Айталық, осы аптада Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекова тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Кезекті жеке қабылдауға әкім орынбасарлары мен дербес бөлім басшылары қатысты.
Қабылдауға келген азаматтар тұрғын үй мәселесі, үй кезегі, жайылым жер, кәсіпкерлікті дамыту, денсаулық, аялдама қою сынды сауалдар көтерді.
Шаһар басшысы азаматтардың арыз-шағымдары мен ұсыныстарын жеке-жеке тыңдап, айтылған мәселелер тұрақты бақылауда болатынын жеткізді.
Сондай-ақ орынбасары мен бөлім басшыларына әр айтылған мәселелерді зерделеп, заң аясында шешу жолдарын қарастыруды тапсырды.
Сонымен қатар Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев та әр аптаның бейсенбі күні тұрғындарды бірыңғай қабылдауды жүйелі түрде өткізіп келеді. Бұл жолы аудан әкімінің жеке қабылдауына алдын ала жазылған 17 тұрғынның өтініштері қаралды.
Қабылдауға келген тұрғындар тұрғын үй кезегіне қайта тіркеу, көпқабатты тұрғын үйлерді күрделі жөндеу жұмыстары, кәріз жүйесі, кеден бекеті маңындағы заңсыздықтарды жою, коммуналдық-арендалық жатақханадан шығармау, атаулы әлеуметтік көмек тағайындау, қайтарымсыз грант, тегін медициналық көмек алу, тұрғын үй салу үшін жер учаскесін беру, ерекше қажеттілігі бар жасөспірімді үйде оқыту, тұрғын үй беру, таза ауыз сумен қамтамасыз ету, асфальт төсеу мәселелері және табиғи газға қарыз мәселелері бойынша өтініштерін жеткізді.
Аудан басшысы қабылдау барысында тұрғындар көтерген барлық сұрақтарға заңды түрде жеке-жеке жауап беріп, әрбір мәселеге талқылау жасап, шешу жолдарын қарастырды. Сондай-ақ, тұрғындардың мәселелерін бақылауда ұстайтындығын айтып, жауапты дербес бөлім басшылары мен қала, кент және ауылдық округ әкімдеріне тиісті тапсырмалар берді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.