химия өнімдерін шығаратын өнеркәсіп кәсіпорындарына жібереді», — дейді Алмасадам Сәтқалиев.

Энергетика министрлігінің мәліметінше, жүргізілген талдау нәтижесінде, әсіресе шекаралас аймақтарда сұйытылған газға сұраныс артқан. Оның себебі, көрші мемлекеттермен салыстырғанда бағасы төмен.

«Министрлік тарапынан бөлінетін сұйытылған газ көлемінің бір бөлігі мұнай-химия өнімдерін шығаратын өнеркәсіптік кәсіпорындарға бағытталады. Осы деректерді ескере отырып, сұйытылған газ тапшылығының көлемі шамамен 20-25%-ды құрауы мүмкін деген болжам бар», – дейді министр.

Оның үстіне, елде полипропилен және метил-трет-бутил эфирін өндіретін 3 зауыт жұмыс істейді. Олар шикізат ретінде сұйытылған мұнай газын пайдаланады. Сондай-ақ, бутадиен өндіру жобасын іске асыру мәселесі қарастырылып жатыр. Оның шикізаты – бутан газы «Теңіз» кен орнынан жеткізіледі. Қазір алкил және полипропилен өндіру жобалары бар. Оларға 300 миллион доллар инвестиция салу жоспарланып отыр.

Министрдің сөзінше, осы инвестициялық жобаларды іске асыру үшін жылына 345 мың тонна сұйытылған мұнай газы қажет.

Сұйытылған мұнай газының мұнай-газ химия өнеркәсібі жобаларын іске асырудағы маңыздылығын ескере отырып, Энергетика министрлігі мыналарды қажет деп санайды:

  • мемлекеттік жоспарлау жүйесінде сұйытылған мұнай газын мұнай-газ химиясына стратегиялық бағыт ретінде бекіту;
  • сұйытылған мұнай газын негізге ала отырып, мұнай-газ химиясын дамытудың қажеттілігін кең ауқымда түсіндіру алгоритмін әзірлеу.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin