Түркістан облысында «БАҚЫТТЫ БАЛАЛЫҚ ШАҚ» мерекелік шарасы ұйымдастырылды

Бүгін Түркістанда 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні аталып өтті. «Бақытты балалық шақ» мерекелік іс-шарасына облыс әкімі Дархан Сатыбалды қатысып, балалармен бірге көрме мен концерттік бағдарламаны тамашалады.

– Балаларға қамқорлық пен толыққанды тұлға болып қалыптасуына жағдай жасау – мемлекеттің әлеуметтік саясатының негізгі және басым бағыттарының бірі. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауларында балаларға жағдай жасау, олардың сапалы білім алуына қолдау көрсету туралы үнемі айтып келеді. Бүгінгі бала – елдің ертеңі, болашағы, ұлттың жалғасы. Балаларға жағдай жасау үшін облыста денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау, инфрақұрылым бағытында нақты шаралар қолға алынып, жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр. Осы жұмыстар нәтижесінде биылғы оқу жылын облыс оқушылары үлкен жетістіктермен аяқтады. Халықаралық, республикалық, ғылыми жоба байқаулары мен пән олимпиадаларында дарынды балаларымыз 23 алтын, 17 күміс, 20 қола медальға қол жеткізіді. Бұл – біздің өңірде талантты, білімді, жігерлі балалар өсіп келе жатқанының белгісі. Қымбатты балалар! Сіздерге мықты денсаулық, бейбіт өмір, бақытты балалық шақ тілеймін. Жазғы демалыстарыңыздың қызықты өтуіне шын жүректен тілектестігімді білдіремін, – деген өңір басшысы халықаралық, республикалық байқаулардың, олимпиадалардың, спорттық жарыстардың жеңімпаздарын марапаттады. Сондай-ақ қаржылай сыйақы сертификаты тапсырылды.

Еліміз бойынша жаңа мектептер ашу жөнінен де өңір алдыңғы қатарда келеді. Мемлекет басшысының «Жайлы мектеп» ұлттық пилоттық жобасын іске асыру шеңберінде 2023-2025 жылдары Түркістан өңірінде 63 мектептің құрылысын салу жоспарланған. Биылғы жазғы демалысты тиімді өткізу мақсатында облыстық бюджеттен 2,6 миллиард теңге бөлінді. Жазғы сауықтыру лагерьлерінде 35 мыңнан астам оқушы бюджет есебінен тегін, «Қазақстан халқына» қоры есебінен 3421 оқушы жазғы сауықтыру лагерлерімен тегін қамтылады. Бұл маусымның тағы бір ерекшелігі алғаш рет лагерінде шатырлы және этнолагерь ұйымдастырылады.

«Керуен сарай» туристік кешенінде өткен жиында тақырыптық көрме жасақталған. 500 оқушыдан құралған домбырашылар бір мезетте күй тартты. Түркістан жұртшылығын күмбірлеген күйлерімен көмкерген бүлдіршіндер көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Облыстың өнерлі балақайлары әр аудан, қала мектептерінен жиналды. Оқушылар ұстаздарымен бір мезетте Құрманғазының «Адай», «Балбырауын» күйлерін орындады.

Балалардың қолданбалы өнер бағытындағы шығармашылық жұмыстарының жәрмеңкесі өтті. «Шымкент-цирк» мекемесі мен Қуыршақ театрының мерекелік қойылымы көрсетілді. «Кітаптар жазы» көрмесі және «Farab» кітапханасының балаларға арналған кітаптар көрмесі жасақталды. «Drone challenge» және «Robo fest» көрмесі де мереке сәнін кіргізді.

Колледж студенттерінің өз қолдарынан жасалған ұлттық киім үлгілерінен үздік «Дефиле» топтамасы көпшілік назарына ұсынылды. Мектеп оқушылары арасында «Интеллектуалды ұлт» шахмат, дойбы ойындарынан көрсетілімдік сайыс өткізілді. «Айбын» әскери-патриоттық қозғалысының оқушыларынан құралған үздік іс-қимылдар көрсетілді. Балалар үшін аквагрим ұйымдастырылды. Аудан, қалалардан келген үздік суретші балалардың «Түркістан балалар көзімен» көркемсурет галереясы ұсынылды.

Мерекелік іс-шара концерттік бағдараламаға ұласты. Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармония өнерпаздарымен бірге «Ақжайық» музыка мектебінің таланттары өнер көрсетті. Сонымен қатар жалпы облыстың дарынды балалары да кешке атсалысты.

Бұл ретте Түркістан облысының білім басқармасы «Құрметті бүлдіршіндер мен жастар, ата-аналар!

Сіздерді бүгінгі 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күнімен құттықтаймыз! Жас ұрпақ, жас буын, жасөспіріпдеріміз аман болсын. Елдің ертеңі болар сол жастарымыз, балаларымыз!

Қай халықтың болмасын елдігін, салт-дәстүрін, ата-мекенін болашаққа апаратын бүгінгі жас ұрпағы. Бүгінгі таңда елімізде балалардың алаңсыз білім алуына, бақытты балалық кезеңдерін өткізуге барлық жағдай жасалып келеді. Балаға тәрбие беретін ең алдымен оның ата-анасы болса, екінші, тәрбиемен қоса білім беретін балабақша, мектеп және оның өскен ортасы.

Адам өміріндегі ең үлкен бақыт – ұрпақ өсіру, бала тәрбиелеу. Бүгінгі бала елдің ертеңі, болашағы, ұлттың жалғасы.

Тұғыры биік еліміздің ертеңі бүгінгісінен де кемел болуы рухы асқақ, өресі биік білімді де талантты ұрпақ қолында. Кішкентай да болса, үлкеннің назарын өзіне аударған балдырғандарымыздың риясыз күлкісіне бөлене берейік.

Жас өрендер мен балдырғандарды бүгінгі мерейлі мерекемен құттықтай отырып, болашақтарыз жарқын, аспандарыңыз ашық, елімізді өркендетер, келешектің кемеңгері болыңыздар демекпіз.

Сіздерге мықты денсаулық, бейбіт өмір, бақытты балалық шақ тілейміз.

Жазғы демалыстарыңыздың қызықты өтуіне шын жүректен тілектестігімізді білдіреміз!» — деп құттықтау білдірсе, Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев: «Қадірменді жас достарым!

Сіздерді жадыраған жаздың ең шуақты мерекесі — Халықаралық балаларды қорғау күнімен құттықтаймын!

Бүгінде елімізде 6,8 миллион бала бар. Оның 3,8 миллион — оқушылар. Бұл жай ғана статистикалық деректер емес, бұл санның артында еліміздің шын мәнінде орасан зор әлеуеті жатыр.

Балаларымыздың жан-жақты дамуы мен табысты тұлға болып қалыптасуына жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру мемлекеттік саясаттың басым бағыты болып қала береді.

Биыл еліміздің «Бала құқықтары туралы» халықаралық Конвенцияға қол қойылғанына 30 жыл толады. Осы уақыт ішінде балалардың құқықтарын қорғау саласындағы барлық негізгі халықаралық-құқықтық құжаттар ратификацияланды. Балалардың әл-ауқатының индексі әзірленіп, енгізілді. Балалардың отбасында өмір сүру және тәрбиелену құқықтары қамтамасыз етілуде. Балаларымыздың әл-ауқаты еліміздің тұрақты дамуы мен жарқын болашағының іргетасы.

Сіздерге зор денсаулық, мол табыс және Жаздық каникулдағы демалыстарыңыз қауіпсіз, мазмұнды да қызыққа толы болуын тілеймін. Бүгінгі мереке күні құтты болсын!» — деп ізгі лебізін білдірген екен.

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні. Аталған мерекені әлемнің 30-дан астам елі атап өтеді. Бұл күн бізге өскелең ұрпақ алдындағы үлкен жауапкершілікті еске салады. Өйткені, баланың ең маңызды құқығы – бақытты болу!

Балаларды қорғау әрқашан мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі болған және бола бермек. Қазақстан балалардың құқығын қорғау саласындағы барлық негізгі халықаралық-құқықтық құжаттарды, оның ішінде 30 жыл бұрын қол қойылған Бала құқықтары туралы конвенцияны ратификациялады.

Ресми мәліметтер бойынша, Қазақстанда бүгінгі таңда 6,8 млн бала тұрады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы Ұлттық құрылтай отырысында сөйлеген сөзінде атап өткендей, адал азаматқа тән қасиеттер әрбір жастың бойынан табылуы керек. 

«Ұлттың жаңа болмысы білім, ғылым және мәдениет саласын дамыту арқылы қалыптасады. Осы үш бағытты рухани даму саласындағы жұмыстың мызғымас үштағаны деуге болады. Біз ұрпақ тәрбиесіне баса мән беріп, жастарды жақсылыққа жетелеуіміз керек», — деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев кәмелетке толмағандарға қатысты құқық бұзушылықтардың алдын алу және қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жетім балалар құқығының кепілдіктерін сақтау, мүмкіндігі шектеулі балаларды қолдау бойынша пәрменді шаралар қабылдаудың маңыздылығына тоқталды.

Балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету мақсатында Бала құқықтары жөніндегі уәкіл жұмыс істейді. Еліміздің 20 облысында балалар құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілдер тағайындалған. Оқу-ағарту министрлігінің жанынан Кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствоаралық комиссия құрылды. Осыған ұқсас 235 комиссия жергілікті деңгейде де жұмыс істейді.

Басым міндеттердің бірі — балалардың отбасында өмір сүріп, тәрбиелену құқығын қамтамасыз ету. 21 387 ата-анасы жоқ баланың 17 660-ы қазақстандық отбасыларда тәрбиеленуде. Жыл сайын Қазақстан азаматтары өз отбасыларына 1 мыңнан астам жетім баланы қабылдайды.

ҚР Президентінің тапсырмаларын орындау мақсатында Балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және олардың құқықтары мен саламаттығын қамтамасыз ету жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар бекітілді, оған бірқатар маңызды бастамалар енгізілді. Төтенше жағдайларда балаларға қатысты зорлық-зомбылыққа ден қою алгоритмдері бойынша ұсыныстар әзірленді. Республикамызда 14 психологиялық қолдау орталығы жұмыс істейді.

«Бала құқықтары туралы» және «Білім беру туралы» негізге алынатын құжаттарды қоса алғанда, Қазақстанның ұлттық заңнамалық базасы – бұл балалардың берекелі әрі қауіпсіз балалық шағы құрылатын құқық қорғау алаңы.

Білім беру саласы әлеуметтік саясаттың негізгі басымдығы ретінде мемлекет тарапынан қолдауға ие. Педагог мәртебесін көтеру, жаңа мектептер, балабақшалар, мектептен тыс ұйымдар, колледждер салу және ашу бойынша міндеттемелер орындалып жатыр. Оқытудың жаңа әдістері мен тәсілдерін дамыту үшін жағдайлар жасалған.

Шетелдік сарапшылар атап өткендей, балаларға жасалған қолайлы жағдайлар білім сапасының 10%-на кепілдік береді. Осыған байланысты Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстанда «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы іске асырылуда. 2024-2025 жылдары 740 мың оқушы орнына арнап 369 мектеп ашу жоспарда бар. 1 қыркүйекке дейін 98 мектеп, 2024 жылдың соңына дейін – 110, қалғандарын 2025 жылдың соңына дейін ашу көзделген.

Жайлы мектептерде оқу-тәрбие процесін сәтті жүзеге асыру және ұйымдастыру үшін жаңа форматтағы басшылар белсенді түрде дайындалуда. Дарынды балаларды мемлекеттік қолдау оқушыларды да, педагогтарды да жоғары жетістіктерге жетелейтіні сөзсіз. Биыл алғаш рет ауыл мектептерінің оқушыларына арналған республикалық олимпиада өтті. 1 мың бала өздерін жоғары республикалық деңгейде көрсете алды.

Сонымен бірге мемлекет талантты балаларға нақты материалдық көмек көрсетеді. Мәселен, халықаралық пән олимпиадаларының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне 500-ден 1,5 мың АЕК-ке дейін біржолғы сыйақы қарастырылған. 2023-2024 оқу жылының қорытындысы бойынша оқушылар 10 халықаралық олимпиадада 243 медаль жеңіп алды. Осылайша, білім беру саласында жүргізіліп жатқан саясат сапалы білім алуға және жан-жақты дамуға бағытталып отыр.

Сонымен қатар республикада мектепке дейінгі ұйымдардың бірнеше түрі жұмыс істейді. Олардың саны қазірдің өзінде 11,5 мыңға жетті, оларда 1 миллионға жуық бала тәрбиеленуде. 2025 жылға дейін бүкіл Қазақстан бойынша балабақшалар салу және қайта жаңғырту есебінен 300 мың жаңа орын ашу жоспарланған. Осы жылдың соңына дейін 77,3 мың жаңа орын іске қосылады.

Бүгінде 2 жастан 6 жасқа дейінгі балалардың 91,5%-ы мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылған, кезекте тұрғандар саны – 107 мың. Мектеп жасына дейінгі балаларды есепке алу, кезекті орталықтандыру және мектепке дейінгі ұйымдарға жолдама беру үшін Бірыңғай деректер базасы кезең-кезеңімен енгізілуде. Бұл отбасының өмірлік жағдайын ескере отырып, мектепке дейінгі ұйымға ашық кезекке тұруды қамтамасыз етеді. 

Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуды дамыту моделін іске асыру шеңберінде мектепке дейінгі ұйымдарда физикалық тұрғыда сау, әлеуметтік белсенді, үйлесімді дамыған тұлғаның қалыптасуына ықпал ететін қолжетімді даму ортасы құрылды.

Айта кетейік, облыс халқының 38%-ы — балалар, олардың 155-мыңнан астамы — бақшада, 520 мыңы мектепте білім алуда. Еліміздегі әрбір 7-ші оқушы — Түркістан облысында. Бұл — республикадағы ең үлкен көрсеткіш. Өңірде балалардың жан-жақты дамуына жағдай жасалуда. Балабақша, мектеп, «Оқушылар сарайы», түрлі өнер және спорт үйірмелері жұмыс істеп тұр.

 «ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin