Түркістан облысында арендалық үйлердің құрылысы қарқынды

Түркістан облысында тұрғындарды арендалық үймен қамту жұмысы жалғасып жатыр. 2024 жылдың жоспары бойынша облыс көлемінде 2590 пәтерлі арендалық тұрғын үйлерді сатып алуға 47,5 миллиард теңге бөлінген. Бөлінген қаржыға облыс бойынша 191 мың шаршы метрден асатын 247 көпқабатты тұрғын үй сатып алу көзделген.

Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен мәжілісте тұрғын үйлердің құрылыс барысы пысықталып, мәселелер талқыланды. Өңір басшысы жұмысты дұрыс үйлестіре алмаған аудан, қала әкімдері мен басқарма басшыларына және мердігерлерге сын-ескертпе айтып, жұмысты ширатуды тапсырды.

– Үйлердің құрылысы сапалы әрі уақтылы аяқталуы тиіс. Мен жұмыстарды қысқа дейін бітіруді тапсырғанмын. Бюджет қаржысын тиімді игеріп, үйлерді жыл соңына дейін толық тапсырыңыздар. Бұл үйлерді ел күтіп отыр. Талай тұрғын үй кезегінде тұр. Сондықтан жұмысты жауапкершілікпен атқарыңыздар. Үйлердің қасбетін бір үлгіде жасау мәселесі назардан түспеуі тиіс. Абаттандыру жұмыстарын да сапалы орындау қажет, – деді Дархан Сатыбалды.

Түркістан облыстық құрылыс басқармасы басшысының міндетін атқарушы Абай Тұрхановтың айтуынша, бүгінгі таңда 935 пәтер сатып алынған (Жетісай ауданы – 2, Қазығұрт ауданы – 16, Мақтаарал ауданы – 43, Ордабасы ауданы – 12, Созақ ауданы – 24, Шардара ауданы – 24, Кентау қаласы – 30, Түркістан қаласы – 768, Сауран ауданы – 16). Жоспарға сәйкес қараша айында 616 пәтер, ал желтоқсан айында 1039 пәтер сатып алынады деп межеленген болатын. Бұл нысандардың құрылысы қатаң бақылауға алынған.

Құрылыс жұмыстары 12 ауданда (882 пәтер) қарқынды жүргізілуде. Негізгі жұмыстары аяқталып, әрлеу жұмыстары 80% атқарылған. Ал 3 ауданда 4 үйдің (88 пәтер) құрылыс қарқыны төмен. Атап айтқанда, Бәйдібек, Сайрам және Сауран аудандарындағы ғимараттар кестеден кешігіп жатыр. Аталған аудандардың әкімдеріне тиісті сын-ескертпе айтылып, жұмысты ширату тапсырылды. Жұмысшылар саның көбейтіп, құрылысты екі ауысымда ұйымдастыру міндеттелді.

Түркістан қаласында 20 үй, жалпы 1716 пәтердің құрылыс жұмыстары атқарылуда. Оның ішінде 16 үйді (1376 пәтер) жыл соңына дейін сатып алу жоспарланған. Шаһардағы 4 үй (340 пәтер) 2025 жылға өтпелі. Мәжілісте жауапты мердігер мекеме басшыларының да есептері тыңдалып, оларға жұмысты ширату жөнінде тапсырма берілді.

Түркістан облысында халықты баспанамен қамту, арендалық тұрғын үй сатып алу бойынша қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Маңызды мәселе облыс әкімі Дархан Сатыбалдының қатаң бақылауында тұр. Отырар ауданының Шәуілдір ауылындағы Жаңа тұрғын үй алабында жеке инвесторлар есебінен арендалық тұрғын үйлер салынып жатыр. 10 тұрғын үйдің құрылыс барысын бақылауға барған аудан әкімі Қайрат Жолдыбай жауапты мердігерлермен кездесті. Салынып жатқан үйлердің сапасы қатаң бақылауда. Айта кету керек, аталған тұрғын үйлер аудандағы тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға үлестірілетін болады. Қазіргі таңда Отырар ауданы бойынша тұрғын үй кезегіне 2303 азамат тіркелген.

Биыл тұрғындарды баспанамен қамту үшін 2 469 пәтер сатып алуға республикалық және облыс қазынасынан 44,8 миллиард теңге бөлінген. Оның ішінде «Тұрғын үй-моммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында 500-ден астам пәтер сатып алуға қаражат бағытталады. Пәтерлер аудан, қалаларда кезекте тұрғандар санына теңдей бөлінуде. Бағдарлама бойынша тұрғын үйдің 1 шаршы метрін сатып алу құны 300 мың теңгеден асады.

Бекітілген ережеге сәйкес, тұрғын үй құрылысына бөлінетін жер учаскелері аукцион арқылы тұрғын үй мақсатында бөлінеді. Құрылысшы тиісті құжаттар әзірлеп, тұрғын үйді салады. Дайын үйлерді әкімдік мемлекеттік сатып алу конкурсы арқылы сатып алып, кезекте тұрған азаматтарға ұсынады.

Бүгінгі таңда Түркістан қаласындағы 20 көпқабатты тұрғын үйден 1628 пәтер сатып алынған. Аудан, қалалардан 1000-ға жуық баспана сатып алынады. Тағы 2469 пәтер республикалық қазынадан бөлінген қаражатқа сатып алу көзделген. Аудан, қала тарапынан 3 мың пәтердің құрылысы жүріп жатыр. 13 ауданда жоспардан артық 545 пәтер салынып жатыр.

Елімізде тұрғын үй кезегінде тұрған 650 мыңға жуық азаматтың 65 мыңнан астамы Түркістан облысының тұрғындары. Бұл елдегі ең үлкен көрсеткіш. Баспана кезегінде тұрғандардың ішінде көпбалалы отбасылар, әлеуметтік жағынан әлсіз топтағылар, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жандар бар.

Расында да, Түркістан облысының тұрғындарын баспанамен қамту бағытындағы жұмыстар ауқымды екенін байқап отырмыз. Облыс аумағындағы барлық аудандарында «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстары қарқынды атқарылып жатыр. Жаңа ғимараттардың құрылыс барысы облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тікелей бақылауында ұстап отыр.

Облыс көлемінде биыл жалпы 2469 пәтер салу жоспарланған. Атап айтқанда, Қазығұрт және Созақ аудандарында — 36 пәтерлі, Мақтаарал ауданында — 56 пәтерлі, Бәйдібек ауданында — 21 пәтерлі, Жетісай және Сарыағаш аудандарында — 90 пәтерлі, Келес ауданында — 106 пәтерлі, Ордабасы және Шардара аудандарында — 120 пәтерлі, Отырар ауданында — 50 пәтерлі, Сауран ауданында — 64 пәтерлі, Төлеби ауданында — 118 пәтерлі, Түлкібас ауданында — 68 пәтерлі, Сайрам ауданы, Арыс және Кентау қалаларында 60 пәтерлі тұрғын үйлер бой көтеруде. Сонымен қатар облыс орталығында 1 314 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр.

2024 жылдың соңына дейін 221 үйдің құрылысы аяқталып, 2469 пәтер кезекте тұрған азаматтарға пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.

Аталған тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстарының сапалы орындалуы облыстық құрылыс басқармасының мамандарының да тұрақты бақылауына алынған.

Иә, Түркістан облысында құрылыс жұмыстары қарқынды. Әсіресе, баспана мәселесін шешу бағытында ауқымды жұмыс жүруде. Жуырда демалыс күні екеніне қарамастан Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Түркістан қаласындағы 5 қабатты тұрғын үй кешендерінің құрылыс алаңдарын кезекті рет аралады. «Жібек жолы» тұрғын үй кешені мен «Отырар» шағынауданында салынып жатқан үйлердің құрылысын көріп, мердігерлер мен жауапты басшыларға тапсырмалар берді.

– Мердігерлер халық пен мемлекет алдында міндеттеме алған соң өз жұмыстарын жауапкершілікпен атқарулары керек. Жауапты басқармалар мен мекеме басшылары да әр нысанның сапалы салынуын бақылауда ұстасын. Бүгін айтылған кемшіліктер дереу ретке келтіріліп, жұмыс жандансын, – деген Дархан Сатыбалды бірқатар сын-ескертпе айтты. Үйлердің сыртқы бейнесін біркелкі ету, қасбеттеріне мән беруді тапсырды.

«Жібек жолы» тұрғын үй кешенінде жұмыс кестеге сай жүріп жатыр. Мұндағы 20 үйдің құрылысына 6 мердігер тартылған. Құрылыстың жалпы алаңы 20 мың шаршы метрден асады. 1728 пәтердің 1374-і, яғни, 17 үй биыл тапсырылады деп жоспарланған.

«Отырар» шағынауданындағы 5 қабатты үйлердің құрылымы да тұрақты қадағалауда. Мұндағы 20 үйді 7 компания салып жатыр. Облыс орталығы жаңа 800 пәтермен толығады.

Айта кетейік, биыл облыс көлемінде жалпы 114 көпқабатты тұрғын үйді пайдалануға тапсыру жоспарланып отыр. Оның ішінде, 41 үй, 2820 пәтердің құрылысы мемлекеттік бюджет есебінен жүргізіліп жатыр. Ал 73 үй, 3611 пәтер жеке инвесторлар есебінен үйлестірілуде. Облыс бойынша 2023 жылы көпқабатты 87 үй пайдалануға қабылданды. Оның ішінде, мемлекеттік бюджет есебінен 57 үй, 3051 пәтер болса, ал жеке салушылар есебінен 30 үй, 300 пәтер тапсырылған. Жалпы 900 мың мың шаршы метрге жуық тұрғын үй пайдалануға беріліп, 3 мыңға жуық отбасы жаңа пәтерге ие болды. Сонымен қатар 55 тұрғын үй күрделі жөндеуден өткен.

Осы орайда ҚР Ұлттық статистика бюросының мәліметтерін де сөйлете кетсек. 2024 жылғы қаңтар-қарашада орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 10,3% өсіп, 6852,6 миллиард теңгені құрады. Ведомство жариялаған «ҚР әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы» құжатта құрылыстың ең көп көлемі 2024 жылғы қаңтар-қарашада сыртқы құрылымдар (3489,9 миллиард теңге), тұрғын үйге жатпайтын ғимараттар (2196,7 миллиард теңге) және тұрғын ғимараттары (1166 миллиард теңге) бойынша орындалған.

Осы кезеңде 36 455 жаңа ғимараттың құрылысы аяқталды, оның 34 289-ы тұрғын үй және 2166-сы тұрғын үй жатпайтын ғимараттар болып табылады.

Бұл ретте мынандай әлеуметтік-мәдени мақсаттағы объектілер пайдалануға берілді:

  • жалпы білім беретін мектептер — 67;
  • мектепке дейінгі ұйымдар — 22;
  • аурухана — 1;
  • амбулаториялық – емханалық ұйымдар — 36.

2024 жылы пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы алаңы 2023 жылғы қаңтар-қарашамен салыстырғанда 8,3% өсіп, 16317,2 мың шаршы метрді құрады, олардан 10191,3 мың шаршы метр — көп пәтерлі және 5968,9 мың шаршы метр — жеке үйлер. Тұрғын үйлердің едәуір бөлігін – 14913,5 мың шаршы метрді немесе 91,4%-ын жеке құрылыс салушылар, оның ішінде, 6327,2 мың шаршы метрді халыққа пайдалануға берілген.

2024 жылғы қаңтар-қарашада орындалған құрылыс жұмыстарының (қызметтерінің) түрлері бойынша ең көп үлесті тұрғын емес ғимараттар (жалпы көлемге 21,1%) мен автомобиль жолдары (17,9%) және тұрғын үйлердің (14%) құрылысы алады.

Аумақтық бөлінісінде республикамыздың 18 өңірінде құрылыс жұмыстары көлемінің ұлғаюы байқалады.

Едәуір өсім Қызылорда (62%), Қарағанды (40,7%), Жетісу (39,1%), Түркістан 31%), Шығыс Қазақстан (26,6%), Солтүстік Қазақстан (26,2%), Ұлытау (23%), Абай (22,8%), Алматы (20,6%) облыстарында, Шымкент (25,5%) және Астана (25,3%) қалаларында байқалады.

Бұл ретте маңызды мәселеге де назарларыңызды аударсақ. 2024 жылғы 22 қарашада Қазақстан Республикасының Президенті тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша заңға қол қойды. Заң Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында әзірленді. 2020 жылғы төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында Президент Үкіметке «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» негізінде тұрғын үйді есепке алу, кезекке қою және бөлуді орталықтандыру үшін толыққанды даму және қолдау институты – «Отбасы банкін» құруды тапсырған болатын.
Заң жобасы тұрғын үйді есепке алу, кезекке қою және бөлуді жергілікті атқарушы органдардан «Отбасы банкіне» беру мәселесін қарастырады.
Банк базасында тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы құрылады. Ол тұрғын үйі жоқ азаматтарды біріктіретін бірыңғай ақпараттық базаға айналады. Жаңа жүйе мемлекеттік деректер базасымен интеграцияланады.
Есепке қоюдың жаңа тәртібіне сәйкес, соңғы бес жыл ішінде тұрғын үйі жоқ барлық азаматтар кезекке тұра алады. Тұрғын үй жағдайларын жақсартуға бағытталған мемлекеттік қолдау шаралары бір рет қана беріледі. Тұрғын үйді бөлу кезекке қою күні мен азаматтардың кіріс деңгейіне байланысты жүзеге асырылады.
Сонымен қатар, заң жобасында сатып алу құқығынсыз жалдамалы тұрғын үйді жекешелендіру мүмкіндігі қарастырылған. Әсіресе, жалғыз баспанасы апатты деп танылған азаматтарға басымдық беріледі. Жекешелендіру 30% бастапқы жарнаны енгізу және 10 жылға дейін бөліп төлеу арқылы қалдық құны бойынша жүргізіледі.
Отбасы банкіне жаңа функциялар заңды ресми жариялаған күннен алты ай өткен соң беріледі. Осы уақытқа дейін тұрғын үй кезегіне өтінімдерді қабылдау және бөлуді жергілікті атқарушы органдар жалғастырады. Бұл реформа тұрғын үй саясатын әділ және тиімді етіп ұйымдастыруды көздейді.

Жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғын үй-жайларды жекешелендіру құқығы берілді.

«Тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыру мақсатында «Бақытты отбасы», «Шаңырақ» бағдарламалары жұмыс істейді, «Отау» және «Наурыз» жаңа жеңілдікті ипотекалық бағдарламалары іске қосылды, оған жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар қатысады. Тұрғын үй саясатын реформалау туралы заңда жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың тұрғын үйді бірінші кезекте алу құқығы сақталады.

Сондай-ақ оларға және халықтың басқа да әлеуметтік осал топтарына жалдамалы тұрғын үйдің жалпы көлемінің кемінде 70 пайызынын беру көзделген. Сонымен қатар мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғын үй-жайларды жекешелендіру құқығы (2024 жылғы 22 қарашада № 138-VIII қабылданды) берілді», — дейді Премьер-Министр Олжас Бектенов. 

Үкімет басшысының дерегінше, бұдан басқа, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар үшін Астана, Алматы және Шымкент қалаларында кезекке тұрған кезде үш жыл тіркеуде болу жөніндегі қолданыстағы талап жойылды. 

— Биылғы 25 сәуірден бастап «Наурыз» ипотекалық бағдарламасына өтінім қабылдау басталды. Осы бағдарламаға сәйкес халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары, оның ішінде жетім балалар үшін кредит бойынша мөлшерлеме 7 пайызды құрайды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша осы жылдан бастап «Мейірім» қайырымдылық акциясы іске асырылуда. Оның аясында әрбір жетім балаға мамандық таңдауда, жұмысқа орналасуда және тұрғын үймен қамтамасыз етуде көмек көрсететін «патронаттық» ұйым бекітіледі. Осылайша, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың тұрғын үй мәселелерін шешу бойынша жүйелі шаралар қабылдануда, — деді Олжас Бектенов. 

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin