Бүгін Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлының төрағалығымен агросектордың өзекті мәселелері бойынша тиісті мамандармен мәжіліс өтті. Күн тәртібінде – «күзгі егін оруға дайындық қалай жүріп жатыр, жанар-жағармай жеткілікті ме, суғармалы маусым қалай өтуде?» деген мәселелер мен “Ауыл аманаты” бағдарламасы бойынша несие қаншалықты үйлестірілгені талқыланды.
Ауыл шаруашылығындағы мәселелердің шешімін табуы шаруалардың өмір сүру сапасына ғана емес, сонымен қатар елдің экономикасына да оң ықпал ететінін ұмытпауымыз қажет. Ермек Кенжеханұлы тиісті мамандардың баяндамаларын тыңдай келе, әлеуметтік желідегі жекесінеме келген өтініш, талап-арыздарда айтылған барлық ұсынысты назарға алуды және шаруалардың пікірін ескере отырып, ауыл шаруашылығының жай-күйіне мұқият талдау жүргізу арқылы, негізгі мәселелер ерекше назарда болуын тапсырды.
Ағын су мәселесі бойынша:
Жалпы жағдай тұрақты. «Тұран су» ШЖҚ МКК-ның су нысандары Түркістан, Кентау, Арыс қалалары мен Сайрам, Ордабасы, Отырар, Бәйдібек аудандарын сумен қамтамасыз етіп, жалпы 108 600 гектар суғармалы жерге жоспарлануда. Бөген су қоймасының жалпы сыйымдылығы: 370,0 млн. текше метр, Қосқорған су қоймасы 37,3 млн. текше метрді құрайды. Майдантал су қоймасы — 8,5 млн. текше метр, Ырмақ-өзені су қоймасы 9,2 млн. текше метрді құрайды.
«Тұран су» ШЖҚ МКК-ның негізгі су көздері Арыс, Бөген, Қарашық, Ырмақ және Көк өзендері болып табылады.
Жалпы 803,572 млн. текше метр су босатылды. Оның ішінде егістікке — 518,241 млн. текше метр су босатылып, экологиялық қажеттілікке 285,331 млн. текше метр су тасталды.
«Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Арал-Сырдария бассейндік инспекциясы» 2023 жылға арналған су пайдалануға 747,2 млн. текше метр лимит бөлініп, 2023 жылдың 24 шілдесіне жоспардың 67% пайызы орындалды.
Жанар-жағармай мәселесі бойынша:
Биыл алғаш рет күзгі жиын-терім жұмыстарына жеңілдетілген жанар-жағармайды босату субсидиялаудың ақпараттық жүйесі (gosagro.kz) арқылы жүргізіледі.
Агроқұрылымдардың сұранысына сәйкес, күзгі дала жұмыстарына 33,9 мың тоннаға қажеттілік анықталды. Оның ішінде: шілдеге – 7,4 мың тонна, тамызға – 6,1 мың тонна, қыркүйекке – 7,2 мың тонна, қазанға – 7,4 мың тонна, қарашаға – 5,9 мың тонна.
Жанар-жағармайды босату бағасы нарықтық жағдайға байланысты, ҚР Энергетика министрлігімен тоннасына 284,0 мың теңге болып белгіленді. Осыған байланысты, Қағида талаптарына сәйкес өңірлік таратушы операторларды айқындау жөнінде арнайы комиссия құрылып, 23 оператор бекітілді. Бүгінгі күнге, субсидиялаудың ақпараттық жүйесі (gosagro.kz) арқылы тауар өндірушілер тарапынан өтінім тапсыру жұмыстары жүргізілуде.
“Ауыл аманаты” жобасы бойынша:
Пилоттық жобаны жүзеге асыруға 16 ауданнан 64 ауылдық округ анықталып, 75 кооператив құрылды.
Жобаны қаржыландыруға республикалық бюджеттен 19,8 млрд. теңге қаржы жоспарланып, бүгінгі күнге, 1-транш ретінде 11,0 млрд. теңге қаржы бөлінсе, қосымша 8,8 млрд. теңге қаражат шілде айында күтілуде.
«Түркістан» әлеуметтік кәсіпкерлік корпарациясы» АҚ-на «Ауыл аманаты» жобасы бойынша облыс көлемінде 8,6 млрд. теңгені құрайтын 1 424 жобаға өтініш түсті.
Оның ішінде уәкілетті органмен 1 323 жоба қаралып, жалпы сомасы 5,7 млрд. теңгені құрайтын 1 088 жоба мақұлданды.
1,3 млрд. теңгені құрайтын 263 жоба қаржыландырылып, 235 жоба бағдарламада бектілген ережеге сәйкес келмеуіне байланысты бас тартылды.
Жобаны іске асыру нәтижесінде, 3 200 жоба қаржыландырылып, 3 400-ге жуық жаңа жұмыс орындары ашылады деп күтілуде және атаулы әлеуметтік көмек алатындар саны азайып, тұрғындардың күн көріс деңгейі 1,5 есеге ұлғаяды деп жоспарлануда.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.