Түркістан облысына 2023 жылы «Ауыл аманаты» жобасын іске асыруға Түркістан облысына республикалық бюджеттен 11,0 миллиард теңге несие қаражаты бөлінген болатын. Енді өңірге қосымша 8,7 миллиард теңге қаражат қарастырылып отыр.
Енді соған сәйкес 16 ауданнан анықталған 32 ауылдық округке қосымша әр аумақтан 2 ауылдық округтен қосу жоспарлануда. Бұл мақсат биыл шілде айынан бастап жүзеге асып, өңір бойынша жалпы 64 ауылдық округ қамтылады. Осы мәселені талқылау мақсатында салаға жауапты басшылар мен аудан әкімдерінің орынбасарлары жиын өткізді. Мәжілісті Түркістан ӘКК АҚ-ның қаржы және «Ауыл аманаты» бағдарлмасының мониторингі жөніндегі басқарушы директоры Нұрлыбек Исаев және «Ырыс» МҚҰ басқарма төрағасы Мұхит Мыңбаев жүргізіп отырды.
Несиелерді қаржыландыру бойынша 6 бағыт іріктелді. Олар:
➢ Өсімдік шаруашылығын дамыту;
➢ Мал шаруашылығын дамыту;
➢ Құс шаруашылығын дамыту;
➢ Балық шаруашылығын дамыту;
➢ Ауыл шаруашылығы кооперативтерді жабдықтау;
➢ Тұрғындардың өз кәсібін ашу.
Жобаны тиімді жүргізу үшін өңірде жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперативтер негізінде дамытуға басымдық беріледі. Үміткерлер қатысатын ауылдық округтерде 44 кооператив бекітіліп, әлеуетті несие алушылардың тізімі жасақталды. Қазіргі таңда несие қаржысын таратушы әрі сенім білдірген өкіл ретінде «Түркістан ӘКК» АҚ тиісті шараларды атқаруда.
Еске салсақ, облыстық барлық ауылдық округтерінде скринингтер жасалып, тұрғындар сауалнамаға қатысты. Жалпы жоба аясында 2200 (орта несие қаражаты көлемі 5,0 миллион теңге) бірлікке жуық микрокредиттер беріледі. Нәтижесінде бағдарлама аясында 2 300 жаңа жұмыс орны құрылып, өңірдегі атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасы санын төмендету көзделген.
Қазіргі таңда пилоттық жобаға қатысатын қосымша екі ауылды аудан әкімі бекітіп, салалық басқарма мен «Түркістан ӘКК» және «Ырыс» МҚҰ өкілдерімен алдын ала жоспарланған жобаларды келісу жұмыстары жүргізілуде.
Аудан әкімнің орынбасарлары таңдалған ауылдық округтер бойынша толық талдау нәтижелерін, ұсынылатын басым бағыттарын, әлеуетті несие алушылар саны, ауылдық округ тұрғындарының бейім кәсіптері туралы толыққанды мәлімет ұсынды. Жиын қорытындысында аудан әкімдіктері ұсынған ауылдық округтер пилоттық жобаға қосымша қатысатын болып келісілді.
Айта кетейік, 18 сәуірден бастап несие құжаттар қабылдау басталып, бүгінге дейін 847 өтінім келіп түсті. Оның ішінде 459 өтінімнің 2,8 миллиард теңгелік құжаттары қаралу сатысында болса, несие комитетімен 1,1 миллиард теңгенің 248 құжаты мақұлданды.
Жалпы, бүгінгі таңда мақұлданған жобалар көрсеткіші бойынша Түркістан облысы елімізде көш бастап тұр. Бірақ әлі де мәселелер көп. Жұмысты ширатып, ауыл тұрғындарын кәсіпкерлікке тарту керек. Бұл түйткіл бойынша түнеугүні арнайы мәжіліс өткізілген-ді. Жиында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды жауаптыларға жұмысты жандандыруды тапсырды. Жобаны жүзеге асыруда кемшілікке бой алдырған әкімдер мен мекеме басшыларын сынға алып, есептерін тыңдады.
– «Ауыл аманаты» бойынша жобаларды қаржыландыру көрсеткіші төмен. Уақыт өтіп жатыр. Жоспарға енгізілген барлық ауылдарда жобалар толық жүзеге асып, елдің табысы артуы тиіс. Жауапты басқарма басшылары, сіздер ауыл шаруашылығындағы проблемаларды анықтап, шешу жолдарын ұсыныңыздар. Тұрғындарға идеялар беріп, жобаны жүзеге асыруға, өз кәсіптерін бастауға көмектесіңіздер. Белсенді тұрғындар өздері ізденіп, несиесін алады. Бірақ тұрғындардың бәрі ондай белсенді емес. Оларға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, кеңес берген жөн. Аудан, қала әкімдері, былай отыра беруге болмайды. Ізденіңіздер, «Ауыл аманаты» жобасын жандандыру керек. Қаржыландыруға жауапты «Ырыс» қаржы ұйымы мен әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация басшылары да жұмысты ширатсын. Аз ғана жобаны игере алмай отырсыздар. Шаруалардың, тұрғындардың жобалары жылдам қаржыландырылсын, – деген болатын Дархан Сатыбалды.
Жоба арқылы 3220 тұрғынға несие беріп, 3413 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Жұмыстар нәтижесінде орташа айлық кіріс 1,5 есеге, сүт өнімін өндіру 40,6 пайызға, ет өндіру 63,2 пайызға, жылыжай өнімі 26,2 пайызға, құс еті 2,4 пайызға, балық өнімі 2 пайызға ұлғаяды деп жоспарланған. Бүгінгі таңда Түркістан облысында 3,6 миллиард теңгенің жобалары мақұлданған.
Бастапқыда бекітілген құжаттардың тізбесі 16 болып бекітілген. Жоба аясында қағазбастылықты жою мақсатында қажетті құжаттар тізімі жұмысшы топпен қайта қаралып, құжаттар саны 8-ге дейін қысқартылды. Бұл ауыл тұрғындарына қолайлы.
«Ауыл аманаты» жобасы бойынша Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы тарапынан 50 бизнес жоспар әзірленіп, тұрғындарға ұсынылған. Ауылда кәсіпкерлікті дамыту, өндіріс орындарын ашу бағытында да жұмыстар жалғасады. Жоспарды орындамаған және төмен нәтиже көрсеткен басшыларға шара көріледі.
Аталған жоба ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарын құруға, мал мен құстың санын көбейтуге, шағын кәсіпкерлікті ашу арқылы халықтың табысын арттыруға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге септігін тигізеді. Несиелендіру 6 бағытта жүзеге асырылады. Өсімдік, мал, құс, балық шаруашылықтары мен ауыл шаруашылығы кооперативтерді жабдықтау және тұрғындардың өз кәсібін ашуға мүмкіндігі бар.
Бағдарламаға қатысып, несие алу үшін, өңір тұрғындары ауыл әкімдіктеріне өтінім береді. Несие алатындар зейнет жасынан аспауы қажет. Сондай-ақ кәсіпті ашу үшін оқыту жұмыстары да тегін жүргізіледі. Егер де несиесін толық жауып, кәсібін дамытатын болса, жеңілдетілген несиеге қайта қол жеткізе алады.
Жоба аясында жеке қосалқы шаруашылық пен жеке кәсіпкерлер үшін 8 625 000 теңгеге дейін, ауылшаруашылық өндірістік кооперативтері үшін 27 600 000 теңгеге дейін несие беріледі. Микрокредит мерзімі – 5 жыл, ал, мал шаруашылығы жобаларына 7 жылға дейін беріледі. Жылжымайтын кез келген мүліктің 70 пайызы бағаланады. Несиені өтеуге берілетін жеңілдік кезеңі – 12 айға дейін.
Айта кетейік, «Ауыл аманаты» жобасы елімізде 2023-2025 жылдар аралығында жүзеге асырылады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.