Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев орман қорында 2 миллиард және елдімекендерде 15 миллион ағаш егу туралы тапсырманы 2020 жылғы Жолдауында берген болатын. Осыған орай Түркістан облысының орман қоры аумақтарына 2021-2025 жылдары 110 мың гектарға 170 миллион көшеттерін егу бойынша Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің кешенді жоспары, елді мекендерге 1,5 миллион көшет егу бойынша аймақтық жоспар келісіліп, бекітілген.
Кешенді жоспарға сәйкес, 2021-2023 жылдары 51,6 мың гектар жерге, 78 млн түп көшет егіліп, жоспар орындалды. Қазір жұмыстар жүруде.
Биыл көктемде Түркістан облысында 500 мыңға жуық көшет егілді. Ал күзгі науқанға 515 935 дана көшет егу жоспарлануда. Жалпы, облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес, облыстың елді мекендерін көгалдандырудың 2022-2024 жылдарға арналған іс-шара жоспары бекітілген. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, 800-ден астам елді мекенді көгалдандыру үшін 4 миллионнан астам көшет отырғызу жоспарланып, жұмыстар атқарылуда.
Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы мамандарының айтуынша, кей ағаштар көрші мемлекеттерден әкелініп отырғызылған. «Сырттан әкелген ағаштардың бейімделіп өсіп кетуі қиынға соғады. Бірден жерсініп кетпейді, ол үшін арнайы күтім керек», дейді мамандар. Орман алқабына отырғызылатын ағаш түрлері алдымен сол жерге бейімдеу процесінен өтеді. Осы мақсатта өңірде заманауи тұқымбақтар ашылған. Бүгінде облыста 350 гектарды құрайтын 10 уақытша тұқымбақта 35 миллионнан астам ағаш көшеттері өсірілуде. Алдағы уақытта көшеттер санын 50-60 миллионға жеткізу жоспарланып отыр.
Естеріңізде болса, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды облыс аумағында заманауи тұқымбақ ашуды тапсырған болатын. Осы бағытта өңірде тиісті жұмыстар атқарылуда. Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына қарасты «Жасыл аймақ» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде тұрақты 2 тұқымбақ бар. 240 гектар аумақты алып жатқан бұл бақтарда 25-ке жуық әртүрлі ағаш-көшеттері өндіріліп жатыр. Атап айтсақ, қылқан жапырақты 6 түр, жапырақты 11 түр және бұта тектес ағаштардың 6 түрі өсірілуде. Қазіргі таңда тұқымбақта барлығы 5,7 миллионнан астам ағаш-бұта көшеті өсіріліп жатыр.
Заманауи тұқымбақта 576,0 шаршы метр жерге жылыжай орнатылды. Жылыжайдың мақсаты – сирек кездесетін сәндік ағаштар өсіру. Тұқымбақты дамыту мақсатында сеппе бөлімшесіне ағаш-бұта өсімдіктер тұқымынан 11 түрінен 4993 келі тұқым себу жұмыстары жоспарланып, көктем, жаз мезгілінде ағаш тұқымдарының пісіп-жетілуіне байланысты 2200 келі тұқым жиналып, орман тұқымбағына себілді.
Биылғы көктем мезгілінде жасыл белдеу аумағындағы орман екпелерін толықтыруға орман тұқымбағынан 760 мың дана әртүрлі ағаш көшеті қазылып, толықтыруға әр орманшылыққа жіберілді. Қала, аудан орталықтарын көгалдандыру мақсатында биылғы көктем мезгілінде 2 қала, 15 аудан орталқатарына жалпы 411 мыңнан аса әртүрлі ағаш көшеттері берілді және күз мезгілінде 34200 әртүрлі ағаш көшеті орман тұқымбағынан тарқатылды.
Бұдан бөлек биыл көктем мезгілінде орман тұқымбағынан жалпы 64198 дана әртүрлі ағаш көшеті берілген.
Айта кетсек, облыс көлемінде орман тұқымбақтарының көлемі 253 гектарды алып жатыр. Оның 14-і типтік заманауи питомниктерде (оның ішінде 10 жылыжай) орналасқан. Мәдени орман алқабына егілетін көшеттер дайындауға аумағы 350 гектарды құрайтын 10 уақытша тұқымбақта 35 миллионнан астам ағаш көшеті өсірілуде. Көшеттер санын 50-60 миллионға жеткізу жоспарланып отыр.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.