Түркістан облысында ауылдарды интернетпен қамту ауқымы кең

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында маңызды мәселелердің бірі инфрақұрылымды ретке келтіру болатын. Бүгінде Түркістан облысында Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында бірқатар ауқымды істер қолға алынған. Мәселен, жуырда ғана Келес ауданында 11 елді мекен сапалы интернет желісімен қамтылды.

«Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында өткен жылы 10 елді мекенге, атап айтқанда Бесауыл, Бозсу, Ғ.Мұратбаев, Бозай, Байтерек, Бірінші мамыр, Береке, Жиделі, Ынтымақ және Жаңадәуір ауылдарына «Билайн» және «Кселл» байланыс операторларының базалық станциялары орнатылды. Биыл жалпы 16 елді мекенге атап айтқанда, Мақташы, Жаңа қоныс, Жетітөбе, Қаратал, Еңбек, Жаңатіршілік, 28 гвардия, Жиделі, Оңтүстік, Бәйтерек, Жетітөбе, Береке, Керегетас, Ақсу, Біртілек және Амангелді ауылдарына базалық станция орнату жоспарға енгізіліп, қазіргі уақытта 11 ауылда яғни, Керегетас, 28 гвардия, Ақсу, Біртілек, Жиделі, Оңтүстік, Бәйтерек, Жетітөбе, Береке, Қаратал, Амангелді елді мекендеріндегі базалық станция іске қосылды. Қалған 7 ауылдық елді мекеннің базалық станциясының құрылысы 2025 жылға өтпелі.

Қараша айында Түркістан облысының цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Марат Айнабеков Сарыағаш, Келес аудандарына іс-сапармен барды. Алдымен Сарыағаш ауданына қарасты Тың елді мекенінде орнатылған «Билайн» ұялы байланыс операторының орнатқан базалық станциясының жұмысымен танысты. Бүгінде станциядағы интернет желісінің жылдамдығы 106 мбит/с құрайды. Сонымен қатар, аудандағы Сіргелі елді мекенінде «Кселл» ұялы байланыс операторының орнатқан базалық станциясымен танысты. Онда интернет желісінің жылдамдығы 30 мбит/с. Бұдан бөлек, Алғабас елді мекенінде орнатылған «Кселл», «Билайн» байланыс операторларының орнатқан базалық станцияларының жұмысы таныстырылды. Онда интернет желісінің жылдамдығы 100 мбит/с құрайды.

Сонымен қатар, басқарма басшысы Келес ауданына қарасты Абай ауылында орнатылған қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін бейнебақылау камераларын орнату барысымен танысты. Одан бөлек, аудандағы «Кселл» және «Билайн» ұялы байланыс операторларының тарапынан орнатылған базалық станцияларға барып, интернет желісінің жылдамдығының артқанына көз жеткізді. Айта кетейік, өңірдегі аудан-қалаларда жалпы бейнебақылау жүйесін арттыру жұмыстарын жүргізу негізінде биыл 200 дана бейнебақылау камерасын орнату жоспарлауда.

Түркістан облысының аумағында орналасқан елді мекендерді жоғары жылдамдықты үй жағдайындағы интернетпен қамту жұмыстары жүргізіліп келеді. Осы саладағы жұмыстар мен мәселелер облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде де кеңінен талқыланғаны есімізде.

– Біз тұрғындардың өмір сапасын жақсарту және ауылдардың әлеуетін арттыру үшін бар мүмкіндікті қарастыруымыз керек. Әсіресе ауылдық елді мекендерді жоғары жылдамдықты интернетпен қамту қажет. Бұл экономикалық, білім беру, медициналық және ғылыми салалардың дамуына елеулі ықпал етеді деп санаймын. Жаңадан құрылысы жүргізіліп жатқан тұрғын үйлерде байланыс желілерін бірден орнатуды тапсырамын, – деді Дархан Сатыбалды.

Жиын барысында Түркістан облысының цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Марат Айнабеков баяндама жасады. Ол өңірді ғаламтормен қамту бағытындағы жұмыстар мен мәселелерді атап өтті.

Өңірдегі жалпы 807 елді мекеннің қазіргі таңда 415-і жоғары жылдамдықты талшықты-оптикалық байланыс желісімен қамтылған. Оның ішінде 305-і мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасымен жүзеге асты. «Қазақтелеком» тарапынан 177-сіне және «Транстелеком» тарапынан 128-іне оптика жүргізілген. Облыста интернет жылдамдығын арттыру, елді мекендер мен білім ұяларын сапалы ғаламтормен қамту жұмыстары жалғасады.

Иә, Мемлекет басшысы «Қазақстан цифрландыру саласында қол жеткізген жетістіктерін еселей түсуге тиіс» екендігін айтқан болатын. Осыған орай Түркістан облысында цифрландыру саласын дамытып, интернет желілерінің қолжетімділігін арттыру мақсатында қарқынды жұмыстар атқарылуда. Облыстық цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Марат Айнабеков Бәйдібек ауданына да іссапармен барып, базалық станциялардың жай-күйімен танысты.

Басқарма басшысы алдымен Мыңбұлақ, Бестоғай елді мекендеріне барып «Билайн», «Кселл, Актив» операторының базаларын көрді. Бұл жердегі интернет базалары елді мекенді толық қамти алмайды. Сол себепті «Билайн» операторына қосымша базалық станция салу және «Кселл, Актив» операторына байланыс стандартын күшейту тапсырылды.

Іссапар аудан орталығы Шаян ауылына жалғасып, тиісті сала өкілдерімен интернет желілерін дамыту мәселесі талқыланды. «Билайн» операторы тарапынан қосымша станция мұнарасы салынбақ. «Кселл, Актив» операторы қосымша антенна орнатқан. Бүгінде байланыс интернетін қосу жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен қатар, Ағыбет, Алғабас, Боралдай, Екпінді елді мекендерінде «Билайн», «Актив, Кселл» операторларының 4G стандартындағы байланыс пен интернеті қосылды. Ал Алғабас, Жамбыл, Көктерек, Бөген елді мекендеріне қосымша интернет станциясы салынбақ. Боралдай, Ақбастау, Алмалы, Ағыбет ауылдық округтерге талшықты-оптикалық интернет желісін тарту жоспарлануда.

Айта кетейік, Кеңестөбе, Ақбастау, О.Тайманов елді мекендерінде «Актив, Кселл» базалық станциясына техникалық жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қыркүйек айының соңына дейін аяқталады деп жоспарланып отыр.

Түнеугүні Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев ауылдарға интернет тартуға қатысты түсінік берген-ді. Ж.Мәдиев қазір 6 200-ден астам ауыл бар екенін, 3G және 4G байланыс желісі 4 мыңнан астам ауылда қосылғанын айтты. «ADSL» технологиясы бойынша сымды интернет және талшықты-оптикалық желі арқылы интернет 2 мыңға жуық ауылда бар.

«2027 жылға дейін 3 мыңнан астам ауылға оптикалық интернет жеткізіледі. Соның ішінде 1 400-ден астам ауылға мобильді интернет те тартылады. Байланыс операторларының лицензиялық міндеттемелерінде бұл ауылдарды интернетпен қамтамасыз ету ескеріледі», — дейді министр.

Еске салсақ, маусым айында ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Қазақстандағы интернет пен мобилді байланыс сапасын жақсарту мәселелері қаралған болатын. Қазақстан халқын сапалы байланыспен қамтамасыз ету үшін өткен жылы «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы қабылданды. Барлық іс-шараларды орындау нәтижесінде 2027 жылға қарай елді мекендер мен жолдарды байланыс желілерімен қамту 100%-ға жетеді. 

Қазір интернетті пайдаланатын ел халқының үлесі дамыған елдер деңгейінде тұр. 2020 жылға қарағанда трафиктің өсуі 61,5%-ға, абоненттер саны 12,9%-ға өсті. Speedtest Ookla деректеріне сәйкес, Қазақстан орташа интернет жылдамдығымен әлемде 66-орында (43,6 Мбит/с) тұр.

Үкімет отырысында ауылдық елді мекендерде байланыстың қолжетімділігі мәселесі қаралды. Мәселен, бүгінде 6 290 ауылдың 2 606-на оптикалық желі тартылды, мобилді интернет 4 866 елді мекен тұрғындарына қолжетімді. Қолданыстағы салық жеңілдіктері шеңберінде 2023 жылы 1161 ауыл 4G технологиясына қосылған. 

Байланыс операторларының лицензиялық міндеттемелеріне сәйкес 1 076 ауылды интернетпен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Ұлттық жоба аясында МЖӘ тетігі арқылы 3010 ауылда оптикалық байланыс желісін тарту көзделіп отыр. Жобалар қорытындысына сәйкес 2,4 млн адам интернетке қол жеткізеді деп күтілуде. Барлық жобалар байланыс операторларынан 340 млрд теңгеден астам көлемде жеке инвестициялар тартуды көздейді.

Республика бойынша 20 қалада 1 144 5G базалық стаса орнатылған. Астана, Алматы, Шымкент қалаларында және облыс орталықтарында 5G-ді дамыту бойынша жұмыстарды жалғасады. Жалпы, 2027 жылдың соңына дейін байланыс операторларының салаға салатын инвестиция көлемі 450 млрд теңгеден асатын болады.

Үкімет басшысы жылдам интернет – цифрландырудың негізі, ал байланыс қызметтерінің көлемін арттыру экономикалық өсудің маңызды аспектілерінің бірі екенін атап өтті. Осы орайда тұрғындар жылдам, 100 Мбит/секундтан кем болмайтын интернетпен қамтамасыз етілуі қажеттігі, сондай-ақ республикалық және негізгі облыстық жолдарда сапалы ұялы байланыс пен мобилді интернеттің маңыздылығы атап өтілді.

Олжас Бектенов еліміздегі байланыс пен интернеттің сапасына назар аударды. Тек өткен жылдың өзінде байланыс сапасына шамамен 21 мың шағым келіп түсті, биылғы жылғы 5 айда мұндай шағымдар саны 11 мыңға жуықтаған. 

Мәселе тек шалғай елді мекендерде интернеттің нашар болуында ғана емес, ірі қалаларға, сондай-ақ шекара маңындағы пункттерге де әсер етеді. Бұл мәселелерді кідіріссіз шешу және қолданыстағы инфрақұрылымды жаңғырту тапсырылды.

«Операторлардың әдетке айналдырған тарифтер құнын ұлғайту мәселесі жеке назарды талап етеді. Бәсекелестікті дамыту мақсатында байланыс қызметтерінің тарифтерін мемлекеттік реттеу алып тасталғаны белгілі. Бәсекелестік қана бас реттеуші болуға тиіс. Алайда, әзірге бұл байқалмай отыр – операторлардың барлығында бағалар шамамен бірдей. Бұдан басқа, Салық кодексінің шеңберінде операторлар үшін радиожиілікті спектрге 90% мөлшерінде жеңілдік көзделген. Осы ретте операторлар лицензиялық міндеттемелерге сәйкес үнемделген қаражатты байланыс инфрақұрылымын дамытуға инвестициялау тиіс. Сондықтан Министрлік монополияға қарсы органмен бірлесіп операторлардың өз міндеттемелерін толыққанды орындауын және бағалық сөзбайласу мен тарифтердің негізсіз артуына жол бермеуді қамтамасыз етуі қажет», — деді Олжас Бектенов.

Қазақстанда Каспий теңізінің түбімен және еліміздің Батысынан Шығысына дейін талшықты-оптикалық маршрутты жүргізу бойынша ірі жобалар іске асырылуда. Отандық оператор – «Қазақтелеком» АҚ. Жобаны іске асыру Еуропа мен Азия арасындағы деректер транзитінде республиканың үлесін ұлғайтуға, сондай-ақ ірі Big Tech-компанияларды тартуға әрі ұсынылатын контенттің деңгейін арттыруға мүмкіндік береді, бұл өз кезегінде тұтастай алғанда, елімізге мультипликативті әсер ететін болады.

Олжас Бектенов мұндай маңызды жобаларды іске асыру бейінді министрліктің ерекше бақылауында болуға тиіс екенін атап өтті.

Қазақстандағы интернет пен байланыс сапасы мәселесін қарау қорытындысы бойынша Үкімет басшысы мемлекеттік органдарға бірқатар нақты тапсырмалар берді:

Біріншіден, Цифрлық даму министрлігі өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп бастапқы кезеңде үш ай мерзім ішінде облыс орталықтарындағы байланыс сапасы нашар аймақты анықтау бойынша талдау жүргізіп, мобилді байланыс қызметтерінің сапасын арттырудың нақты іс-қимыл жоспарын әзірлеу қажет. Бұдан әрі азаматтардан түскен өтініштерді ескере отырып, аталған жұмысты барлық елді мекендерде жүргізу қажет.

Екіншіден, байланыс операторларының лицензиялық міндеттемелерді орындау мәселесін жүйеге келтіру керек. Цифрлық даму министрлігі байланыс операторларымен бірлесіп жүктелген міндеттемелерге сүйене отырып, екі ай мерзімде жаңа 4G базалық станцияларын орнату, тіркелген интернеттің ескі жабдықтарын ауыстыру жоспарын бекітуі қажет.

Үшіншіден, су тасқыны жағдайы кезеңінде бірқатар өңірлерде электрмен жабдықтау және базалық станциялардың ажыратылу проблемаларына орай байланыс үзілген болатын. Цифрлық даму министрлігі Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп бір ай мерзімде төтенше жағдайлар кезеңінде спутниктік байланыс жүйелерін пайдалану мүмкіндігі мәселесін қарастыруы керек.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin