Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды мен Полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденовтың тапсырмасына орай облыс аумағында қоршаған ортаны көгалдандыру және абаттандыру жөніндегі іс-шараларды жандандыруға, сондай-ақ құқық бұзушылықтардың жолын кесуге бағытталған «Таза Қазақстан» бағдарламасы жалғасып келеді.
Бүгінгі таңда Түркістан облысы ПД-нің аудандық полиция бөлімдерінің қызметкерлері белгіленбеген жерлерде қоқыс шығару фактілерін анықтау, полигондардан тыс сұйық қалдықтардың төгілуін болдырмау, абаттандыру ережелерін бұзудың алдын алу бойынша жұмыстар жүргізуде.
«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында жалпы пайдалану орындарын ластағаны үшін 14315 адамға қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Абаттандыру ережелерін бұзғаны және жасыл желектерді бүлдіргені үшін 5337 адамға ескерту жасалды, ал 230 адамға қатысты айыппұл салынды. Жолдардың, теміржол өтпелерінің және басқа да жол құрылыстарының зақымдану фактісі бойынша 3777 құқық бұзушы жауапкершілікке тартылды.
Бұдан бөлек тәртіп сақшылары құзыретті мемлекеттік органдармен және қоғамдық көмекшілермен бірлесіп, халық арасында әкімшілік құқық бұзушылықтарды болдырмау және анықтау бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасатын болады.
Арыста «Үлгілі үй» байқауының жеңімпаздарына қаржылай сыйлықтар табысталды
Тақырыпқа орай атап өтер жайт, Арыс қаласының тұрғындары арасында экомәдениетті қалыптастыруға бағытталған «Таза Қазақстан» шарасы аясында «Үлгілі үй», «Үлгілі аула», «Үлгілі көше», «Үлгілі ауыл» және «Үлгілі кіреберіс» номинациялары бойынша үздіктер анықталып, марапаттау рәсімі өтті. Бұл байқау қаланың көркін арттырып, тұрғындар арасында көріктендіру және тазалыққа деген жауапкершілікті арттыру мақсатында ұйымдастырылған болатын.
Жеңімпаздарды марапаттау салтанатында қала әкімі Гүлжан Құрманбекова үздік деп танылған үй иелері мен көше белсенділеріне қаржылай сыйлықтар мен бағалы сыйлықтар табыстады. Әкім өз сөзінде қаланың күннен-күнге көркейіп келе жатқанын, және бұған әрбір тұрғынның үлесі бар екенін ерекше атап өтті.
Марапаттау рәсімінде жеңімпаздар өз жетістіктерін бөлісіп, болашақта да қаланы көркейтуге өз үлестерін қосуға уәде берді. Үйдің ішкі және сыртқы көрнекіліктерін жаңартып, ауласын, көшесін тазалап, көркейтіп, көгалдандыру жұмыстарын жоғары дәрежеде ұйымдастырған азаматтардың тазалыққа жанашырлығы – көпке үлгі екендігі сөзсіз.
Айта кетейік, «Үлгілі үй» байқауын жылдағы дәстүрге сай келесі жылы да өткізу жоспарланып отыр.
Жетісай ауданында 800-ден астам адам қатысқан сенбілік өтті
Бүгін Жетісай ауданында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы аясында ауқымды сенбілік өтті.
Тазалық жұмыстарына қала, кент, ауылдық округтердегі елді мекендермен қатар Шардара-Жетісай автожолы бойындағы Қарасақал елді мекенінің тұсындағы 8 шақырым жолды санитарлық тазарту, жұмыстарына 850 тұрғын қатысып, жалпы 5 техника жұмылдырылды.
— Тұрғындардың қоршаған ортаны таза ұстауға, экологиялық мәдениетін қалыптастыруға және өздері мекен ететін тұрғылықты жерлерінің санитарлық жағдайын жақсартуға тигізер ықпалының мол екенін насихаттайтын сенбілік жұмыстарына қатысушылардың қатары күн санап артып келеді. Мұндай қоғамдық жұмыстарға жастармен бірге ауыл ақсақалдары, билері, белсенді азаматтары барынша атсалысып, үрдіске айналдырып та үлгерген дейді, — аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Берік Мамбетов.
Айта кетейік, бұған дейін де аудан көлемінде тазалық жұмыстарын жүйелендіру мақсатында коммуналды сала қызметкерлері мен ауыл билерінің, аудандық полиция бөлімі өкілдерінің қатысуымен бірнеше рет жиындар өткізіліп, түсіндіру жұмыстары жүргізілген.
Одан бөлек аудан аумағындағы көпшілік орындарда тазалық сақтау, санитарлық талаптарды орындауға шақыратын үнпарақшалар ілінген, бейнебақылау камералары орнатылған. Бұл бірінші кезекте қоғамды қоқыстан тазартуға, тұрғындардың мәдениеттілігі мен тазалық шараларын сақтауға жетелейтін оң шешім.
Бұл бағыттағы жұмыстар аудан көлемінде жалғасатын болады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.