Түркістан облысында балық шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлердің қатысуымен республикалық форум өтеді

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды облыс аумағында балық шаруашылығын дамыту және инвестиция тарту бағытында жүйелі жұмыстар атқаруды облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына тапсырған болатын.

Осы орайда басқарма басшысы Қайрат Абдуалиев Алматы облысының Абай, Нарынқол және Еңбекшіқазақ аудандарына арнайы іссапармен барды. Сапар барысында Алматы облысындағы «Балық мектебінің» директоры Марлен Тұрсынәлімен кездесіп, балық өсіру шаруашылықтарымен тәжірбие алмасу бағытында республикалық деңгейде форум өткізу туралы екіжақты келісімге келді.

Соның нәтижесінде Алматы облысының «Балық мектеп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, облыстың тауарлы балық өсірушілері және Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының ұйымдастырумен 14 қазан күні «Балыққа өмір сыйла» атты респубикалық форум Сайрам ауданы Көлкент демалыс орнында өткізілмек.

Форумның мақсаты – еліміздің балық шаруашылығын дамыту, жаңадан балық шаруашылығымен айналысамын деген кәсіпкерлерді ынталандыру және облыстағы әуесқойлық және спорттық мақсаттағы балық аулауды дамыту.

Сонымен қатар, кездесуде балық шаруашылығындағы кәсіби мамандар санын арттыру мен өңірдегі осы саламен айналысатын шаруа қожалықтарының санын көбейту және Түлкібас ауданында орналасқан Састөбе көлі мен Шымкент қаласы аумағында орналасқан Бадам су қоймасына 100 мың дана тұқы шабақтарымен балықтандыру жоспарланып отырғаны айтылды.

Айта кетейік, «Балық мектебін» 2022 жылы Түркістан облысынан 21 түлек, 2023 жылы 33 түлек тәмамдап шыққан. Алдағы уақытта оқушылардың санын жылдан-жылға ұлғайту көзделуде. Бұл бағытта бірлескен жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізілетін болады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында елімізде балық шаруашылығын дамытудың маңыздылығына тоқталып, Үкіметке нақты тапсырма жүктеген еді. Президент тапсырмасына сәйкес, саланы дамытудың 2021-2030 жылға арналған бағдарламасы қабылданып, жүзеге асырыла бастады. Бағдарлама аясында 2030 жылы облыста балық өсіру көлемін 20 мың тоннаға жеткізу межесі тұр. Биыл өңірде 6640 тонна тауарлы балық өндіру көзделіп отыр. Бүгінде аталған жоспарды орындау бағытында нақты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Түркістан облысы тауарлы балық өндіруден республика бойынша көш басында. Балық шаруашылығын дамытуға мемлекеттік қолдаулар көрсетіледі. Мәселен, акваөсіру бойынша 2023 жылға жергілікті бюджеттен 500 млн. теңге бөлініп, бүгінде 31 шаруашылыққа субсидия беріліп, толығымен игерілді. Бұдан бөлек инвестициялық салымдарды субсидиялауға биылғы жылға республикалық бюджеттен 226,2 млн. теңге қарастырылып, тиісті жұмыстар атқарылуда. Облыста балық шаруашылығымен айналысатын 14 кәсіпкер «Түркістан ӘКК» акционерлік қоғамы арқылы 5,4 млрд. теңге көлемінде жеңілдетілген несие алу бойынша құжаттарын өткізген. Оның ішінде, 4 шаруашылыққа 1,6 млрд. теңге несие беру қолдау тапқан.

Облыста жергілікті маңызы бар 104 су айдыны тіркелген. Оның 84 табиғат пайдаланушыларға бекітіліп берілген. Жалпы тауарлы балық өсірумен 130-ға жуық кәсіпкерлік субъектісі айналысады.

Балық өсіру шаруашылықтарының экономикалық тиімділігін жоғарылату – бүгінде еліміздегі өзекті мәселелердің бірі. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, облыста балық шаруашылығын дамыту мақсатында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие мен субсидиялар беру және салаға инвесторлар тарту жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар облыстың аудан, қала әкімдіктерінде балық шаруашылығын дамытудың 2023-2025 жылдарға арналған іс-шара жоспары бекітіліп, 250-ге жуық балық өсіру шаруашылығын ашу жоспарланып отыр. Түркістан облысының су айдындарының орналасуы мен климаттық жағдайлары балық шаруашылығын жүргізу үшін қолайлы өңірлердің бірі болып саналады. 

Түркістан облысы балық шаруашылығын дамытуға мықтап кірісті. Алдағы үш жылда өңірде жаңадан 91 балық шаруашылығын ашу жоспары бар. Биылдың өзінде тауарлы балық өсіретін 30 шаруашылық жұмысын бастап кетті. Енді осы су маржандарын өсірушілерге мемлекеттен қандай көмек бар? Алдағы меже қандай?

Айталық, Сайрам ауданындағы тауарлы балық өсіретін шаруашылық 2017 жылы құрылған. Мұнда шабақ салатын 14, тауарлы балық өсіретін 17 көл бар. Онда негізінен карп тұқымдас; сазан, тұқы, дөңмаңдай, ақамур өсіріледі. Шаруашылық шабақты өздері өндіреді. Уылдырық шығаратын екі цехта жылына 1,5 миллион шабақ өндіріледі. Шаруашылық басшысының айтуынша, оның 600 миллионы өздерінде қалса, қалғанын облыстағы басқа шаруашылықтарға сатады.  

«Тағы да шабақтарды өсіретін бос жерлеріміз бар. Ол жерлерге де жаңадан көлдер ашып жатырмыз. Биыл ерте көктемде судактың тұқымдарында шығардық. Шамамен 200 мыңдай шабақ шығардық. Оны келесі жылы да дамытуға әрекет жасап жатырмыз. Біздер былтыр 650-700 тоннаға дейін балық өндірдік. Биыл мың тоннаға жеткіземіз деп әрекет жасап жатырмыз» — дейді балық шаруашылығының төрағасы Бақытбек Төрегелдиев.

Ал Түлкібас ауданы Құлан су қоймасындағы балық шаруашылығы жұмысын былтыр бастады. Мұнда көлге сазан, ақамур және дөңмаңдайдың 3 млн жуық уылдырығы жіберілген. Ал су бетіндегі тор шарбақтарда форельдің 50 мыңға жуық шабағы өсіп, жетілуде. Шаруашылық басшысы Қайсар Байтілеуов алдағы күзде су айдынынан 150 тоннаға жуық өнім алуды жоспарлап отыр.  Түркістан облысында қолдан жасалған тоғандарды қоспағанда жергілікті маңызы бар 104 су айдыны бар. Онда 156 кәсіпкерлік мекеме тауарлы балық өсірумен айналысады.

«Тауарлы балық өндіру бойынша біздің облыс республикада көшбасшы болып отырмыз. Жұмыстар қарқынды жүріп жатыр. Облыс әкімі тағы да тапсырма берді. Биылға жоспарлаған межеміз 6640 тонна болатын тауарлы балық өндіру бойынша, соны 2024 жылы 10 мың тоннаға жеткізу жүктелді. Соның аясында жұмыс істеп жатырмыз» — дейді Табиғи ресурстар басқармасының бөлім басшысы Данияр Сейітов.

2020 жылы Үкімет бекіткен балық шаруашылығын дамытудың 10 жылдық бағдарламасына сәйкес, өңірде 2030 жылға дейін 20 мың тонна тауарлы балық өндіру жоспарланып отыр. Биыл саланы дамытуға жергілікті бюджеттен 500 млн теңге бөлінді. Екінші жарты жылдыққа да сонша қаржы қаралған. Ал инвестициялық субсидия ретінде республикалық бюджеттен 226 млн теңге бөлінген. Одан бөлек балық жемінің 30%, ал шабағы мен аналығын сатып алуға кеткен шығынның 25%-ін мемлекет өтейді.   

«Өткен жылы мемлекет басшысы балық шаруашылығын дамыту жайында тапсырма берген. Сол бағытта үкіметпен, министрлікпен, жергілікті әкімшіліктермен бірлесіп жүмыс істеп жатырмыз. Кеше Шардара ауданында болдым, ол жерде де осындай тор құрып, табиғат пайдаланушылар жұмыс істеп жатыр. Біз өзіміздің тарапымыздан қолдан келгенше көмектесеміз. Бұл жұмыстар ары қарайда жалғасын табатын болады» — дейді Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының басшысы Фазылбек Нәлібаев.

 Қазір Түркістан облысының Шардара ауданында балықты терең өңдейтін бес зауыт жұмыс істейді. Олар былтыр 5 млрд теңгенің өнімін өндіріп, 80 пайызын экспортқа шығарды. Тапсырыс тек Еуропа елдерінен ғана емес, Америкадан да түскен. Биыл өңір кәсіпкерлері 5 мың тоннаға жуық балық өнімін экспорттауды көздеп отыр.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin