Елімізде 2020 жылдан бастап Абай күні кеңінен аталып өтуде. Бүгін осыған орай Түркістан қаласында арнайы іс-шара ұйымдастырылды. Тағылымды жиынға облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, зиялы қауым өкілдері мен өңір кітапханашылары, дарынды оқушылар қатысты.
Алдымен келген қонақтар арнайы жасақталған кітап көрмесімен танысты. Содан соң облыс әкімінің орынбасары мен бір топ зиялы қауым өкілдері Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.
Жиында алғаш болып сөз алған «Түркістан облыстық ақсақалдар кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенұлы Абай ілімін тарқатып, жастарға өнеге беретін ерекше сөздерін атап өтті.
Ертай Кенжебекұлы өз кезегінде бүгінгі шараның маңыздылығына тоқталды.
– Бүгінгі шараның қазақ руханияты мен әдебиетінде алар орны айрықша. Ұлы кемеңгер Абай Құнанбайұлының шығармашылығы мен еңбектерін дәріптеу – бізге артылған абыройлы міндет. Атаулы күн «Абай оқулары» халықтық акциясы, «Абайдың қара сөздері» әдеби челленджі, ғылыми конференциялар мен абайтанушы ғалымдармен шығармашылық кездесулер арқылы кеңінен насихатталады. Осы орайда, Түркістан тұрғындары мен қонақтарына рухани бағдар болып тұрған Абай ескерткішінің алдына жиылып, ақын рухына тағзым ете келген әрбіріңізге алғыс білдіремін, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Түркістан қалалық балалар мен жасөспірімдер орталығы оқушыларының көркем сөз оқуларын оқыды. Ал орталық жетекшілері жанды дауыста Абай әндерін шырқап, көптің қошеметіне бөленді. Қазақстан Жазушылар одағының Түркістан облысындағы өкілі Айдар Сейдәзім бастаған қаламгерлер пікір білдіріп, ұлы ақынның өлеңдерін оқыды.
Атаулы күнге орай облыстық «Фараб» кітапханасы ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының 179 жылдығы аясында «Абайды оқы, орында» атты әдеби іс-шаралар онкүндігін бастаған болатын. Онкүндік аясында түрлі танымдық, әдеби-мәдени іс-шаралар ұйымдастырылды. Сонымен қатар аудан, қаладағы барлық мәдени мекемелерде көрмелер, кездесулер өткізілуде.
Мәселен, Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейінде қазақтың ұлы ақыны, қазақ жазба әдебиетінің негізін салушы, ақын Абай Құнанбайұлының туғанына 179 жыл толуына орай, «Қазақтың бас ақыны» атты көрме ұйымдастырылды. Бір аптаға жалғасатын көрмені музейге келушілер тамашалап, Абай әлеміне саяхат жасайды.
Көрме мақсаты – жастарға ақынның өмір жолындағы күресін, философиялық мәні зор қара сөздерін, өлеңдерін, әндерін, аудармаларын, жалпы рухани асыл-мұраларын насихаттау, Абай мұралары арқылы саналы ұрпақ тәрбиелеу, сонымен қатар, ақынның адамгершілік қасиеттерін үлгі ету.
Айта кетейік, ҚР Үкіметінің Қаулысымен 2020 жылы 10 тамыз – Абай күні болып белгіленді. Сол жылы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы аталып өтті. Еліміздің мерекелік күнтізбесіне енген дәл осы күні әр өңірде шығармаларын насихаттайтын түрлі әдеби-мәдени шаралар ұйымдастырылады.
Сонымен қатар 10 тамыз – Абай күніне орай Сұлтанбек Қожанов атындағы Созақ аудандық музейінде «Абайды таны, таңырқа!» тақырыбымен көрнекті абайтанушы, ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, «Хәкім Абай» ғылыми зерттеу орталығының директоры Жабал Шойынбетовпен кездесу өтті. Басқасуға зиялы қауым өкілдері, аудандық білім бөлімінің қызметкерлері, мектеп директорлары, ұстаздар қауымы және аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ерлан Райымқұлов қатысып, аудан әкімінің сый-сияпатын жеткізді.
Жиынды музей басшысы Ниязалы Дүйсенбек ашып, Абай күнінің маңыздылығы мен өзектілігіне, кештің құрметті қонағының өмір жолына тоқталды. Абайтанудың білікті зертеушісі Жабал Алшынбекұлы бас ақынның әлемінің қыр-сырын жіктеп, көптеген қызықты мағлұматтармен бөлісті.
Шара барысында «Жас туристер станциясының» әдеби үйірмесінің шәкірттері Абай жырларынан шашу шашып, ән шырқады. Сондай-ақ «Абай әлемі» атты суретті көрме жасалып, қатысушылар назарына ұсынылды.
Бұдан бөлек бүгін Абай күніне орай Бәйдібек ауданында «Ұлы Қазақтың — Ұлы Абайы» атты облыстық байқау бастау өтті. Байқауды Түркістан облыстық жастар ресурстық орталығының басшы орынбасары Пердебек Есқұлов пен аудандық жастардың көшбасшысы Жамбыл Көрікбаев ашып беріп, мерекемен құттықтады. Сонымен қатар сайысқа қатысушы таланттарға сәттілік тіледі.
Аудандық Жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған байқаудың мақсаты – жастардың бойында адалдық пен сенімділікті, отансүйгіштікті қалыптастыру, Абай шығармашылығына деген қызығушылық қабілетін ояту. Аталған сайысқа облыстың түкпір-түкпірінен талант иелері қатысып Абайдың қарасөздері мен өлеңдерін айтудан ІІ кезең бойынша сынға түсті.
Облыстық жастар ресурстық орталығының бөлім басшысы Ақтөре Қайрат, аудандық тілдерді дамыту бөлімінің меңгерушісі Бақыт Оспанова және Шаян мектеп лицейінің қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Қаламқас Мамытова әділ қазылық етіп, жеңімпаздарды анықтап берді.
Сайыс қорытындысы бойынша Орынбасар Жақсыгүл, Сағындық Сұлтан, Қалауов Азамат, Абдирманова Айсара, Үсен Балқадиша жеңіске жетті. Жеңімпаздарға дипломдар мен және қаржылай, ынталандыру сыйлықтары табысталды.
Орайы келгенде айта өтейік, Бәйдібек ауданында 12 тамыз – Халықаралық жастар күніне орай да бірқатар іс-шаралар өткізу жоспарланған. «ZHASTAR WEEK» апталығы аясында аудан әкімі Ерлан Нұрмаханов білім, мәдениет саласының жастары мен жас кәсіпкерлер, ерікті жастар, спортшылармен және студенттермен кездесті.
Бөген өзенінің бойындағы демалыс аймағында еркін форматта өткен кездесуінде белсенді аудан жастары өздерінің көкейінде жүрген сұрақтары мен пікірлерін айтып, ауданның дамуына қосатын түрлі саладағы ұсыныстарын жеткізді. Сонымен қатар қонақтар «Сафи_арт_спорт» үйірмесінің және О.Тайманов атындағы өнер және саз мектебінің қолөнершілерінің көрмесі мен талантты жастардың өнерлерін тамашалады. Бәйдібек ауданының атын асқақтатып жүрген спортшылар мен талантты жастардың жетістіктері аудан басшысына таныстырылды.
Кездесу барысында аудан әкімі жастармен бірге қазақтың ұлттық спорт түрі садақ атудан жебе тартып, аудан жастарымен бір толқында болды. Демалыс аймағында өткен шарада жастар арасында арқан тарту, кір тасын көтеру мен қол күрес және басқа да спорт түрлерінен сайыс ұйымдастырылып, арнайы естелік сыйлықтар табысталды.
Иә, ҚР Үкіметінің Қаулысымен 2020 жылы 10 тамыз – Абай күні болып белгіленді. Биыл еліміз бойынша ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының 179 жылдығы аясында көптеген іс-шаралар өткізіліп жатыр. Абай күні қарсаңында Облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасы тамыз айының басында «Абайды оқы, орында» атты әдеби іс-шаралар онкүндігін бастаған болатын.
Алтыншы күнінде Облыстық жастар ресурстық орталығымен бірлесе отырып, аудан, қалалардан келген 8-14 жас аралығындағы оқушылармен «Біз Абайды білеміз бе?» викториналық ойыны өтті. Ойынға балалар белсенді қатысып, Абай жайлы сұрақтарға жарысa жауап берді. Шара соңында балаларға кітапхананы таныстыру мақсатында экскурсия жүргізілді. Белсенді оқушыларға «Абайдың қара сөздері» жинағы және заманауи комикс кітаптар сыйға тартылды.
Онкүндік барысында кеңейтілген кітап көрмесі, әлеуметтік желілерде танымдық сауалнама, викториналық сұрақтар, сурет байқауы, қара сөздері мен өлеңдерін жатқа айту сайысы сынды мазмұнды шаралар жоспарланған. Аталған іс-шара Абай ескерткішіне тағзым жасаумен қорытындыланбақ.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.