Түркістан облысында алғаш рет мәйіттік донорға ота жасалды

Түркістан облысында алғаш рет мәйіттік донорға ота жасалды. Облыстық клиникалық ауруханасының дәрігерлері жол апатынан кейін медициналық мекемеге ауыр халде жеткізіліп, қайтыс болған 18 жастағы жігіттің ағзасын төрт науқасқа хирургиялық жолмен бөліп берді.

Дәрігерлердің сөзінше, ағзаны алуға арнайы жасақталған екі бригада Алматы мен Астана қаласынан ұшып келген. Мәйіттен алынған бауыр, екі бүйрек пен жүрек және өкпе тізім бойынша трансплантация отасы қажет науқастарға хиругиялық жолмен салынады.

Айта кетейік, мәйіттік донордың ағзасын алуға туыстары заңды түрде рұқсат берген. Республикалық транспланттау орталығының Түркістан облысы бойынша өңірлік үйлестірушісі Әмірхан Сандыбаевтың айтуынша, бұл – өңірдегі тарихи оқиға.

«Түркістан облысы бойынша мәйіттен ағза алу отасы тарихта алғаш рет өтуде. Бір бүйрек облыстық клиникалық аруханада қалады. Жүрегі Шымкенттегі жүрек орталығына жолданады. Бауыры Алматыға, бүйрек пен өкпесі Астана қаласына жіберіледі», — дейді ол.

Атап өтейік, сала мамандарының айтуынша, елімізде трансплантация саласы тұралап қалған. Мыңдаған науқас күту парағында тұрғанымен, жылына саусақпен санарлық қана ота жасалады. Дегенменде, қазір мәйіттік донорлыққа өз келісімін беріп, туыстары да рұқсатын беріп жатады.

Бүгінде ел бойынша, донорды күту парағында 4112 пациент бар. Жылына 300-ге жуық науқас донор таппай, көз жұмады. Трансплантация орталығының дерегінше, «Egov» порталы арқылы тек 6 мыңнан астам адам мәйіттік донор болуға келісімін берген.

Алайда оның бәрі дүниеден озса, донор бола бермейді. Өйткені қолданыстағы заң бойынша, туыстарынан рұқсат алу керек. Ал жақындары мұндай шешімге үзілді-кесілді қарсы болатын жағдайлар жиі кездеседі екен.

«Бүгінгі таңда «Egov» порталында 106 мың халық пікір білдірген. Оның 99 пайызы қарсы болған. 6 мыңнан астам адам келісімін беріп жатыр. Қарсы болып жатқан кісілердің арасында былай қарасақ бүгін былай, ертең басқаша ойлайды. Жеткізу, түсіндіру жұмыстары атқарылып жатыр. Дін жағы болса да, дін бізге қарсы болып жатқан жоқ.» – дейді Транспланттауды үйлестіру орталығының бөлім басшысы Қайрат Иманбаев.

Еске салсақ, өткен жылы «Көзі тірісінде өз келісімін берген адамның ағзасын туыстарынан сұрамай, науқасқа ауыстыру» туралы мәселе көтерілген. Алайда бұған қатысты дау шығып, мәселе аяқсыз қалды. Десе де мамандар мәйіттік донорлықты заңмен шешу жолдарын тағы қарастырмақшы.

Егер адам қайтыс болғаннан кейін донор болса, кем дегенде 4 адам, тіпті 7 адамның өмірін құтқарады. Қазақстанда трансплантация саласы дамымай тұр, өйткені донор жоқ. Салдарынан жылына 300-ден астам адам қайтыс болады.

«2015-2017 жылдары жылына 20 шақты жүрек трансплантациясы жасалса, қазіргі уақытта 97 жүрек трансплантациясы және 18 өкпе трансплантациясы жасалды. Ана мен бала орталығында да балаларға бүйрек пен бауыр трансплантациясы жасалады, балаларға 150 бүйрек трансплантациясы жасалды. Бұл жерде 38 бүйрек — марқұмдардың органы, 100-ден астамы — туыстарының органы. Донорлық ағза мүлдем аз болғандықтан, трансплантация керек науқастарға туыстары органдарын беруге мәжбүр», — дейді UMC медициналық және реттеуші мәселелер департаментінің бас менеджері Сәуле Шайсұлтанова.

Қазақстанда донорлық стационарлар бар. Бірақ мұндай мекемелер туралы халық хабарсыз. Әдетте ауруханада ауырып, көз жұмғандардың бәрін донор жасай бермейді. Бұның да өзіндік заңы, ережесі бар.

«Донорлық стационарлар ықтимал донорларды анықтайды. Ықтимал донор дегеніміз – миы өлген науқастар. Ми өлсе, демек ол адам өлдіге саналады. Олар тек жасанды тыныс салу аппаратына ғана қосылып тұрады. Бұндай адамдар донор бола алады», — дейді Сәуле Шайсұлтанова.

Десе де миы өлгеннің бәрін жаппай донор жасамайды.

«Егер ми өлімі тіркелсе, бір тәуліктен астам өмір сүру белгісін білдірмесе, мидің өлгені туралы шешім комиссия арқылы қабылданады, оны тек бір ғана дәрігер шеше салмайды. Ми өлімі тіркелгеннен кейін ғана марқұмның донор болу, болмауы туралы өтініші регистрден қаралады. Егер марқұмның тірі кезінде донор болуға келісімі немесе бас тартуы болмаса, марқұмның туыстары шақырылып, сол кісілерден рұқсат сұралады. Егер туыстары бас тартса, марқұм донор болмайды, донор процедурасы марқұмның туыстарының арызы негізінде ғана жасалады. Сондай-ақ марқұмның органдары донорлыққа жарамды ма, жарамсыз ба, анықталады», — дейді UMC медициналық және реттеуші мәселелер департаментінің бас менеджері.

Марқұмның донор болуға келісімі болса немесе туыстары келісім берсе, сондай-ақ органдары донор болуға жарамды болса, трансплантация мамандары барып, донорлық органдарды тексереді. Тек содан кейін процедура басталады.

«Донорды анықтау — өте үлкен проблема. Әрине, бұл басқа мемлекетте де бар, бірақ біздің Қазақстанда өте күрделі. Бұл мәселе донорлық стационар басшылғына да байланысты, олар өздерінің бұл мәселеге тікелей қатысы барын, донорды анықтау керегіне мән бермейді. Донорлар туралы ақпарат бермейді. Тағы бір мәселе – халықтың менталитеті мен донорлыққа деген көзқарасы. Бұл ақпаратты қабылдай алмайды. Донор анықталғанның өзінде туыстары бас тартып, түбегейлі қарсы шығады», — дейді Сәуле Шайсұлтанова.

«Egov» порталында донор болуға келісімін берген азамат қайтыс болған соң, туыстарынан да рұқсат алыну керек. Егер туыстары келіспесе, донорлық жүзеге аспайды.

Әрине ауруханаға түсіп, дәм-тұзы таусылып, өмірден озып жататындар көп. Егер сол 40 стационардан ең болмаса 1 науқас донор болуға келісім берсе, күнде 40 трансплантация жасауға болар еді. Күніне бірнеше ондаған адамның өмірін сақтап қалар едік. Бүгінде ел бойынша донорды күту парағында 4 112 пациент бар, яғни 4 мыңнан астам адам өлім мен өмір арасында арпалысып жатыр. Бәрінің арманы – донор табылса екен деген бір үміт.

Дінді айтып, қарсы болатындар да бар. Бірақ донор болу дегенге діни тұрғыдан да рұқсат бар. «Ешбір дін шектеу қоймаған» — дейді дәрігерлер.

Әрбір Қазақстан азаматы тірі кезінде донор бола алады. Бұл жүйе Қазақстанда бірнеше жылдан бері жұмыс істейді. Әрбір азамат электронды қолтаңба арқылы осы жүйеге кіріп, келісім беруге немесе нақты бір органын беруге келісе алады немесе бас тарта алады.

«Азаматтар бұл келісім мен бас тарту туралы шешімін тірі кезінде өзгерте алады. Негізі дәл осы донорлыққа келісу, бас тарту туралы ақпараты бар жүйеге Қазақстан бойынша 2-3 арнайы маман ғана кіре алады. Тек солар ғана ақпаратты тексере алады. Кез келген адам кіріп, кімнің донор болатынын көре алмайды», – дейді Сәуле Шайсұлтанова.

Дәрігерлердің айтуынша, донор болуға қатысты халықтың сауатын арттыру керек.

«Кез келген дәрігер алдына келген науқасты құтқарғысы келеді. Көптеген адамның арасында «егер донор болуға келісіп қойсаңыз, сізді аурудан дәрігерлер құтқармайды» деген қауесет, жалған ақпарат тараған. Бұл шындыққа еш жанаспайды. Қайталап айтамын, кез келген дәрігер алдына келген науқастың амандығын ойлайды», — дейді орталық мамандары.

Донор болғысы келген адам жергілікті емханаға барып, жазбаша түрде арыз жаза алады. Немесе электронды цифплық қолтаңба арқылы «Егов» порталына кіріп, донор болуға келісіп береді. Бұл келісім өмірінің соңына дейін солай қалды дегенді білдірмейді, кез келген уақытта кіріп бас тарта алады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin