Түркістан облысындағы сәулеттік жобалар талқыланған жиын өтті

Түркістанда «Күлтөбе қалашығы» ашық аспан астындағы археологиялық мұражай паркін құрудың жалғасы ретінде заманауи сандық технологиялар арқылы ежелгі заманға саяхат жасауға мүмкіндік беретін нысандар салынады. Қызықты әрі маңызды жоба жан-жақты талқылануда. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды жауапты басшылар мен мердігер компанияға бірқатар тапсырма берді.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен облыстағы сәулеттік жобалар талқыланған жиын өтті. Жиында өңір басшысы әрбір нысанның құрылысы талапқа сай, сапалы әрі сәнді жүргізілуі тиіс екенін ескертті. Сонымен бірге жаңа нысандардың қасбетінде ұлттық нақыштың ұмытылмауын, тарихи әрі туристік нысандарда тұтас бір үйлесімділік болуы керектігін айтты.

Күлтөбе қалашығы ежелгі Яссы қаласының бір бөлігі болған. Жоба — мемлекет тарапынан айрықша қорғалатын аумақта, ЮНЕСКО ұйымының Дүниежүзілік мәдени мұралар тізіміне енгізілген Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің айналасында іске асырылатындықтан, қазіргі археологиялық зерттеулер ЮНЕСКО мен ИКОМОС ұйымдарының дүниежүзілік мұра саласындағы халықаралық сарапшылар қауымдастығымен ынтымақтастықта жүзеге асуда.

Күлтөбе қалашығын қалпына келтіру мен ғылыми-зерттеуге жергілікті ғалымдар атсалысты. Қалашықта әртүрлі кезең нысандарының эскиздері – қолөнершілердің тұрғын үйлері, заттар, ежелгі сауда көшелері, шеберханалар, ішкі аулалар және XII-XIX ғасырлардағы бекініс қабырғаларының элементтері табылған. Осы жәдігерлер «Күлтөбе қалашығы» паркіне орнатылып, саяхатшыларға ұсынылмақ.

Мәжілісте Күлтөбе қалашығы аймағындағы туристік нысан, Түркістан қаласы аумағында шығыс үлгісінде безендірілген мұнаралар салу мәселелері талқыланды. Сондай-ақ «Қолөнершілер орталығы» нысанын салу жобасы да сарапталды. Әрбір нысан бойынша тиісті ескертпелер айтылып, ұсыныстар берілді. Олардың бәрі жұмыс жоспарына енгізіліп, тиісті жұмыс жүреді.

Тарқата айтсақ, Күлтөбе – елiмiздегi көне қала­лардың бiрi. Түркiстан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесiнен 350 метр қа­шықтықта орналасқан. Ол жерге алғаш рет 1972 жы­лы археологиялық қазба жұ­мыстары жүргiзiлдi. Күл­­төбеден VII-VIII ға­сыр­­­ларда пайдаланылған Отырар зергерлерiнiң тең­ге­­лерi мен қыш ыдыстары та­­былып, сол жәдiгерлер ту­­ралы ғана ақпарат бе­рiл­дi.

Археолог М.Массон осыны негiзге ала отырып, Қожа Ах­мет Ясауи кесенесiнiң оңтүс­тiк бө­лiгiне зерттеу жүргiзу ке­рек­тi­гiн айтты. Сөйтiп, 1981-1984 жыл­дары Түркiстан ар­хе­оло­гия­лық от­ряды қазба жұмыс­та­рын қол­ға алды. Соның нәтижесiнде Күлтөбе қалашығының IV-V ғасырларда қалыптасып, XIV ғасырға дейiн өмiр сүргенi анықталды. Бел­гi­лен­ген аймақтар алты метрге дейiн қазылып, одан сайын те­рең­дей түстi. 23 қыш ыдыстың сы­ны­ғы табылды. Бiрақ, олар толық зерттелген жоқ. Археологтардың бол­жауынша, бұл ыдыстар IV-V ға­сырларда кеңiнен қолданылған.

Қазбаның ортасынан үлкен шар тәрiздi мекенжай табылды. Оның оңтүстiк бөлiгiнiң еде­нiнде балқыма дақ бар екен. Бал­қыманың астынан қабiр аршылды. Одан аяқтарын бауырына басып жатқан басы жоқ жылқының қаңқасы тазартылып алынды. Алдыңғы аяғының жанынан сопақша келген темiр үзең­гi, төменгi жағынан төрт қыр­лы сырғалығы бар белдiк, бел­дiктiң күмiс қапсырмасы жә­не жал­ғыз шығыршықты темiр ау­ыз­­дық шықты. Мұндай заттар­ды Орталық Азия мен Қазақстан ай­мағындағы жылқы көмiлген қа­бiрлерден де кездестiруге болады. Сондықтан, тарихшылар оны VI-VII ғасырлардың аяғына жат­қызды.

Қазба жұмыстары жүргiзiлген 6 құрылыс белдеуiнен XIII ға­сыр­­­дың аяғы мен XIV ға­сыр­­дың бiрiншi жартысында қолда­ныл­ған шағатайлық тең­­гелердiң қой­масын да кез­дес­тiруге болады. Олар әшекей бұй­ымдар салын­ған ыдыс сы­ны­ғы­нан алын­ды. Тарихшылар осы XIV ғасыр­­да Күлтөбедегi бекiнiс қи­раты­лып-жойылғанын, оның бү­кiл аумағы зиратқа айнал­ғанын айтады.

Ғалымдардың айтуынша, Күлтөбе қалашығына алғашқы археологиялық зерттеу жұмыстары 2010 жылы белгілі қазақстандық ғалым Ерболат Смағұловтың (1952-2019) бастамасымен жүргізіле бастаған. Кейін археологтар Күлтөбе – Ясы (Түркістан) қаласының ең ежелгі бөлігі екенін анықтаған. Біздің заманымызға дейінгі бірінші ғасырға жататын ғибадатхана мен бірқатар архитектуралық құрылымдардың табылуы Ясы қаласының тарихын тағы мың жарым ғасырға ұзартып, Ұлы даланың тарихы мен мәдениетін қалыптастыратын аспектілерді қайта қарауға алып келді.

2017 жылы нысан ғалымдардың назарын өзіне аудартып, Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институтының басшылығымен шағын ғылыми жоба аясында қолға алынды. Ал 2019 жылы ERG-дің қаржылай қолдауымен қалашық толыққанды зерттеле бастады.

«ERG Қазақстанның қасиетті жерінде жүргізілетін археологиялық қазба жұмыстарының маңызын түсінеді. Өткенді танып-білмей, келешекке қадам басу мүмкін емес. Сол себепті өз еліміздің тарихына бей-жай қарай алмаймыз. Қазба жұмыстарының арқасында табылатын тарихи мұралар бабаларымыздың ұлылығын паш етер деген нық сенімдеміз», — дейді «ERG Көмек» қорының жетекшісі Болат Оразов.

«Күлтөбе қалашығының тарихи орындарын қалпына келтіру» бағдарламасы ERG-дің жалғыз әлеуметтік жобасы емес. Жалпы кейінгі бес жылда Еуразиялық Топтың республикадағы түрлі іс-шараларға жұмсаған әлеуметтік инвестицияларының көлемі 107 миллиард теңгеден асқан.

Бұған дейін Қазақстандағы Күлтөбе-Ясы қалашығына күрделі зерттеу және толыққанды археологиялық қазба жұмыстары жүргізілген емес. Қазіргі зерттеу жұмыстары археологиялық нысандардың кәсіби сараптамасын да қамтиды.

2019 жылы Күлтөбенің ежелгі қонысының бүкіл аумағына (27 гектар) ауқымды георадарлық сканерлеу жүргізілді. Жұмыс барысында нысаналы археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу үшін ең перспективалық учаскелер айқындалды.

№1 учаскеге археологиялық зерттеу жұмысы жүргізіліп, негізінен XII-XIV ғасырлардағы ортағасырлық кезеңге жататын бірқатар әртүрлі археологиялық нысан тазартылды. Бұл табылған заттар Сармат-Каңғы дәуірінің (II-III ғасырлар) бұрын табылған ежелгі цитаделімен қатар, II-XIX ғасырлар аралығында Күлтөбе тарихи-мәдени ландшафтының негізгі төрт кезеңін нақты ажыратуға мүмкіндік береді.

Археологиялық және тарихи-мәдени зерттеулерге сүйене отырып, Күлтөбе қалашығының дамуын мына кезеңдерге бөлуді ұсынуға болады:

— ерте кезең (II-IV ғасырлар) — Сармат-Каңғы дәуіріндегі діни және рухани орталық;

— екінші кезең (VII — IX ғасырлар) — түркі дәуіріндегі кішігірім қоныс;

— үшінші кезең (Х — ХІІІ ғасырлар) — ортағасырлық кезең (қалалық мәдениеттің дамуы және Қожа Ахмет Ясауи дәуірі);

— төртінші кезең (XVI — XIX ғасырлар) — Қазақ хандығының кезеңі (маңызды саяси және экономикалық орталық, мәдениеттердің тоғысуы, Түркістан — Қазақ хандығының астанасы, қазақ-жоңғар соғыстары кезінде құлдырап кеткен толыққанды қалалық инфрақұрылым).

Түпнұсқалық кескінді қалпына келтіру үшін ежелгі Түркістан қалалық сәулет өнерінің маңызды архитектуралық үлгілері болып саналатын, ерекше қорғалатын нысандар анықталды. III-IV ғасырлардағы алтыннан жасалған әйелдердің зергерлік бұйымдары, ертедегі және орта ғасырдағы кремиканың түр-түрі, діни мазмұндағы ежелгі кітаптар (Құран кітабы болуы мүмкін) табылды.

Жоба барысында табылған барлық құнды археологиялық олжа зерттеліп, каталогы жасалып, қалпына келтіріледі де (қажет болған жағдайда), мұражай коллекцияларының бір бөлігіне айналады.

Қазіргі кезде Түркістан қаласының тарихи Күлтөбе төбесінен басталатыны ғылыми тұрғыдан дәлелденген. Археологиялық зерттеулер көрсеткеніндей, Күлтөбеде ең көне, жақсы сақталған архитектуралық ескерткіштер біздің дәуірімізге дейінгі бірінші ғасырларға, ал ең бергісі – қазақ хандығына тиесілі болып отыр. Яғни, Күлтөбе қалашығы – дала тарихының жүздеген жылдарға жалғасқан жылнамасының куәгері. 2 мың жылға жуық уақыт бойы зерттеусіз қалдырып, топырақ пен құм астында жатқан Күлтөбе қалашығы уақыт ағынының қойнауына еніп, құрып кетудің де аз алдында қалған.

Сондықтан да ғалымдар ежелгі Түркістанға оның Өзегін, Ұлы дала тарихындағы ең әйгілі қаланың бастау алған ядросын қайтарып беретін уақыт жетті деп санайды. Өз кезегінде тарих ғылымдарының докторы, профессор Мұхтар Қожа Ясы (Түркістан) қаласының ортағасырдағы Қазақстан тарихындағы әйгілі рөлінің баршаға аян екенін алға тартады.

«Бұл барлық орталықазиялық мемлекеттердің экономикалық және саяси мүдделерінің тоғысатын орыны, Ұлы даладағы сауда және әлеуметтік мәдени орталықтардың түйісетін жері, Орталық Азиядағы қуатты жер игеру мәдениетінің көрсеткіші, Қазақ хандығының саяси шешімдер қабылдаған жүрегі және күллі мұсылман әлемінің киелісі саналатын «екінші Меккесі». Ортағасырдағы Түркістанда алуантүрлі мәдениет дәстүрлері тоғысты. Мұнда әр түкпірден бірінен бірі асқан шеберлер жиналып, өз білімдері мен тәжірибелерін бөлісті. Ал Қожа Ахмет Ясауи кесенесін салу сол заманның ең үздік инженерлері мен сәулет және көркем технологияларды біріктірген болуы мүмкін», — деп түсіндіреді Мұхтар Қожа.

Археолог Айсұлу Ержігітова бұл төңіректе сыры ашылмаған құпиялар әлі де жеткілікті екенін айтады. Мәселен, «кесенені қалай тұрғызған, оның материалдарын қайдан алған, осында «илеп» жасаған ба, жоқ алыстан тасыған ба?».

«Күлтөбеден табылған көкшіл безендірілген сылақ қыш тақтайша фрагменттері мен керамика күйдіруге арналған ортағасырлық шеберханалар – бұл жай ғана археологиялық қазбадағы сәттілік емес. Біз осы арқылы қазақ даласындағы ең ауқымды архитектуралық объектінің құрылыс спецификасы мен оған қатысты тарихтың тың парақтарын ашуға үміттіміз», — дейді Айсұлу Ержігітова.

Сарапшылар Күлтөбе қалашығы – ерте ортағасырдағы Ясы ретінде белгілі болған Түркістанның ең көне бөлігі деген пікірге тоқтайды. Әлемдік тарихпен мәдениетте Түркістан-Ясының сопылықтың түркілік тармағының негізін қалаушы ұлы тұлға, ұлы ойшыл, шайыр Қожа Ахмет Ясауи есімімен тығыз байланысты екені мәлім.

«Сөз жоқ, бұл қала көптеген мемлекеттердің экономикалық және саяси тартылыс нүктесіне айналды. Ұлы дала кеңістігіндегі ежелгі жер игерушілердің Орталық Азиядағы мәдениетінің саудалық әрі мәдени орталығы, Қазақ хандығының саяси орталығы, Шығыс мұсылмандарының «екінші Меккесі» атанды. Орта ғасырдағы Түркістан әртүрлі мәдениет дәстүрлерінің бастаулар түйісін сипаттайтын қала мәдениетінің барлық жалпы және спецификалық ерекшеліктерін өзіне сіңірді. Қалада көркем мәдени өмір бұрқ-сарқ қайнады – мұнда суға арналған және басқа да керамика түрлері пайда болды, ағаш ұсталар, саусағы асыл зергерлер жұмыс істеді. Бұл қала Ұлы Жібек жолы бойындағы Түркістан өңірінің өнер мен қолөнер шеберлерінің бір орталығы болды. Бұнда Ясауи дәуірінің өркендеу кезеңінде кең байтақ даланың түкпірінен шеберлер ағылды, дәл осы жерде Әмір Темір кезеңінің әйгілі ғимараты Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің оюлары, әшкейлері түзілді. Пеш пен ошақтар мен керамика қалдықтарының табылуы соның дәлелі», — дейді мәдениеттанушы Жанерке Шайғозова.

Ғалымдар жобаның нәтижесі бүгінгі қуатты мемлекет ретіндегі Қазақстанның дамуында үлкен мәнге ие болатынын айтып, оның халықаралық ғылыми-технологиялық дамуда да өз орнын табатынына сендіреді. Ұлттық деңгейде бұл жоба біртұтас ұлтты нығайту контексінде тарихи және киелі жерлердің мәні мен маңызын қайта сараптауға жағдай туғызады деуге болады. Күлтөбе-Ясы қалашығы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік мұражай-қорығының құрамында. Ең бастысы Күлтөбе – бұл жай ғана «қызық орын» емес, әлемдегі аты дардай музейлер мен парктерден еш қалыспайтын ашық аспан астындағы келешек бірегей археологиялық парк.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin