Түркістан облысында «Ауыл кітапханаларына 100 кітап» акциясы басталды

Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда кітап мәселесіне ерекше тоқталып өткені белгілі. Президент өз сөзінде «Шын мәнінде, кітап оқитын ел зиялы ұлтқа айналады. Біз жас ұрпақты кітапқа құштарлығын оятуымыз керек. Жастарды кітап оқуға тарта отырып, қоғамды тәрбиелейміз» дей келе «Ауыл кітапханаларына 100 кітап» акциясын бастап және осы игі бастаманы қолдауға шақырған болатын.

Осы мақсатта Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Жанат Шардарбекова бастаған ұжым Созақ аудандық орталық кітапханасына қарасты «Ақсүмбе» ауылдық кітапханасына, оқырмандардың сұраныстарында жүрген 100 дана кітапты сыйға ұсынды.

Тағылымды шараға кітапханашылар және кітапхана оқырмандары, сонымен қатар Мақсат Жеңсұлы, Орынбасар Хасенұлы, Әмір Дүйсебекұлы, Бекен Ниязбеков қаламгерлер сөз сөйлеп, кітапхана қызметкерлеріне ризашылықтарын жеткізді.

Еске салайық, Қазақстанда «Ауыл кітапханаларына 100 кітап» акциясы өтіп жатыр. Бұл акцияға ел министрлері де атсалысуда.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтай отырысында кітап мәселесін ерекше атап, кітап оқитын халық қана зиялы бола алады дей келе жас ұрпақтың кітап оқуға деген қызығушылығын ояту керектігіне назар аударған-ды.

«Ауыл кітапханаларына 100 кітап» акциясын бастадық. Өз қолыммен Абай Құнанбайұлының Қарауыл ауылына, Қаныш Сәтбаевтың Баянауыл ауылына және туған ауылыма әлемдік және қазақ әдебиетінің үздік туындыларын тарту еттім. Бұл акцияны басқа әріптестерім, министрлер де қолдап, бірнеше ауылға кітап жеткізіп берді», — дейді Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева.

Оның айтуынша, акцияға Ішкі істер министрі Ержан Сапарбекұлы, Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сейпелұлы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Қабыкенқызы, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібінің бұрынғы министрі Бағдат Батырбекұлы қатысып, елдің бірқатар облысындағы ауылдық кітапханаларға 100 кітап тапсырған.

Министр басқа әріптестері де жақын арада акцияны қолдауға ниет білдіргенін атап өтті.

«Осы бастамамен біз шалғайдағы ауыл кітапханаларына соңғы үлгідегі туындыларды жеткізіп, жас ұрпақтың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруға тырысамыз, акцияға басқа да мекемелер мен ұйымдар, сондай-ақ барлық мүдделі азамат қатысады деп үміттенеміз», — деп отыр Аида Балаева.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin