2024 жылдың 6 айының қорытындысы бойынша Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуында оң өсім бар. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппараттың апталық мәжілісінде айтылды.
Өңір басшысы аудан, қала әкімдері мен жауапты басқармаларға инвестиция тарту, өндіріс орындарын ашу бағытындағы жұмыстарды жандандыра түсу керектігін ескертті.
– Мемлекет басшысы биыл экономиканың 6% өсімін қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Үкімет тарапынан арнайы жоспар түзіліп, негізгі көрсеткіштер бойынша жоспар айқындалған. Барлық аудан, қала әкімі мен басқарма басшылары өздеріне бекітілген индикаторларды орындауы тиіс. Бұл мәселені екі аптада бір рет тұрақты түрде талқылауды тапсырамын. Жұмысты жандандырыңызыдар. Бір ғана кәсіпорын немесе зауытқа қарап отыра беруге болмайды. Көрсеткіштер төмендеген аудан, қала басшыларының сылтаулары қабылданбайды. Жаңа кәсіпорындар ашу мен инвестиция тарту бағытында жұмысты күшейтіңіздер, – деді Дархан Сатыбалды.
Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қанат Қайыпбек облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы көрсеткіштерінің биылғы жартыжылдық қорытындысын баяндады.
Биылғы І тоқсан қорытындысымен облыстың жалпы өңірлік өнім көлемі 927,6 миллиард теңгені құрап, өсім +3,7% деңгейінде қалыптасты. Ал жоғарыда аталған көрсеткіштер бойынша жедел мәліметтер негізінде өткен жылдың 6 айымен салыстырғанда қысқа мерзімді экономикалық өсім 106,5%-ды құрады. 6% экономикалық өсімді қамтамасыз ету бойынша тиісті салалық басқармалар мен департаменттерден Өңірлік жедел штаб құрылған. Үкіметпен айқындалған 6 ай жоспары бір-екі саладан басқа бағыттарда толық орындалды. Өнеркәсіп өнім көлемі 551,6 млрд. теңгені құрап, өсім 106,8% деңгейінде болды. Өнеркәсіп құрылымында негізгі үлес уран өндірісіне тиесілі. Саладағы өсім тау-кен өндірісінде – 103,1% (Созақ – 123,6%), тамақ өнімдері – 105,3% (Қазығұрт – 127,6%), жеңіл өнеркәсіп – 113,3% (Жетісай – 148,7%), құрылыс заттары – 108,2% (Түркістан – 119,9%), машина жасау – 119,2% (Ордабасы ауыл шаруашылығы тракторын құрастыру – 2 есе), жиһаз өндісінде 2 есе (Түркістан – 2 есе) өсім байқалды.
Құрылыс жұмыстары көлемі 181,1 миллиард теңгеге жетіп, 23,8%-ға артты. Өсім жекеменшік нысандардың құрылыс-монтаждау жұмыстары есебінен тіркеліп отыр (үлесі 99%). Құрылыс жұмыстарының негізгі үлесі Түркістан қаласы (55%) және Созақ (6,4%), Бәйдібек (5,5%) аудандарына тиесілі. Пайдалануға тапсырылған тұрғын үйлер алаңы 20,2%-ға өсіп, 371 мың шаршы метрді құрады. Барлық аудан, қалада оң өсім қалыптасты.
Облыс әкімінің тапсырмасымен тоқсан сайын әлеуметтік-экономикалық даму индикаторлары бойынша рейтингтік бағалау жүргізілуде. Жалпы ІІ тоқсан қорытындысымен 36 индикатордың 32-не қол жеткізілді. Бағалау қорытындысына сәйкес Бәйдібек, Сауран, Шардара аудандары үздіктер қатарынан табылды.
Мәжілісте аудан, қала әкімдеріне және салалық басқарма басшыларына биылға межеленген жоспарға қол жеткізу мақсатында барлық тиісті шараны қабылдау жөнінде нақты тапсырмалар берілді.
Түркістан облысында биылғы 6 айда өзіндік кірістер көлемі ұлғайды
Сонымен қатар 2024 жылдың I жартыжылдығының қорытындысы бойынша Түркістан облысында бюджетке 120,8 миллиард теңге көлемінде салықтар мен басқа да түсімдер түсіп, жоспар 111,1%-ға орындалды. Жоспар 108,7 миллиард теңге болатын. Көрсеткіштің артығымен орындалуы меншік салығынан, заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің мүлкіне салынатын салық, көлік құралдарына салынатын салық, жер салығы, жеке табыс салығынан, азаматтарға пәтер сатудан түсетін түсімдер және өзге де салықтық емес түсімдер есебінен жүзеге асты.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппараттың апталық отырысында кіріс көздерін ұлғайта түсу тапсырмасы берілді. Әсіресе, мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылса да, салықтан жалтарып жүрген білім және өзге де салаларға қатысты мекемелердің қаржылық әрекеттерін зерделеу, тиісті шешім қабылдау мәселесі терең талқыланды. Жауапты басшыларға тапсырмалар берілді.
Алты айда салықтық түсімдер бойынша бюджетке 91,8 миллиард теңге көлемінде түсім түсіп жоспардың 108,8%-ын құрады. Салықтық емес түсімдер бойынша 15,0 миллиард теңге түсім түсіп, жоспардағы 13,0 миллиард теңгеден жоғары болды. Негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдер бойынша 14,0 миллиард теңге түсіп, артығымен орындалды. Негізі қойылған меже 11,3 миллиард теңге болатын. Өңірде кіріс көздерін ұлғайту бағытындағы жұмыстар жалғасады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.