Түркістан облысында Марокко шегірткесіне қарсы күрес жұмыстары қарқынды түрде жүргізіліп жатыр

Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Түркістан облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Ибрагим Бегасилов мәлім етті.

Спикердің сөзінше, өңірде шегірткеге қарсы күрес шаралары жоспарға сай атқарылып жатыр. Бұл ретте бір күнде 3500-4000 гектар алқапта химиялық өңдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оған 26 жерүсті бүріккіш техникасы мен 1 «АН-2» жеңіл ұшағы жұмылдырылған.

«Түркістан облысында аса қауіпті Марокко шегірткесіне қарсы жүргізілетін химиялық өңдеу жұмыстары 8 сәуір күні басталды. Бүгінгі таңда жоспарланған 705 000 гектар алқаптың 570 000 гектарында зерттеу, анықтау жұмыстары жүргізілді. Марокко шегірткесінің қоныстанған аумағы 90 000 гектарды құрайды. Оның 48 000 гектарында экономикалық зиянды шегінен асқаны анықталып, 41 000 гектар алқабына химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілді», — деді Ибрагим Жақсыбайұлы.

Брифингте белгілі болғандай, биыл аса қауіпті үйірлі шегірткелерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары, фитосанитариялық іс-шаралар 10 ауданның 53 ауыл округінде жүргізіліп жатыр. Облыс бойынша Марокко шегірткесі көп тараған аймақтар белгіленіп, Сарыағаш ауданында 24 000 гектар, Арыс қаласында 11 000 гектар өңделген.

Өңірдегі шегірткеге қарсы күрес жұмыстарын толықтай аяқтауға әлі 10 күндей уақыт бар. Бұл ретте, шегірткеге қарсы күрес күшейтілген. Алдағы уақытта Марокко шегірткесіне қарсы барлығы 67 290 гектар алқапта, оның ішінде 59 050 гектар жерүсті желдеткіш бүріккіш техникаларымен, 8240 гектар әуемен химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілмек.

Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция тарапынан аталған фитосанитариялық іс-шаралардың тиімді жүргізілуін бақылау және үйлестіру мақсатында 40 мемлекеттік инспектор мен 19 қызметтік автокөлік жұмылдырылған. Болжам орталығынан 98 анықтаушы, оның ішінде 64 штат бойынша, 34 уақытша алынған анықтаушылар анықтау-зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Сөз орайы келгенде жалпы шегіртке туралы ақпарат бере кетейік. Бұлар — қысқа мұрттылар отряд тармағына жататын үйірлі шегірткелердің бір тобы. Қысқа мұрттылардың ең маңызды тұқымдасының бірі — нағыз шегірткелер және де шегіртке тікқанаттылар отрядына жатады. Өзінің жақын туыстары қара шегіртке мен көк шегірткеден айырмашылығы – денесінің ұзындығының жартысындай болатын қысқа мұртшасы. Қазақстан ландшафтасының әртүрлі және жерінің кең байтақ болуына байланысты, шегірткенің 271 түрі кездеседі. Шегірткелерді үйірлі және саяқ шегірткелер деп бөледі. Үйірлі түрлерінің (ұшпа, шөл, қызылшегіртке және т.б) саяқ шегірткелерден айырмашылығы – жаппай көбею кезінде үлкен топтар құрып, бірнеше жүздеген, мыңдаған гектар жерді басып, бір күн ішінде бірнеше ондаған километр жерге орын ауыстырады. Мысалы, шөл шегірткесінің үйірі 2400-км –ден астам ашық теңіз үстінен ұшып өтіп, солтүстік – батыс Африкадан Британ аралдарына жеткен. Қазақстандағы зиянкес азия шегірткесі ұзақ қашықтықтарға ұша алмайды. Дегенмен ересектері бір күнде 80-120 км қашықтыққа ұша алады. Бұл түрдің тұрғылықты мекендері – Сырдария өзенінің сағасы мен Балқаш, Алакөл, Зайсан көлдерінің жағалауларындағы сазды жерлердің қалың қамыстары. Жаздың екінші жартысында жұмыртқа салады, дернәсілдері майдың соңында шығады, 35-40 күннен кейін қанаттанады. Азия шегірткесінің әрқайсысы өз өмірінде 300 г көк жем жейді, ал бір аналықтың ұрпақтары бір жазда екі қойға жететін жемді жейді. Негізгі қорегі қамыс болғанына қарамай, үйір 1-2 сағат ішінде мыңдаған астық алқабын жоқ қылып жібереді, сонымен қатар капуста, қарбыз, күнбағыс және тағы басқа қоректеніп, біршама зиян келтіреді.

Шырылдауық шегірткелер, көк шегірткелер және кәдімгі обыр шегірткелер бір-бірімен туыстас болып келеді. Әсіресе, обыр шегіртке мен көк шегірткелер бір-біріне өте ұқсас. Бұл жәндіктердің барлығының денелері ұзындау, ал артқы аяқтары секіруге ыңғайлы болып келеді. Аталған жәндіктер қанаттарының көмегімен дыбыс шығара алады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.